05 Қыркүйек, 2013

Махамбет: белгілі, беймәлім беттер

4316 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүгінгі ұрпағымыз алған азат­тық, еліміз ие болған егемендік – хал­қы­мыз­дың сан ғасырлар бойғы ежелгі арма­ны. Оның жолында халықтың қан­шама қаһарман ұлы қанын төкті, жанын қиды. Бодандықтан құтылу, бостандықтың туын тігу жолындағы халықтық қозғалыстар тарихында 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің өзіндік орнын, мәнін жоймайтын маңызы бар. Иса­тай Тайманов сол көтерілістің ұйым­дастырушысы болса, Махамбет Өте­місов отты жырларымен, өршіл күй­лерімен Алашты ерлікке үндеген ұраншысы.

Бүгінгі ұрпағымыз алған азат­тық, еліміз ие болған егемендік – хал­қы­мыз­дың сан ғасырлар бойғы ежелгі арма­ны. Оның жолында халықтың қан­шама қаһарман ұлы қанын төкті, жанын қиды. Бодандықтан құтылу, бостандықтың туын тігу жолындағы халықтық қозғалыстар тарихында 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің өзіндік орнын, мәнін жоймайтын маңызы бар. Иса­тай Тайманов сол көтерілістің ұйым­дастырушысы болса, Махамбет Өте­місов отты жырларымен, өршіл күй­лерімен Алашты ерлікке үндеген ұраншысы.

Өтемістің ұлы Махамбет батырдың атасы Құлмәлі әрі би, әрі батыр, суы­рыпсалма шешен болса, әкесі Өте­міс те Бөкей дәуіріндегі беделді би­лер­дің қатарында саналған. Осындай тек­тілер тұқымынан шыққан Махамбет те он жасынан өлең шығарып, тура­шыл­ды­ғымен, аузын ашса отты жыр ақта­рылар ақберен ақындығымен, ерен ержүректігімен ерекшеленген. Әлеуметтік әділетсіздікке төзбей, халықты теңдікке, өз билігін өзі алуға үндеп, көпті маңына топтастыра отырып, күреске шақырған дарынды қасиет иесі ретінде Махамбет бүкіл қазақтың ардақ тұтар арқалы да аруақты, айбынды да азатшыл арысына айналды.

Махамбеттің бойындағы небір асыл қасиеттерді көре білген Жәңгір хан оны өз баласы Зұлқарнайынның тәрбиешісі, әрі сарай ақыны ретінде пайдалануды көздегені тарихтан белгілі. Бірақ ақын хан сарайында ұзақ тұра алмады. Халықтың қан жылаған ауыр тұрмысын өз көзімен көрген от ауызды, орақ тілді Махамбет пен хан арасы бірте-бірте ашылып, ақыры ақынның Исатай Тайманов қатарынан біржола орын алуына жеткізді.

Махамбет сынды дауылпаз ақынның отты жырларын қилы заманның қиын-қыстау өткелдерінен өткізіп, бұл дәуірге жеткізген мәңгі өшпес ерліктің иесі – Халел Досмұхамедұлы. Махамбеттің бірен-саран өлеңі қазан төңкерісіне дейін «Мұрат ақынның Ғұмарқазы оғылына айтқаны» (Қазан,1908ж.), «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары, жиюы Ғабдолла Маштах» (бөкейлік) (Орынбор, 1912ж.) секілді кітаптарда жарияланған екен. Ал ел арасында белгілі ақындар аузындағы Махамбет жырларын хатқа түсіріп, жүйелеуші, жинап бастырушы – профессор Халел Досмұхамедұлы. Оны біз Х.Досмұхамедұлының Ташкентте 1925 жылы шыққан «Махамбет жырларының тұңғыш басылымы» деген ескертпесі бар «Исатай-Махамбет» жинағы 1991 жылы баспадан қайта шыққанда білдік. Кітапта Исатай-Махамбет бастаған бас көтерудің ащы шындығы, оның отаршылдық бұғауына шыдамай толқыған халықтың, ұлттың көтерілісі екені ашық айтылған. «Исатайдың көтерілісі халықтың көзін ашып, патша өкіметін танытты, патша өкіметіне сүйенген хандардың, сұлтандардың қазаққа нағыз дұшпан екенін ашық көрсетті», деп жазады Халел Досмұхамедұлы. Сондай-ақ, ақын өлеңдерін ауызекі жеткізуде Махамбет қаза тапқанда үш жастағы Қараойдан күндік жердегі ауылда өскен құйма құлақ, төкпе жырау Мұрат Мөңкеұлының, Ығылман Шөрековтің де еңбегі зор.

Біз осы жолдарды жаза отырып, Махамбет жайлы жазылған талай-талай поэзиялық, прозалық, драмалық шығармаларды былай қойғанда әрісі Халел Досмұхамедұлының, берісі Әбіш Кекілбайұлының «Шандоз», Әнес Сарай­дың «Исатай мен Махамбет» кітап­тарындағы жазылған деректі, дәйек­ті жайларды қайталауды да, жаң­ғы­р­туды да мақсат тұтқан жоқпыз. Соң­ғы­сы біздің қолдан келмесін де жасыр­маймыз.

Біздің айтпағымыз «...Еділ менен Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден, онан да талып өткен ер...», ақберен ақын­дықтың, ерен ерлік пен кемел кісіліктің үлгісін көрсеткен Махам­беттің исі қазақ үшін ортақ болумен қа­тар индерліктерге етене жақындығын да көрсету.

Ақын Махамбеттің талай-талай ақиық асқақ жырлары осы өңірде өмірге келіп, күйші, композитор Махамбеттің күйлері күмбірледі, батыр Махамбет тұлпарының тұяқ ізі қалды. Ол ол ма, мәңгілікке өзі қалды осында. Махаң бейітінің басында тұрып, ақын Берқайыр Аманшин «анау күн, мынау ауа сен демалған, бүгінде аймалады бізді беттен» деп айтқанындай, осынау бетегелі, жусанды жазық, шежіре дала, анау күн соның бәрін көріп қалды.

Иә, көріп қалды. Олар сонау 1846 жылдың сұрғылт күзіндегі сұрқай оқиғаны біледі. Сол бір күні Қараой аспанын қара бұлт қаптап, қара құзғын қалықтады, қатыгез қарақшы қолын қанға малды. Дәл осында, өз отының басында қас дұшпаны бабаның басын шапты. «Жайықтың бойы көк шалғын, Күзерміз де жайлармыз, Күмісті сынды күреңді, Күдірейтіп күнде байлармыз...» деп алдына мақсат қойған Махамбет дегеніне жете алмады. «Айналайын Ақжайық, ат салмай өтер күн қайда...» деп арманда кетті.

Бабаның осыдан кейінгі екінші өмірі ауданмен тікелей байланысты. Өйткені, Махаңның қаны тамған, оны мәңгілікке қойнына алып жатқан Қараой жазығы Индер ауданының аумағында, оның орталығы – Индербор кентінің шығысында қырық бес шақырым жерде. Сондықтан аудан жұртшылығы Махамбет есімін ерекше қастерлейді, оның шығармашылығын насихаттауды одан әрі жетілдіре түсуді абзал да абыройлы борыш санайды.

Ендігі әңгіме бабаның жерленген жері жөнінде. Осыған байланысты ұзақ жыл аудандық партия комитетінің аппаратында жұмыс істеген Жексен Бахитовтың аудандық «Дендер» газетінің 1995 жылғы 29 қыркүйектегі нө­мірінде «Баба қабірі қалай табыл­ды», деген көлемді мақаласы шықты. Ақтөбе қаласында болған онкүндік семинардан келіп, әдеттегідей аупарткомның бірінші хатшысы Жұмаш Өтеғалиевке кірсем, амандық-саулықтан кейін: «Махамбеттің бейіті табылатын болды, естідің бе?» деді. Содан кейін хатшы мән-жайды түгел баяндайды.

1913 жылы Қарабау ауылынан келе жатып, әкесі алты жасар Құрақ атты балаға «күндердің күнінде керек болар» деп Махамбеттің бейітін көрсетіп, құран оқып, дұға етіп, белгі үшін бас жағына қамшының сабын тығып кетеді. Осы жайды Құрақ Бектұрғанов Кулагино (қазір Есбол) селосында тұратын ертеден білетін, жолы түскенде қатынасып, қалдесіп тұратын руласы Құспан Есбосыновтың үйінде отырып әңгімелейді. Бұл хабардың құндылығын жете түсінген, оның ешкімді бейжай қалдырмасын жақсы білген Құспан аудан басшылығын хабардар етеді.

Республиканың батыс өңірін аралап жүрген ғалым Қажым Жұмалиев пен ақын Тайыр Жароков Қ.Бектұрғановтың хабарын газет арқылы біліп, облыс басшылығына ұсыныс жасапты. Содан кейін қолға алынып, 1959 жылдың күзінде Махамбет бейітіне ескерткіш белгі қойылды. Махамбеттің суреті салынып, бір шумақ өлеңі жазылған ескерткіш-белгіні (суретте) қолы шебер қарапайым құрылысшы жігіт А.Новиков жасады. Белгіні қысқа мер­зімде жасап, орнына қою сияқты аса маңызды қызметті ауаткомның төр­ағасы Зинолла Ғұмаров бастаған Дошу Шененов, Ғилымғали Сайханов, Аташ До­салиев, Өтеп Құсниденов сынды бас­шы азаматтар мұқият атқаруға атсалыс­қан.

Құрақ Бектұрғановтың айтқанды ұмытпайтын, көргенді айнытпайтын зеректігі, зерделілігі үшін жұртшылық мың алғыс сезімін білдіреді. Дегенмен, ол бейітті тауып, әкесі қойған белгіні танығанымен «дәл сол жерде Махамбет сүйегі жатыр ма екен», деген дүдәмал ой кейбіреулердің көңілінде жүргені жасырын еместі. Сөйтіп, бұл жайды анықтау да қолға алынды.

Жексен Бахитов жоғарыда кел­ті­ріл­ген «Баба қабірі қалай табылды?» деген мақаласында бұған кеңінен тоқталған.

«1966 жылдың жаз айы. Аупарт­ком­ның бірінші хатшысы Жәрдем Кен­жетаевтың кабинетінде бөгде екі адам отырды, – деп жазады ол. – Хат­шы маған оларды таныстырды. «Ма­хам­бет бейітін қазуға барасыңдар, бір жеңіл машина тап, кісілерді ірікте. Орын­далуын маған айт», – деді. Сонда Ноэль Шаяхметов «Обстоятельство гибели Махамбета Утемисова» деген құжатты дауыстап оқып берді. Қазғанда сүйектің Махамбеттікі ме, әлде, басқанікі ме, бірден танылатын болды. Бас сүйектің қалай шабылғаны, бастың өзінде қылыштың неше таңбасы барлығы, көлемі қандай – бәрі айтылған.

Одан әрі ол өзімен бірге бейітті қазуға ауатком төрағасының орынбасары Қайырғали Төленбаев, ке­ніш­тің партком хатшысы Хамит Нұр­манов, облыстық мұражай директоры С.Бисеновтің қатысқанын, жалпы бас­шылықты антрополог ғалым Ноэль Шаяхметов жасағанын, тіпті топырақты аршудың көбін өзі атқарғанын жазады.

– Сөйтіп, қазуға кірісіп кеттік, – дейді Жексен Бахитов одан әрі – көңіл қо­бал­жулы. – Қабір құбыладан гөрі түс­тікке қарай бағыт алып қазылған деуге боларлық. Бұл бір жақсы нышан болды. Бұл арада бұрын бейіт болмаған. Қаза тапқан ақынды інісі мен әйелі асығыс көмгенде, қазанның жиырмаларында күн қысқарып, қараңғы лық түсе бастаған кезде құбыланы осылай бағдарлағандық деп ойладық. Азғантай уақыттан соң, ойып жасалған сықырлауықтың бөлегі шықты. Бұл бізді тіптен қуантты. Базаршыларды аз жүкпен күтіп қалған жалғыз үйде жандаманың бетін жабатын қарағай таптыра ма, оны сықырлауықпен жап­қан деп топшыладық. Енді сәлден кейін күрек қатты нәрсеге шық ете тиді. Н.Шаяхметов өзі қазып, бас­ты шығарып алды. Бас кеуденің ор­та тұсында, етбетінен аяқ жағына қа­рап жатыр екен. Құжатта айтылған таң­баның бәрі бар. Сүйек түгел қазып алын­ды. Н.Шаяхметов асықпай түгел жи­нап, сүртіп әбден тазалап, қағаз жә­шік­ке салды.

Қабірді ашуды дәлірек жазып отырғаным, бұл өте маңызды жұмыс деп ойлаймын. Атақты адамның сүйегін 120 жылдан кейін ашып көру, болған қайғылы оқиғаның ізін бағдарлау, ал көргенді дәл сол күйінде айтып беру бүгінгі күні баршаға керек, деп ұқтым.

Сөйтіп, антрополог ғалым сүйекті Алматыға алып кетті. Герасимов әді­сі­мен оның Махамбет Өтемісұлының сүйегі екені дәлелденгені туралы хабар да жетіп жатты. Бірақ, сүйек орнына әкеліне қоймады. Жоғары билікте Ма­хамбетті қайта жерлеуге байланысты әртүрлі ұсыныс айтылып, бір тоқтамға келгенше, он жеті жыл өтіп, ақырында бұрынғы орнына жерлеу жөн делінген.

Махамбет Өтемісұлын Қараойдағы орнына қайта жерлеу 1983 жылы 15 ма­мырда жүзеге асты. Шараға ауданның барлық елді мекендерінен, еңбек ұжымдарынан, мекемелер мен мектептерден, көршілес облыс пен аудандардан көп адам қатынасып, ақын өмірі жайлы баяндама оқылып, оннан астам киіз үй тігіліп, қазан көтерілді, ас берілді, концерт қойылды.

Сонда ақын есімін ұлықтау, шы­ғар­машылығын насихаттау бағытында тұрақты шаралар өткізу жөнінде келісілді. Соған сәйкес жылма-жыл 15 мамырда Махамбет поэзиясының күні өткізілетін болды. Аудандық мұражайда ақынға арналып бұрыш ашылды. Батыр есіміндегі жүлде үшін жасөспірімдер арасында еркін күрестен қалааралық жарыс өткізу өмірге енді. Аудандық газет редакциясындағы әдеби бірлестікке ақын есімі беріліп, «Дендер» газетінде жарияланған жылдың ең үздік материалдарына Махамбет атындағы сыйлық берілетін болды. Махамбет күйлерін үйреніп, облыс сахнасына ең бірінші шығарған да индерлік өнерпаздар. Ауданда Махамбет есімінде мектеп, Индерборда үлкен көше бар. 1995 жылы Маңғыстаудың ұлутасынан Қараойда Махамбеттің биіктігі 12 метрлік мазары тұрғызылды.

М.Өтемісұлы поэзиясының күнінде оның жырлары жатқа айтылады, жергілікті талапкерлердің Махамбетке арнаған өлеңдері оқылады. Шара Қараойға келіп, баба рухына арнап дұға оқып, тағзым етуден басталады. 1986 жылы кезекті Махамбет поэзиясының күнінде Нұрғиса Тілендиев бастаған «Отырар сазы» оркестрі қатысып, ашық аспан астында, кең дала төсінде көрген, естіген адамның есінен кетпес­тей тамаша концерт берген. Әсіресе, Нұрғисаның «Махамбет» күйі ерекше шабытпен орындалып еді.

ХХ ғасырда Ма­хам­бетке көп көңіл бөлінбеді десек, құ­лаққа жағымсыздау естілгенімен асы­ра айтқандық болмайды. Ақын, ба­тыр, күйші ретінде танылған М.Өте­міс­ұлының бірде-бір рет мерейтойы республикалық деңгейде атап өтілмесе, олай демеске амал қайсы. Жалпы, Махамбет сынды тарихи тұлғаға байланысты шараларды бір ғана ауданның еншісіне қалдырып қою жөн емес де­мекпіз. Қысқа жіптің күрмеуге кел­меуінен Қараойда келіп-кетушілер үшін үй тұрғызу, батыр құдығын жабдықтау, Индербор мен Қараой арасындағы жолды қалыпқа келтіру, оның өн бойына ақын өлеңдерін тасқа ойып жазып, қондыру сияқты, тәп-тәуір шаралар жоспарланғанымен жүзеге аспастан қалды.

Махамбет Өтемісұлы – халықтың азат­тығы мен теңдігі жолында қы­лыш­тың ұшымен де, азаткер, асқақ жырының күшімен де қызмет еткен қайраткер. Өзі арман еткен ақ жолда қанын төгіп, жанын пида еткен халқымыздың біртуар арыстай ұлы, ақберен ақыны, ержүрек батыры Махамбетке қандай құрмет көрсетсек те көптік етпес еді. 2003 жылы ақынның 200 жылдығы мемлекет пен қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылардың Қараойдағы шараға белсенді қатысуымен әсерлі, мазмұнды өтті. Ақынның 210 жылдығына орай байытылса, көлемі кеңейтіле түссе, Абайы ортақ, Жамбылы ортақ қазақтың Махамбеті де ортақ екені іс жүзінде дәлелдене түссе деген тілек көпшілік назарына ұсынғандағы мақсаттың негізгі тіні. Бұған байланысты қолында билігі, қоржынында қаржысы барлар бірлесе қолдап, қоғамдаса қолға алса деген тілек бар. Бір кезде құрылды деген Махамбет қорынан да хабар-ошар жоқ болып кетті.

Тағы бір жайды қаперге бергенді жөн көріп отырмыз. Белгілі жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин басқарған редакциялық алқа шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жин