Әлем • 09 Сәуір, 2020

Үндістанда көкжиектен Гималай көріне бастады

4132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үндістанның солтүстік-батысындағы Пенджаб штатында адамдар 100 мильден астам қашықтықтан Гималайды көре бастады. Бұл туралы CNN ақпарат агенттігі хабарлады.

Үндістанда көкжиектен Гималай көріне бастады

Жаландхар қаласындағы және оның маңайындағы елді мекендердің халқы  әлеуметтік желілерде көз ұшында көлбеңдеген Гималайдың суреттерін жариялап, 30 жыл ішінде алғаш рет осылай айқын менмұндалап тұрғанын жарыса жазып жатыр.

Бұл құбылыс коронавирус індетіне байланысты елде енгізілген карантиннің әсерінен болып отыр. Халықтың қоғамдық орындардан оқшаулануынан соңғы аптада ауа сапасының күрт жақсарғаны байқалған.  Төтенше жағдай кезінде өнеркәсіп орындары жұмысын тоқталып, көшелерде көлік ағыны тыйылып, ұшақтардың рейстері де шегерілген.

Үндістандағы қоршаған ортаның ластануын бақылайтын орталық кеңесі Делиде шектеулер енгізілген алғашқы күннен бастап-ақ ауаның ластануы 44%-ға төмендегенін анықтаған. Есепте елдің жалпы 85 қаласында ауаның тазара бастағаны көрсетілген. Ал Гималайдан 100 мильдей қашықтықта орналасқан Жаландхарда карантиннің 17-інші күнінде ауа сапасы тіптен жақсара түскен.

Бүгінгі таңда Үндістанда Covid-19 індетіне ұшыраған 6 мыңға жуық жағдай анықталып, 178 адам қаза тапқан.