04 Қыркүйек, 2013

Ұлт патриоты болу мақтаныш

493 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы №64 мектеп-лицейінде бір топ оқушылармен кездесті. Білім күніне байланысты өткізілген бұл іс-шарада Елбасы оқу бағдарламасына енгізілген «Қазақ елі» пәнінің алғашқы сабағын өткізді. Аталған пәннің маңызын жеткіншектерге жан-жақты түсіндіріп, ел дамуының басым бағыты сапалы біліммен өлшенетінін қадап айтты. Еліміз қолға алып, іске асырып жатқан баянды бағдарламалар мен өркендеу жолындағы маңызды міндеттерді де назардан қағыс қалдырмады. Бүгін, міне, Елбасы сөз еткен мәселелерге ұстаздар мен оқушылар өзіндік үнін қосып отыр.

Гүлнар Парманова,

Шымкент қаласындағы Қазыбек би атындағы №36 орта мектептің мұғалімі

 

Маған ең алдымен,Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың балалармен емен-жарқын сөйлесіп, ашық әңгімеге шақырғаны қатты ұнады. Сол-ақ екен, балалар да ашылып сала берді...Мұғалім үнемі ізденіс, ой үстінде жүретін халық ғой. Өз басым газет, журнал беттерінде жарық көрген жақсы мақалаларды сақтап, ішіндегі ұнаған ойларды, сөздерді қойын дәптеріме түртіп жүретінім бар. Осы жолы да Елбасының айтқан мағыналы сөздерін жазып алдым. «Адамнан барлық нәрсе тартып алынуы мүмкін. Бірақ, білімің мен кәсібің болса, оны сенен ешкім тартып ала алмайды» деп айтқаны жүрегімнің төрінен орын алды. Жалпы Мемлекет басшысы елдің қазіргі жағдайын, алдағы бағытымызды, жүріп өткен жолымызды, әсіресе, жастардың патриот болып өсуі туралы өте керемет, қарапайым ғана тілмен, мысалмен түсінікті қылып айтып берді. Елбасының бұл сөзі, мысалдары әрбір жасқа, бала тәрбиелеп жатқан әрбір ата-анаға, әрбір мұғалімге үлкен ой салып, өмірлік бағыт болатыны ақиқат.

Әйгерім Әбілдаева,

мұғалім,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Түлкібас ауданы.

 

«Отанды сүю – иманнан» деген. Жүрегінде иманы бар адамның ары да таза, қолы да таза, елі мен жері үшін аянбай, адал қызмет етеді. Міне, біз жастарымызды осылай тәрбиелеуіміз керек. Елбасының астаналық жеткіншектермен өткен кездесуінде осы елдік, патриоттық сезім, елдің болашағы мәселелері өте жақсы әңгіме болды. Қазіргі жастардың талабы таудай. Шынында бойда қуат, күш-жігер барда олар тау қопарып, көп тірлік тындырып тастағысы келеді. Ата-ана, мұғалімнің басты міндеті – сол балаларға дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие бере білу. Яғни, қабілетіне қарай мамандық таңдауға жағдай жасауы керек. Әйтпесе, көптеген жастар әр істің басын бір шалып, ары-бері шапқылап жүргенде, біріншіден, алтын уақыттарын өткізіп алады, екіншіден қолынан келмейтін іске килігіп, жігерлерін жасытып алады. Президент бұл кездесуде осы нәрсені дөп басып, балалардың санасына құя білді.

Ажар Боранбаева

Қостанай қалалық білім бөлімінің

мектепке дейінгі сектор әдіскері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесуін жаңалықтардан көргенде елең еткенім рас. Өйткені, өзім әдіскер болғандықтан балаға тәрбие болатын шараның барлығына құлақ тігіп жүретінім бар. Жаңалықтардың артынша Нұрсұлтан Әбішұлының осы кездесуін, анығырақ айтсам, балалар алдындағы Елдік сабағының толық нұсқасын кешкі астың барлығын жинап қойып, теледидар алдында қимылдамай көріп, тыңдадым. Артынша ата-аналар, әріптестерім телефон соғып, хабарласа бастады. Бір қызығы, Елбасының оқушылармен әңгімесін көптеген ата-аналар балаларымен бірге отырып көріпті.

Біздің Президенттің жұртты үйіріп алатын шешендік талантын дүниежүзіндегі саяси қайраткерлер жазып жүр. Мен енді Нұрсұлтан Әбішұлының білімі терең Ұстаз екенін айтқым келеді. Оқушылардың алдында өткен әңгімесінің әр жолы балалардың болашаққа бағдар ететін бағдарламасы тәрізді көрінді маған. Жалпы, жеткіншектердің әрдайым есінде жүретін Отан, Ел, патриотизм, елдің тарихы деген қасиетті сөздерді баланың ұғымына туралап айтып берді. Ал мұндай кездесуді, әсерлі әңгімені төменгі сынып оқушылары ғұмыр бойы ұмытпайды, олардың тез қабылдайтынын білемін. Мен Елбасының №64 мектеп-лицей оқушыларымен өткізген осы сабағын оқу бағдарламасына енгізіп, жыл бойына әр мектептегі сынып сағаттарында балаларға қайталап көрсетуді ұсынар едім.

 

Амангүл Қалдыбаева,

Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев №64 мектеп-лицейінде оқушыларға болашақтың кілті білімде, ғылымда екенін айтып, еліміз келешегінің бұдан да жарқын болатынына нақты деректер келтірді. «Мен еліміздің 2050 жылға дейінгідаму бағдарламасын жарияладым. Ол 37 жылдан кейін болады. Бұл сендердің нағыз кемелдеріңе келіп, жұмыс істейтін шақтарың»,- деп Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға үлкен үміт артатынын аңғартты. Өз елінің патриоты болу үшін, сол қоғамға пайдалы іс тындыру қажеттігін алға тартты. Барлық байлықтың бастауы еңбек арқылы келеді дегенді ұғындырды. Ол үшін терең білім, ұлтжандылық қасиет керек екеніне көңіл аударды. Мұндай шынайы асыл адамзаттық қасиеттердің мектеп пен отбасынан да қаланатыны анық. Биылдан бастап енгізілген «Қазақ елі» пәні бұл бағыттағы сәтті қадам болды.

 

Ерсаид Жүсіпов, Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы №159 орта мектебінің директоры

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейінде оқушыларға оқыған дәрісін «Егемен Қазақстан» газетінен аса үлкен ілтипатпен оқып шықтық. Ерекше атап өтерлігі, бұл оқушылардың өміріндегі ең бір елеулі оқиға ретінде қалмақ. Себебі, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған, дамушы мемлекеттердің қатарына қосып, әлемдік биік державалармен терезесі тең ел еткен Ұлт көшбасшысынан дәріс тыңдау екінің біріне бұйыра бермейді.

Өз дәрісінде Елбасы «Еңбек еткен адам ғана патриот. Жалқаулар патриот бола алмайды. Өйткені, па­триот­ деген ұлы ұғым. Отанды сүю рәміздерден басталады. Мәселен, Мемлекеттік ту. Әлемдік тарихқа қарайтын болсақ, бір тудың астына жиналған әрбір халықтың өз елін қорғағанын немесе елінің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін шайқастарға шыққанын көреміз. Біздің Мемлекеттік туымыздың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың түсінің көгілдірлігі халқымыз алға қойған мақсаттарға жету үшін бірігудің жоғары және игілікті идеясы бар екенін білдіреді. Ал жұлдызды шаңырақ бейнеленген Елтаңба ортақ үйіміздің символын білдіреді-бұл бейбітшілік пен туған жерді қауіп-қатерден қорғаудың ежелгі үлгісі. Патриотизмді ұлтшылдықпен шатастыруға болмайды. Патриот-өз елін сүйетін және өзге мемлекеттерге құрметпен қарайтын адам. Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті тәжірибесі патриотизмнен ұлтшылдыққа өтудің қауіпті екенін, сондай-ақ өзге халықты кемсітпей, өз еліңді сүю қажеттігін нақты көрсетіп берді. Осындай бағдармен өмір сүру қажет» деді Президент. Жас ұрпақты мемлекетін сүюге, құрметтеуге, қажет жағдайда қорғауға үндеген осынау сөздер оларды жігерлендірері хақ.

 

Қанағат Мұқанов, Ақтөбе облысы,

Қурайлы ауылындағы орта мектептің оқушысы

Шыны керек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге барған қатарластарыма қатты қызықтым. Ұлт көшбасшысын бетпе-бет көріп, салиқалы ойларын тыңдау қандай ғанибет десеңізші ?! Терең білімді болу, еңбек ете білуді айта отырып, «Өз еліңді сүй, өзге халықты кемсітпе» дегенінен көп нәрсенің байыбына баруға болады. Өз еліңді сүю деген құрғақ сезім ғана емес, сол жолда өнімді еңбек ету, қоғамға пайдалы іс тындыру екенін де түсіндіре кетті. Сонымен бірге, алға қойған барлық міндетерді орындау үшін білім мен ғылымды дамыту,білікті кадрлар даярлау қажеттігін қаперге алды. «Бұл үшін сендер, ең алдымен, денсаулықтарыңа көңіл бөлулерің қажет. Жақсы денсаулығы бар адам ғана үлкен мақсаттарға жете алады. Ал жақсы денсаулықтың кепілі-спорт. Спортпен айналысу керек. Күнде таңертең белгілі бір жаттығуларды жасап үйрену керек. Өзіңді бір қалыпты ұстап жүру де өнер. Сондықтан білімге, табысқа ұмтылатын адам осыны ұмытпасын», -деп Елбасы оқушыларға жігер берді. Бұл бізге үлкен ұлағат, әрине.

 

 

Айнагүл Нұрмұхамбетова,

Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған М. Арын атындағы №24 арнаулы лицейінің оқушысы.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы №64 мектеп-лицейінде дарынды оқушыларға оқыған дәрісін теледидардан тыңдап, газеттерден оқыдым. Негізі, ел жасампаздығын арттыру перзенттік парызымыз. Ол үшін біз сапалы білім алуға ұмтылуымыз тиіс. Сапалы білім ғана тығырықтан алып шығады. Мәселен, еліміз Кеңес Одағынан бөлініп шыққанда, жағдайымыз мүшкіл болған еді. Экономикаға нақты сараптама жасай білген мамандарымыз сол қиындықтарды жеңуге ықпал етті. Соның нәтижесінде барлық сала бойына қан жүгірді. Ал қазір бізге қолда бар байлықты тиімді игеру міндеті тұр. Дегенмен, оны орынсыз пайдалансаң, таусылатын кезеңі де жетеді. Сондықтан да баламалы қуат көздерің қазірден бастап өндеуді сәтті жүзеге асыру қажет. Ал Елбасы оны кәдеге жарату үшін жоғары технологияларды пайдалану қажеттігін атап өтті. Біз енді білім мен ғылымды ұштастырғанымыз жөн.

 

Ерболат Бақыт,

оқушы,

Маңғыстау облысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа оқу жылы басталысымен мектеп оқушыларының арасына арнайы келгендігі қандай әсерлі! Бұл білім беру саласына, ұстаздар мен оқушыларға ұдайы назар аударып, көңіл бөліп отыратындығының дәлелі.

«Қазақ елі» пәнінің енгізілуі өте дұрыс. Себебі, әркім өз елінің тарихын, мәдениетін, кешегісін танып-сезіну арқылы ғана патриоттық сезімді қалыптастыра алады, Отанды сүю қажеттігін ұғынады. Әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазымның «Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі бар» деп айтқаны есімде. Олай болса, біз де бабалардың дәстүрін жалғастыруға, келешек тарихты болашақ ұрпақ ұялмайтындай етіп орнықтыруға тиістіміз. Жалпы Президент оқушылар ұғымына сәйкес сөз саптады. Тәуелсіз Қазақстанның үздік елу елдің қатарына енуін, бірақ оған тұрақтап қалмай алға ұмтылуын әсерлене тыңдадым. «Өзге елдер бізге ескі-құсқысын беретіні белгілі» деген сөзден, біздің еліміздің, әсіресе жас ұрпақтың алдында көп жұмыстар, міндеттер тұрғандығын аңғардым. Сондай-ақ, кездесуде жаңа технологияларды меңгеру, жаңа экономикалық жағдайда өмір сүру, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Қазақстанға берері секілді ауқымды мәселелермен қатар, компьютерде ұзақ отырудың апарып соқтыруы мүмкін келеңсіздіктері де ашып айтылды.