Парламент • 09 Сәуір, 2020

Терроризмді қаржыландыруға жол бермеу заңмен қадағаланады

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды.

Терроризмді қаржыландыруға жол бермеу заңмен қадағаланады

Бірінші оқылымда талқыланған бұл құжатпен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов егжей-тегжейлі таныстырды.

Оның айтуынша, Сенат қарауына ұсынылып отырған заң жобасы бірнеше мақсатты көздейді: біріншіден, қаржы мониторингі рәсімдеріне клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күдікті операциялар туралы хабарлама жіберу сияқты өзгерістер ұсынылады; екіншіден, қаржы мониторингі саласындағы уәкілетті органға реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды толтыруға құзырет беріледі; үшіншіден, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар үшін халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша рәсімдер регламенттеледі; төртіншіден, халықаралық стандарттарды іске асыру мақсатында заң жобасына коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты новеллалар енгізілді; бесіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарларына сәйкес ұлттық заңнамаға терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға жататын нысаналы қаржы санкцияларының механизмдері енгізіледі; алтыншыдан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті салалық тәсіл арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғауының тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер блогы әзірленді.

Талқылау барысында жеке кәсіпкерді жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізу оның қызметін мәжбүрлеп тоқтатудың негізі ретінде қарастыру ұсынылды.

Депутаттар сондай-ақ заң жобасы баптарының ережелерін үйлестіретін, сондай-ақ заң техникасы ережелеріне байланысты бірқатар өзгерістер енгізді. Құжат сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.