Қорға 270 млн теңге түскен
Қарағандыда таяуда ғана құрылған «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорына бүгінгі күнге дейін 270 млн теңге түсіпті. Бұл игі іске, әсіресе YDD Corporation, QazCarbon, «Қазақмыс» корпорациясы, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС сынды ірі компаниялар белсенді түрде ат салысып, қомақты қаржы аударған. Тіпті, бір күндік еңбекақысын қиған мемлекеттік қызметшілердің де бұл істе үлесі бар.
Бүгінгі күнде аталған қордан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және денсаулық сақтау басқармасының өтінімдері бойынша 104 млн теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа дезинфекциялық жабдықтар, дәрі-дәрмектер, сондай-ақ дәрігерлер үшін жеке қорғану құралдары сатып алыныпты. Мысалы, санитарлық қызмет үшін 254 аспалы бүріккіш алынып, оның 56 данасы Қарағандыда пайдалануға қалдырылған да, қалғандары өңірлерге таратылып берілген.
«Көмек-2020» қоғамдық қоры Қарағанды облысы бойынша коронавирустың таралуымен күресу үшін құрылған болатын.
«Таир»-дың тәуір ісі
Кеншілер астанасындағы «Таир» деп аталатын аса ірі сауда қаласының әкімшілігі төтенше жағдай мен карантинге байланысты шаруасы тоқтап қалған кәсіпкерлерге көмек қолын созды.
Нақты айтқанда, сауда қаласының қожайыны осында бутигі бар 600-ге тарта жеке кәсіпкерден жалдау ақысын алмайтын болды.
Ел ерге қарап қалған қиын шақта, аталған сауда қаласының бұл ізгі ниетпен жасаған қайырымды ісі көпшіліктің көңілінен шықты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы басқа да ірі сауда орындарының иелеріне «Таир»-дың бастамасын қолдаса деген тілек білдірді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өзара көмек дағдарыстан аз шығынмен шығуға мүмкіндік береді», дейді өзінің қалтасынан шықпаса да, қалталы байларды «Таир»-дан үлгі алуға шақырған кәсіпкерлер палатасы.
Еріктілер ерлеп тұр
Қарағанды облысында таяуда ғана құрылған «Сарыарқа жастары» облыстық еріктілер штабында 150 волонтер жұмыс істейді. Олар штабқа хабарласып, көмек сұраған мұқтаж жандарға қол ұшын береді. Атап айтқанда, еріктілер түрлі тапсырыстарды қабылдап, қарт адамдарға, мүгедек жандарға дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізіп береді.
Қазіргі таңда облыс бойынша мыңнан астам адам өздерін волонтер санап, қоғамға пайдалы істермен айналысуда. Мысалы, олар тек наурыз айының өзінде 158 акция өткізіп, 16 мыңнан астам адамға көмек қолын созған. Бұл дегеніңіз – 5 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты қариялар, мүгедек жандар және басқа да әлеуметтік тұрғыда қорғалатын санаттарға жататын адамдар.
Бүгінге дейін волонтерлер демеушілер бөлген 16 млн теңгеден астам сомаға алынған азық-түлікті таратты. Бұдан бөлек олар мұқтаж жандар үшін көп рет қолданылатын бетперде тігуді ұйымдастырды.
Қарағанды облысы