Қоғам • 08 Сәуір, 2020

Бірлік пен еңбек қиындықты жеңбек

628 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жетісулық ағайындарды да бейжай қалдырмады.

Бірлік пен еңбек қиындықты жеңбек

Әлемді шарпыған жұқпалы індеттің салмағы біздің елімізге де оңай тимеді. Осы сындарлы шақта Елбасының елге басу айтып, тығырықтан шығар жол көрсетіп, тұтас қазақстандықтарды Мемлекет тізгінін ұстаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты бір кісідей қолдауға шақыруы Алматы облысының ат үстіндегі тұрғындары толқытты десе болғандай. Бүгінде аймақта төтенше жағдай талабына сай індеттің алдын алу мен салдарын жоюға қатысты кешенді жұмыс жүзеге асып жатыр. Мысалға, коронавируспен күресуге жұмылған жетісулық дәрігерлер еңбегін бағалаудың жаңа шарасы жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар коронавирус инфекциясымен күреске тартылған медицина мамандарымен қоса, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне сыйақы беру мәселесін де қарастырады. Осы мақсатта жұмсалатын қаржы көзін есептеу Алматы облысында да жүргізілуде. Өңірдегі  дәрігерлер мен тәртіп сақшыларын қаржылай қолдау үшін облыстық бюджеттен 137 млн теңге бөлінеді.

- Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандардың қасында күні-түні медицина қызметкерлері жүр. Олар өз өмірлеріне қауіп төнсе де, антынан аттамай, сырқаттарды сауықтыру үшін барлық қажыр-қайраттарын жұмсауда. Халық та ақжарма алғысын жеткізіп, дәрігерлерге қолдау көрсетуде. Бұл да бірлік пен берекенің бір көрінісі деп білемін. Елбасы да өз мақаласында кез келген тығырықтан шығудың жолы татулықта жатқандығын, тәуелсіз тарихымыздың әр тармағына зер салсақ ұйымшылдықтың арқасында талай белестерді бағындырғанымызды көрсетті. Ал бүгінгі төтенше жағдайда татулық таразысының теңселмеуі ең алдымен халықтың сабырлығы мен төзімділігіне байланысты болмақ,-дейді Алакөл аудандық орталық ауруханасының директоры Асхат  Бұтабаев.

Сондай-ақ, өңірде көктемгі жала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл ертеңгі күннің қамын күйттеген шаруалардың ерен еңбегінің бір көрінісі. Яғни, Жетісу еңбеккерлері дағдарысты еңсеруге нақты іспен жауап қатып отыр. Әрине, мемлекеттің қолдауымен. Облыста шаруашылықтарды қолдау мақсатында 2011 жылдан бері жалпы саны 45 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Орталықта жыл сайын 850-900 шағын және орта санаттағы  шаруа қожалықтарына қызмет көрсетіп, аудандардағы 28 00 гектар егіс алқабын өңдеуге үлес қосып отыр екен.

- «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей, біз біріксек бағындырмайтын белес пен алынбайтын қамал жоқ. Елбасы елі мен жұртының бүгіні мен келешегін ойлайтын жанашыр азамат екенін бәрімізге белгілі. Ауыл шаруашылығын қолдап, кәсіпкерлерге барлық жағынан жағдай жасады. Біз де Елбасы үндеуіне үн қосып, елімізге қолдан келгенше көмек қолын созудамыз. Біз біргеміз,- дейді Ақсу ауданындағы «Дарина» шаруа қожалығының иесі Бауыржан Баймұханов.

Жетісулықтардың ауыз бірлігін көрсететін бір мысалды «Біз біргеміз» акциясы аясында жасалған қайырымдылық істерінен айтуға болады. Әсіресе, жастардан құралған волонтерлер тобы төтенше жағдайда жұмыс істеуге көшкен болатын. Қазір облыстағы 17 аудан мен 3 қалада қайырымдылық шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жастар бүгінге дейін мыңнан астам арнайы акция ұйымдастырып үлгерген. «Біз біргеміз» акциясы бастау алғалы аймақтағы мыңдаған мұқтаж жанға тегін көмек көрсетілді. Ізгі іске алғашқы болып қолдау білдіргендер қатарында өңір кәсіпкерлерінің үлкен шоғыры тұр. Қазір де олар аз қамтылған отбасыларды азық-түлік тауарларымен тегін қамтамасыз етуде.

- Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Біздің қайсар халық не бір зұлмат заманды бастан өткергенде сынбады, керісінше бірлігі бекемделді, іргесі нығайды, ауырлықты бірге көтерді. «Тар жол тайғақ кешуде» аяғынан табандап тік тұрған ел болса, ол біз едік. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі. Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін, басқа халықтардың рухани қазыналарын бойымызға сіңіру қанша маңызды болса, біздің әрқайсымыз өзіміздің  терең тамырымыз – туған жеріміз туралы есте ұстап, қай елдің азаматтары екенімізге есеп беруіміз қажет. Бұл орайда, бізге үлкен жұмыстар жүктеледі. Оны абыроймен атқару біздің басты міндетіміз, - дейді Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғалиасқар Сарыбаев.

 

Алматы облысы