Кино • 08 Сәуір, 2020

«Домбыра» фильмі Испания фестивалінде жүлделі болды

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық бірлестігі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірген «Домбыра» қысқаметражды фильмі Испанияда өткен Short Of The Year қысқаметражды фильмдер байқауының қысқы маусымында қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды.

«Домбыра» фильмі Испания фестивалінде жүлделі болды

Картина желісінде домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірі баяндалады. Картинаның режиссері – Рамазан Қалиолла. Сценарий авторлары – Рамазан Қалиолла, Жанат Жайлыбай.

Short Of The Year фестивалі жылдың әр маусымында шығатын 4 шығарылымнан тұрады (қыс, көктем, жаз және күз). Әр маусымда ұзақтығы 30 минуттан аспайтын 50-ге жуық көркем, анимациялық, деректі, эксперименттік және музыкалық фильмдер бәйгеге түседі.

«Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша фестивальдің «Ең үздік көркем/деректі/анимациялық/эксперименттік /музыкалық қысқаметражды фильм» сияқты ресми номинацияларынан бөлек қатысушылар «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» үшін сынға түседі. Осы жүлдеге ие болған кинотуындылар дүние жүзінде өтетін фестивальдерге тегін жолдама алады.

Кинотуынды өткен жылы Алматыда өткен IV Халықар алық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, «Бродвейдің таңдауы» сыйлығын алған. Сондай-ақ, бұл фильм Нью-Дели қаласында өткен 8-ші Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алып, Sensus ХКФ және 19-шы Kids First байқауына да қатысқан болатын.

 

АЛМАТЫ