Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Кеселге ілінгің келмесе, карантин талабын сақта

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада қазір коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейіп тұр. Қазір өңір облыстар арасында үшінші орында тұр. Ал ауруды тұрғындардың жан басына шақсаңыз алдыңғы қатарға шығары анық.

Кеселге ілінгің келмесе, карантин талабын сақта

Бүгін осы мәселеге орай брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов індеттің тарауы сол баяғы енжарлығымыздан екенін айтып өтті. Мысалы, өңірімізден сыртта оқып жатқан 8 мыңға жуық студенттің тізімі жасалып, емханаларға таратылған. Жастар елге келген соң сол емханаға тіркелуі тиіс болатын. Бірақ, көпшілігі бұл талапты орындамаған. Оны әке-шешесі де бақылаудан тыс қалдырған.

Мысалы, бүгінгі деректе миллонға жуық тұрғыны бар Шымкент қаласында 27 дерек тіркелсе, Қызылорда облысының бір ғана Шиелі ауданында анықталғандар саны 52 болып отыр. Оның 43-і бір ауылдың тұрғындары.  

Төтенше жағдай басталғалы бері бюджеттен, түрлі резервтерден қаржы бөлініп, медициналық жабдықтар мен азық-түлік қорын жасақтау үздіксіз жүргізіліп жатыр. Одан бөлек 3790 отбасыға 42 миллион теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетілді. Мұндай қолдау алда да жалғасын табады. Осының барлығы елдің амандығы үшін жасалып жатқан шаралар. 

– Дәл осы сәтте облыста індетке шалдыққандар 92-ге жетіп отыр. Дерт белең алып кетпеуі үшін барлығын жасап жатырмыз. Осы күнге дейін 2 миллион 432 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылып, басқа да шектеу шаралары қолға алынды. Облыс аумағындағы 35 тосқауыл бекетінде аз күннің ішінде төтенше жағдай тәртібін бұзған 201 оқиға анықталды. Бұл біздің азаматтардың әлі де ескертуді елемей жатқанын көрсетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.