«Ертең, яғни сәуірдің 10-ы күні Түркі Кеңесінің мемлекет басшылары «COVID-19» пандемиясына қарсы күреске арналған бейнеконференция өткізеді. Аталған бейнежиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да қатысатынын растады. Сондай-ақ Түркі Кеңесінің қазіргі Төрағасы, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен шақырылған бұл Саммитке Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады. Бейнеконференцияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус та болады.
Саммитте мемлекеттер басшылары коронавирус індетіне қарсы күреске ұлттық деңгейде қабылданған шаралар, денсаулық сақтау саласында көпжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірде «COVID-19» індетінің өршуін туындатқан ортақ мәселелерді шешу туралы пікір алмасады.
Олар коронавирустың ұлттық және әлемдік экономикаға теріс әсерін жою жолдарын талқылап, дағдарыс уақытында және пандемиядан кейінгі кезеңде сауда экономикалық қатынастарды жалғастыру және кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін болашақта бірлескен күш-жігер мен ортақ шараларды қабылдау мәселелері төңірегінде пікір алмасады.
Саммит соңында мемлекеттер басшылары бірлескен Декларациясын қабылдайды»,- деп жазды Берік Уәли.