Қазақстан • 09 Сәуір, 2020

Коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу тәулік бойы жүріп жатыр

137 реткөрсетілді

Бұл туралы қазақстандық ғалымдар «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне айтып берді.

- Сәлеметсіз бе, Күнсұлу Дальтонқызы! Ең алдымен жұмысбастылығыңызға қарамай, ҚазАқпаратқа сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Вакцинаны әзірлеу қазір қандай кезеңде тұр? Әзірлеуге қанша адам, қандай режимде тартылып отыр және дәл қазір қандай нәтижелер туралы айта аласыз?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 25 наурызында Ұлттық биотехнология орталығына келген кезде COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырған еді. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (Отар, Жамбыл облысы) Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі үйлестіреді.

ДДСҰ деректері бойынша, қазіргі уақытта бірнеше мемлекет 54 кандидат вакцина әзірлеуде. Олардың ішінен клиникалық сынақтар кезеңіне әзірге екеуі ғана өтті. Жасалған талдаудың көрсетуінше, әзірленетін вакциналардың едәуір бөлігі гендік-инженерлік жолмен жасалатын векторлық немесе суббірліктік вакциналар. Мұндай технологияларды вакцина өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылар қолданады.

Осындай заманауи тәсілдер мен технологияны біздің қазақстандық ғалымдар да қолданады. Олар барлығы 4 кандидаттық вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 2-і векторлық және вирустың S-ақуызының фрагменттері негізінде 2-і суббірліктік. Клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан кейін олардың ішінен ең тиімді және қауіпсізі таңдалып алынады.

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары биологиялық қауіпсіздігі 3-деңгейлі BSL-3 зертханаларында нақты SARS-CoV-2 коронавирус штаммдарымен жұмыс атқаруда. Вакцинаны әзірлеу тәулік бойы жүргізілуде.

дд

- Өзіңіз басшылық жасайтын ҒЗИ туралы айтып берсеңіз. Институттың қандай жетістіктері бар және сіздің тікелей басшылығыңызбен мекеме қабырғасында қандай табыстарға қол жетті? Бұл мекеме несімен ерекше?

- Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының 60 жылдан астам тарихы бар. Институт қауіп-қатерлерді анықтаудың құралдары мен әдістерін әзірлеуге, биологиялық қауіпсіздікті бағалауға және диагностикалық және алдын алуға арналған. Оның ішінде адамның, жануарлар мен құстардың қауіпті және аса қауіпті вирустық ауруларына қарсы препараттарды әзірлеумен айналысады. Мұнда биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология, иммунология салалары бойынша орасан зор жұмыс тәжірибесі жинақталған.

Институт - Қазақстан Республикасындағы медициналық иммунобиологиялық препараттарды дайындау, сынау және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеудің отандық технологияларын әзірлеу жөніндегі міндеттерді шешетін жалғыз мемлекеттік ұйым. Институт бірінші болып А/H5N1 (құс тұмауы) тұмауына қарсы Kazfluvac және A/H1N1 (шошқа тұмауы) тұмауына қарсы Refluvac вакциналарын тіркеді.

Институтта маусымдық тұмауға қарсы 3 валентті сплит-вакцина (клиникаға дейінгі, клиникалық сынақтың I және II фазалары жүргізілді), сондай-ақ, адам туберкулезіне қарсы вакцина (клиникаға дейінгі, клиникалық сынақтың I және II фазалары жүргізілді) әзірленіп, клиникалық сынақтар жүргізілді және денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізілді.

Институт ғалымдары 60-тан астам препаратты, оның ішінде 30 вакцинаны, 16 тест-жүйені және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Жыл сайын 27 млн. доза вакцина өндіріледі. Қазіргі уақытта, институттың биопрепараттарды өткізетін тұрақты нарығы бар. Шетелге вакцина жеткізуші ретінде Кеден одағының тізіліміне енгізілген. Медициналық және ветеринариялық вакциналарды әзірлеу және өндіру айтарлықтай экономикалық әсерге де ие. Мысалы, институтта жасалған және өндірілген нодулярлық дерматитке қарсы вакцинаны Ауыл шаруашылығы министрлігінің сатып алуы бюджетке 2 млрд теңгені үнемдеді. Сонымен бірге, институтта бірегей депозитарий, вирустардың генетикалық кітапханасының базасы бар.

ээ

- ҒЗИ-дың қандай әзірлемелері ДДСҰ немесе басқа шетелдік ғалымдар тарапынан аталып өтті? Қазақстандық ғалымдардың қызметі ғылыми әлем тарапынан жалпы қалай бағаланады?

- Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) денсаулық сақтау саласына арналған аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу жөнінде шарт жасасқан. Тұмау ҒЗИ-мен, РМҒА ВжС ҒЗИ, Приматология ҒЗИ-мен (Ресей), CDC, ARS USDA (АҚШ), MUV (Австрия) және әлемнің басқа да жетекші ғылыми орталықтарымен және институттарымен бірлескен зерттеулер жүргізеді. Институт Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің вакцина өндірушілер тобының мүшесі болып табылады.

Вакцина өндіру үшін Институт базасында биофармацевтикалық зауыт құрылысы жоспарлануда. Зауыт GMP халықаралық талаптарына сәйкес келетін вакциналарды шығару үшін қажет.

- Күнсұлу Дальтонқызы, уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

пар

смвм

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар