Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Дәрігерлер, полициямен қатар тынбай қызмет көрсетіп жатқан тағы кімдер бар?

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің әрқайсымыз өмірде бір рет болса да, қандай да бір мәселені шешу үшін колл-орталыққа жүгінеміз. Ең құрығанда «интернет қашан қосылады» деп ашулана сұрау үшін қоңырау шалатынымыз бар. Желінің екінші жағындағы сыпайы оператор біздің сұрақтарымызға абыржымай, байсалды жауап беріп жатады. Жауап алған соң, біз тұтқаны қойып,осынау мамандар туралы ұмытамыз.

Дәрігерлер, полициямен қатар тынбай қызмет көрсетіп жатқан тағы кімдер бар?

Ал жүйкесі темірдей мығым, төзімі мықты жандар кімдер? Бүгінгідей қиын сәттерде бір сәтке де дамыл таппай, халыққа онлайн режимде қызмет көрсетіп отырған кімдер? Әрине, олар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері.

Осынау қиын сәтте мемлекеттік қызметтерді онлайн ұсынып отырған мекеменің онлайн операторларының жұмысы қалай ұйымдастырылғанын Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы филиалының қызметкерлері төмендегідей баяндайды.

Алматыда 150 колл орталық операторы жұмыс істеуде

Қазіргі уақытта Азаматтарға арналған үкіметтің 2,5 мыңнан астам майдан-кеңсесінің қызметкерлері 1414 нөмірі арқылы кеңес беруге бейімделген екен. Оның ішінде Алматы қаласының 17 майдан-кеңсесінің 150-ден аса қызметкерлері Азаматтарға қашықтықтан кеңес беруге жұмылдырылып, үйде отырып қызмет көрсетуде көрінеді. Бірақ талап әдеттегідей, таңғы сағат 9-дан жұмысына кірісу керек және сағат 6.30-ға дейін жалғасу керек.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Дегенмен, әрбір адам сайтта өз бетінше  жұмыс істей білмейді әрі қосымшаларды түсіне бермейді. Сондықтан кеңесшінің жұмысы өте маңызды болып отыр.

Бауыржан Бекпаев, Азаматтарға арналған үкіметтің Алатау фронт-офисінің маманы, колл-орталыққа жаңадан бейімделген операторлардың бірі. Ол ХҚКО-да 10 жылдан бері, жары Шынар Молдаханова да сегізінші жыл Алмалы аудандық ХҚКО-да жұмыс істейді. Олардың тағдырын Медеу аудандық ХҚКО байланыстырды деуге болады.Сол жерде жұмыс істей жұріп танысты. Таныстық, достық соңы махаббатқа ұласты. Осыдан 6 жыл шағырақ көтеріп, содан бері қуаныш та да, қиындықта да бірге. Дүниеге екі қызы келді. Қазіргі уақытта олар барлығы үйде бірге. Бауыржан пен Шынар азаматтарға онлайн-кеңес береді. Шынардың жұмысы 9-дан 16-ға дейін басталады, ал Бауыржанның жұмысы 13-тен 20-ға дейін басталады. Бос уақытында балаларға кезекпен көңіл бөледі.

«Өте мазасыз жұмыс. Өз сөздерімізге мұқият болып жауап беруіміз керек. Неше түрлі сұрақтар қойып жатады. Мәселен, біреу жақында қоңырау шалып, «Көшеде қалай серуендеуге болады? Бұл үшін учаскелік инспектордан рұқсат сұрау керек пе?» деп сұраса, тағы бірі «Карантин кезінде үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады ма?...» дейді. Осы сияқты бізге қатысы жоқ сұрақтармен де уақытымызды алатындар көп. Қалай болғанда да, басты міндет – желінің арғы жағындағы адамға көмектесу» – дейді ол.

Иә, колл-орталықтың классикалық операторы болу өте қиын. Өйткені, бұл адам қызмет талабы бойынша телефон арқылы көп сөйлеуге тура келеді. Сонымен қатар, белгілі бір ақпаратты берумен қатар, қоңырау шалушылардың наразылығын да тыңдауға тура келіп жататын көрінеді.

«Өкінішке орай, көп жағдайда адамдар ашуланып, небір жағымсыз сөздермен балағаттайды. Кейде біз өз саламыздың сұрақтарымен қатар, қоңырау шалып сұрап жатқан соң, олардың көңілінен шығу үшін өзімізге қатысы жоқ сұрақтарға да жауап беруімізге тура келеді. Адамды ашуландыратын балағат сөздерді естіп, өз-өзімізді әрең ұстайтын кездер болады. Себебі, бізде нұсқаулық бар: қоңырау шалушыға жәй ескертеміз, жауап ретінде дауысты көтермейміз. Бұл өте қиын, бірақ арандатушылыққа берілмеуге тырысамыз. Қазіргі жағдай бәріне де ауыр екенін түсінеміз. Тыныштықты сақтау өте маңызды», – дейді №5 Мамандандырылған ХҚКО онлайн-операторы Рауан Диханбай.

Алматы қаласы Алатау ауданы ХҚО-сының қызметкері Құралай Өмірова азаматтардан күн сайын 300-ге жуық қоңырау қабылдайтынын айтады.

«Арасында үйде отырған екі балама да көңіл бөлемін. Бәрі уақытша қиындықтар. Қазақстан халқы бұл қиындықты да еңсеретініне сенемін. Ең бастысы – бірлігіміз жоғалмасын, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, колл-орталыққа қоңырау шалған тұрғындар туу туралы куәлік алу, бала тууына байланысты жәрдемақылар, МАБ жазу, автокөлікке қатысты құжаттарды үйге жеткізу қызметі, онлайн ЭЦҚ алу, жеке куәлік алу, уақытша және тұрақты тіркеу, емханаға бекіту туралы, автокөлік құралдарын есептен шығару және қою, автокөлікке тыйым салуды тексеру, жүргізуші куәлігін қалай алу және ауыстыру туралы, сондай-ақ қайтыс болу туралы куәлікті қалай алу, жерлеуге арналған құжаттарды, техникалық паспорт, жер учаскесінің мемлекеттік актісі, ЖК қалай ашуға болады және т. б. сұрақтарды жиі қояды.

 

 

АЛМАТЫ