Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Шымкентте әскери қызметке барғысы келетіндер көп

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысынан кейін Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қарасы артты. 

Шымкентте әскери қызметке барғысы келетіндер көп

Еріктілер қалалық әскери комиссиариятқа барып тіркеліп жатыр. Шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімін жергілікті атқарушы орган анықтайтын болады. 

- Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен қала бойынша әзірге 100-ге жуық  азаматты қабылдау жоспарланыпты. Олар зазалсыздандыру  мен блок-бекеттерде  патрульдеу жұмыстарын атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтарды тіркеуге алып жатырмыз, - дейді Шымкент қаласы қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ринат Мадияров. 

Қиын-қыстау кезде Мемлекет басшысының үндеуін құлақ асқан жастардың бірі - Марлен Әбіл, Ол - 21 жаста. 2018 жылы Алматы қаласындағы әскери бөлімнің бірінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан. Запастағы сарбаз әскери бөлімге өзі келіп, тексеруден өтіп жатыр екен. «Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты қызмет етуге келіп отырмын. Бұл әрбір елім деген азаматтың борышы болуы керек. Тексеруден өтсем қай жер болса да қызмет етуге даярмын», - деді жас ұлан. 

Шымкент қалалық әскери комиссариятында арнайы медицицналық комиссия жасақталып жұмыс істеп жатыр. Онда әрбір ниет білдірген азаматтың денсаулығы жіті тексеріліп, сараптама жүргізілуде. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кететін мәселе жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады. Еріктілер бұндай қадамға пайда үшін емес, Отан үшін барғанын жеткізуде. 

 

Шымкент