Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Сарысу ауданы тұрғындарының тілегі орындалуда

484 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеген болатын.

Сарысу ауданы тұрғындарының тілегі орындалуда

Осы мақсатта Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен облыстың барлық аудандарын аралап шығып, түйткілді мәселелерді көзімен көріп, оның шешілуіне ықпал етуді көздеген еді. Облыс басшысының сондай іссапары кезінде аудан тұрғындары тарапынан бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Көтерілген мәселелер бүгінгі таңда қолға алынып, облыстың бас жоспарына енгізілуі қуантарлық жай болып отыр. Сарысу ауданында да жұмыс сапарымен болған Бердібек Сапарбаев мұндағы түйінді мәселелерге көңіл бөліп, бүгінде олардың оң шешілуіне ықпал етіп отыр. Бұл ретте аудан тұрғындары өңір әкіміне ризашылығын білдіруде.

  «Бердібек Мәшбекұлы Сарысу ауданына іссапары кезінде осындағы жұртпен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдаған болатын. Аллаға шүкір дейік, мемлекеттің қарапайым халыққа жасап отырған жағдайы көп. Бірақ соның ішіндегі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе – кезінде толыққанды жұмыс істеп тұрғанда аудан халқының денсаулығына араша болған Саудакент ауылдық ауруханасы 1987 жылы пайдалануға берілгеннен кейін жөндеу көрмеген екен. Бердібек Сапарбаев облысқа әкім болып тағайындалған соң біздің ауданға сапары кезінде осы аурухананың қазіргі пайдаланып отырған бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп, жылу жүйесін жаңарту мәселесін көтерген халықтың үніне құлақ асты. Ауыл тұрғындарының әкімге ризашылығын білдіреді», дейді Саудакент ауылының тұрғыны Орынтай Дүйсенов.

  Ал, жыл санап жаңарып келе жатқан аудан орталығы – Жаңатас қаласы үшін тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселелер қатарында еді. Себебі, жұмыс саны артқан сайын адам саны да көбейіп, тұрғын үй кезегі артуда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларды баспаналы ету – бүгінгі басты мақсат. Осы орайда, жарты ғасырлық тарихы бар қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, оларды пайдалануға беру жылдан-жылға іске асып келе жатқан жүйелі жұмыстардың бірі. Бүгінгі таңда коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде жалпы саны 1586  адам тізімде тұр. Қазіргі кезде аталған мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл Жаңатас қаласының тұрғындары үшін қуанарлық жағдай. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға келген жұмыс сапары кезінде тұрғындар әкімнен қаладағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруға ықпал етуді сұраған болатын. Бердібек Сапарбаев  қала тұрғындарының тілегін тыңдап, мәселені шешу үшін жоспарға қосқан еді. Нәтижесінде биыл қалпына келтірілетін 2 шағын аудандағы 90 пәтерлік 24 және 26 үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Егер екі үй қалпына келтірілсе, кезекте тұрған 180 отбасы баспаналы болады. Жаңатастық тұрғындар облыс әкіміне деген алғысын жеткізуде. «Жаңатас қаласындағы қалпына келтіруге жарайтын үйлер жылдан жылға жергілікті, облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жөнделіп, осындағы кезекте тұрған халыққа берілуде. Бұл жергілікті халыққа үлкен үміт және сенім сыйлайды. Бердібек Сапарбаевтың ақпан айындағы ауданға сапары кезінде мен ол кісіге көпбалалы ана ретінде қаладағы көпқабатты үйлерді жөндеу жұмыстарын жалғастыру туралы ұсыныс білдірген едім. Рахмет, сөзіміз жерде қалмапты. Әкімге алғысымыз шексіз. Биліктің халықпен етене жұмыс жасауы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының салиқалы саясаты деп білеміз», дейді Жаңатас қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсая Есжанова.

 

Жамбыл облысы