«Соңғы бір тәуліктің ішінде індетті жұқтырған екі жаңа оқиға анықталды. Екеуі де індетті науқас адамдармен байланыста жұқтырған. Жалпы стационарлық карантинде 877 науқас, үй карантинінде 5217 адам жатыр. Жұқпалы аурулар ауруханасында – 211, провизорларда – 301 және карантиндік госпитальдарда – 388 адам бар», – деді спикер.
Қауіпті індетті жұқтырған 121 науқастың ішінде 65%-ы сырқат адаммен байланыста болғандар. Ал 5%-ы жергілікті, 30%-ы індетті сырттан әкелгендер екен.
Кешегі күні қосымша 813 адам ПЦР әдісі бойынша тестілеуден өтті. Жалпы бүгінгі күнге дейін Алматыда 13 мыңнан астам адам COVID-19 індетіне тексерілді.
«Күні кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласы үшін қосымша 55-тен астам жаңа тест жіберді. Бұл ПЦР диагностикадан өтуге тиіс науқастарға қажет», – деді А. Молдағасымова.
Спикер Алматыда COVID-19 індетіне тексерілетін адамдар қатарының кеңейгенін де тілге тиек етті.
Бұған дейін айтылғандай, өкпе қабынуы және ЖРВИ-дің ауыр түрімен стационарға келетін науқастардың барлығы коронавирус инфекциясына тексерілуде.
«Бұдан өзге Ұлттық гвардияның, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметшілер мен блок-бекеттегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тексерілмек. Сондай-ақ санэпидемилогиялық қызметтің 179 қызметкері – дәрігерлер, медбикелер де коронавирустық инфекцияға тексеруден өтті», — деді А.Молдағасымова.
Жиын соңында карантин тәртібінің маңыздылығына тоқталған спикер:
«Карантин кезінде індет тез таралмайды. Яғни, жұқтыру ықтималдығы да соғұрлым аз болады», – деп атап өтті.
АЛМАТЫ