Елорда • 09 Сәуір, 2020

Жаңа аурухана 12 күнде салынады

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемді шарпыған індет іргемізге із салғалы төтенше жағдай енгізіліп, бірнеше қалада карантин жарияланып, жан-жақты сақтық шаралары жалғасуда. Қамсыз жүріп, қайғыға батқан мемлекеттердің қадамын қайталамау үшін Үкімет тарапынан үздіксіз ескертулер айтылып жатқаны жасырын емес. Ауырғандардың саны жеті жүзден асса да алаңсыз жүргендер әлі де бар.

Жаңа аурухана 12 күнде салынады

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ

Қытайда жаңа типті коронавирусты жұқтырған нау­қас­тар­дың алғашқы легі анық­тала бас­тағанда Ухань қаласында бір апта­ның ішінде емдеу мекемесі салы­нады деген ақпаратты бар­лы­ғымыз оқып бас шайқаған едік. Әрине әлеуеті әлемді мо­йын­­датқан Қытай үшін бұл жаңа­лық емес. Індеттің ізін кесіп, ауыр­ғандардың ахуалын ойлап, дене­сіндегі дертті дер кезінде құ­рықтау үшін енді еліміздің үш қаласында да жедел түрде ме­ди­циналық мекеме салынбақ. Міне, сәрсенбінің сәтінде бір топ елордалық тілшілер аурухана құрылысымен танысып қайтты.

Таңмен таласа жеткенде құ­ры­лыс алаңында жұмыс қауырт еке­нін бірден байқадық. Басшысы да, басқасы да бәрі осында. Ауа райының салқындығына қа­ра­май, жұмысқа қызу кіріскен құ­рылысшылар ауқымды ауру­ха­на­ның тезірек біткенін тілеп, сы­р­қаттанғандардың сынағы же­ңілдесе дейді. Үкімет меди­ци­­налық мекемелерді қысқа мер­­зімде салып, іске қосуды BI Group холдингіне тапсырған екен. Қазақстанның жылжымай­тын мүлік нарығында жиырма жылдан астам тәжірибесі бар көшбасшы компания үміт үдесінен шығатынына сенім бар. Аталған холдингтің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев елордадағы емдеу мекемесінің құрылысын 12 күнде бітіруді жос­пар­ла­ған­да­рын жеткізді.

«Біз 5 сәуірде 200 төсек-орын­дық аурухананың құрылысын бас­тадық, іргетасына 2 мың текше метр бетон құйдық. Кеше желі­лік байланыс, темірбетон блок­тарын монтаждау және басқа да жұмыстар басталды. Біздің көптеген бөлімшеміз бен мердігерлерден құралған 500 адам­нан тұратын команда үш ауысымда, яғни тәулік бойы жұмыс істеуде. Аурухана уақытша емес, темірбетон бұ­йым­­дарынан орнатылып, сол­түс­тіктің клима­ты үшін шыдамды, кем деген­де 50 жыл бойы үз­діксіз жұмыс істейді деп айта ала­мыз. Аталған құрылысты
12 күнде бітіруді жоспарлап отырмыз. Дәрігерлер мен аурухана қызметкерлерінен қалыспай, біз де күні-түні жұмыстамыз. Алда сынақ көп болғанымен, алған бетімізден қайтпаймыз», дейді А.Рақымбаев.

Сонымен қатар компания өкіл­дері бұл құрылыс жо­басынан холдинг бір тиын пайда көр­мей­тінін айтты.

4

Бұл маңызды жоба тура­лы шешімді Президент жанын­дағы Төтенше жағдай режі­мін қамтамасыз ету жөніндегі мем­ле­­кет­тік комиссия қабылдаған. Жаңа нысандар дәрігерлердің ре­зер­втік мүмкіндіктерін кеңей­тіп, нау­қас­тар­ға уақтылы көмек көрсетуге кепілдік береді. Басқа елдердегі жедел салынатын ауруханаларға қарағанда, еліміздегі үш мекеме ұзақ жұмыс мерзіміне жоспарланған. Аталған ауруханалар індеттен кейін қарапайым медициналық мекеме ретінде жұмысын жалғастырады. Елорда­да­ғы инфекциялық аурухана 200 орынды (реанимациядағы 20 орынды қосқанда) қамтиды деп жоспарланып отыр. Алма­ты­­дағы нысан 280 орынға есеп­тел­­се, Шымкенттегі аурухана 200 науқасты қабылдай алатын болады. Емдеу мекемесінің сыйымдылығы қажет болған жағдайда екі еселенуі мүмкін. Ауруханаларда карантин, қар­қын­ды терапия, реанимация ай­мақ­тары қарастырылған. Олар био­химиялық зертханалармен, рентген кабинеттерімен және ком­пьютерлік томографиямен жаб­дықталады. Оған қоса, аурухана палаталарындағы қалыпты қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесінің орнатылуы өте маңызды. Бұл медицина қызметкерлеріне төндіретін қауіпті сейілтуге мүмкіндік бере­ді.

Елордадағы нысанның жер жұмыстары алдын ала жүргізіліп, құрылыс 5 сәуірде басталғанын айттық. Қазіргі уақытта ин­женер­лік желілерді монтаждау жұмыстары аяқталып, не­міс технологиясы бойынша MODEX зауытында жасалған мо­дуль­дік темірбетон блоктар ор­натылуда. Еліміздің басқа қала­ларында да дайындық қызу жүргізілуде. Алматы қаласында құрылыс бүгін басталады. Ал Шымкентте жоба параметрлерін түзету жұмыстары жасалуда. Компания қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, әкімдіктер мен мемлекеттік органдар құрылысқа арналған құжаттаманы да­йын­дап, өз кезегінде жоба үшін қа­жетті қолдауды көрсетуде. Со­нымен қатар карантин жағ­дай­ында құрылысшыларды, техниканы және қажетті жүк­тер­ді жеткізу мен олардың еш ке­дергісіз жұмыс істеуі үшін то­лық медициналық бақылау жүр­гі­зіліп, «жасыл дәліздермен» қам­тамасыз етілген.