Руханият • 10 Сәуір, 2020

«Махаббат әнін гүлдерге жазамын...»

1519 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық Түркі поэзиясы мүшәйрасының лауреаты, көптеген жыр мүшәйрасының жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері, сөздің парқын да, нарқын да түйсінетін қалың жұрты бүгінде «Ақмаржан жыр» деп еркелете атайтын ақын қызы Баян Бекетованың шығармашылық әлемі туралы ойымды білдіруді жөн көрдім.

«Махаббат әнін гүлдерге жазамын...»

Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова Баянның балауса жыр­­ла­­рына үлкен үміт артып қана қой­май, оның алғашқы қадамынан-ақ су­рет­­­керлік ерекшелігін дәл танып, әділ ба­­ғасын берген екен. Жас талаптың талан­ты­на серік болған «шыншылдықтың сөз түсінер оқырманды жалт қарататын» қуатын да алғаш аңдаған Фариза ақын болатын. «Баян дүниенің барлық құбы­лы­сын өлең етіп ұйқастыра бермейді. Ол тек өзінің кішкене жүрегін дір ет­кіз­­­ген нәрсені көреді, сезеді. Сол сезім өлең болып өріледі.... Баянның ерек­­ше­лігі сол – ол өз жанына әсер етпе­ген құбылысты өлең етем деп әуре­лен­бейді. Өлең деген кейде асау өзен­дей алабұртқан, кейде көз жасындай мөл­теңдеген пәк әлемнің өріне бағыт түзе­ген Баян Бекетова – өз қолтаңбасы бар, өз дү­ние­танымы қалыптасқан ақын» деп жа­зыпты «Жалғыздық» (1994 ж.) атты жыр жинағына берген беташар тілек сөзінде. Иә, одан кейін де, дейін де жа­рияланған «Үмітім менің» (1992 ж.), «Сәмбітал» (2001 ж.) «Көлбастау» (1994 ж.), «Мен сені сағынғанда»
(2005 ж.), «Ұйық­тамайды жұлдыздар» (2010 ж.) сынды жинақтары да Баянның жүрегі қа­лаған дүниені ғана жырлайтын өнер­паздық мұратына, өмірлік кредо­сына адалдығын айқындайды.

Баян – қазақтың қара өлеңі мен батыс классикасын тел емген қаламгер, оның өлеңдерінде батыс классикасының си­пат­­тары да кездесіп отырады. Осы та­­лап биігінен көрінетін өлеңінің бірі «Шықтың әні» деп аталады.

Шық – ақынның өз табиғатымен егіз жаралған көркем бейне. Ақынның сезім­тал­ болмысы мөлдір шықпен бүтінге ай­нал­ған. Сұлулық та, тазалық та, өмірге іңкәр­лік те, сәттік ғұмырында ізгілікті ту еткен шынайы миссия да осы бір тамшы құді­реттің бойына түгел сыйып тұр:

Мен – Шықпын,

Көктем-жаз – мекенім,

Пәктіктің, мөлдірліктің не екенін

Ұқтырып, дәлелдеп пендеге

... көрсетіп кетемін.

Шық – Ма­хаб­баттан жаралған, қысқа ғұмырын мәнді етуге құштар, ізгілікке іңкәр, өмір­ге ғашық тылсым құбылыс. Себебі оның тегі – Теңіз, әкесі – Тау, анасы – Ай... Сондықтан оған Тереңдік –­ өлшем, Биіктік – бағам, Сұлулық – серік! Ол өзінің бір сәттік тіршілігінде «гүл­д­ерге Махаббат әнін жазып» қал­дыр­ғысы келеді. Өлеңді оқи отырып, Шықтың ғұмыры ұзара түссе деп ті­лей­сің, оны алақаныңда аялап, ең бір аяу­лы жәдігеріңдей жүрегіңнің түбінде сақ­та­ғың келеді...

«Тәп-тәтті дәмім,

Мөлдір су – тәнім,

Махаббат, мейірім,

Пәктік, тазалық – жаным,

Сұлулық – әнім», деп мөлдіреп тұр­ған осынау бейкүнә жаратылыстың табиғатына тамсанып, сырына құныға түсіп, тереңдей қанығасың да, ендігі сәтте уақытты тоқтатар құдіретті іздей­сің. Жер-жаһанға нұр сыйлайтын Күн­нің жарық сәулесінен де қорғағың келе­ді, оны тежеуге әлің келмейтінін сезін­ген кезде жүрегіңді қимастыққа толы алақұйын күй тербейді, Шықтың сон­шалық әлсіз, бірақ соншалық құді­рет­ке ие тағдыры тебірентеді. Бар дү­ние­ні ұмытып, бір тамшы Шықтың ба­қытты һәм қып-қысқа ғұмырын өз ба­сың­­нан кешесің. Сөйтеді де, өмірге басқа көзбен қарауға мәжбүрлейді. Бұл ақындық қуат, талант табиғатының күрделілігін айғақтайды. Тумысынан нәзік сезімтал ақын айналасынан айрықша әсер алумен шектеліп қалмайды, одан сыр іздеп, сол құбы­лыс­тарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығының тереңі­не бойлап, тербеле тебірену күйін бастан кешіреді. Сол тебіреніс өлең болып құйылады ақ қағаздың бетіне...

Ең ғажабы, мұндай өлеңді «жіліктеп талдау» да мүмкін емес: оның мазмұны мы­нау, формасы мынау, идеясы мынау деп бөле-жарып айта да алмайсың. Мазмұн мен форма ажырамастай тұта­сып кеткен. «Мазмұн бөтен нәрсе емес, ол – форманың мазмұнға айналуы, форма басқа жақтан келген жоқ, ол маз­мұн­ның формаға түсуі» (Гегель) деген философиялық формулаға сүйенсек, өлеңнің жеп-жеңіл ырғағы мен әсем ұй­қастарынан естілетін сыңғырлы үн бұл сезімді басқаша жеткізудің мүмкін еместігін мойындатады.

Шын мәнінде, суреткерлік шебер­лік­тің түп негізінен ақынның өз табиғаты кө­рініс табады. Өйткені көркем туын­ды­ның болмысы мен ақынның табиғаты, өмір-танымы – өнер құраушы элементтер. Олар осылайша тұтаса алғанда ғана бір элемент екіншісіне әсер ете ала­тын, өнердің сән-сипаты мен мәнін аңғартатын қым-қиғаш функционалды қозғалысқа толы байланыс жүйесін құрайды. Бұл – «тұтастық эффектісі». М.Бахтиннің тұжырымдауынша, «автор дәл осы мазмұн мен форманың тығыз тұ­тас­уы сәтінде көрінеді. Әдебиеттану бү­­кіл мазмұннан бөлінген тұстан, яғни дүниетаным, өмірбаян, уақыты анық­тал­ған адамнан авторды іздейді. Автор өзі тудырған дүние аясында айқын көрінуі мүмкін емес. Бұл – «natu­ra­ta» емес. Жасау­шыны біз өзінен емес, ол жасаған дүниеден көреміз». Олай болса, Баянның «Шықтың әні» атты өлеңі – осы пікірдің айқын дәлелі. Бұл өлеңде лирикалық кейіпкер – автор жоқ, бірақ біз оның болмысын өлеңнің өн бойынан таба аламыз.

Баянның шығармашылық өлкесінде ерек­ше орын алған символикалық мәні терең тағы бір бейне – Сәмбітал. Ақын­ның жыр жинағының «Сәмбітал» деп аталуы да кездейсоқ емес. Баян, оны­мен қатар Гүлнар Салықбаева, Гүлнар Шәмшиева, Шәмшия Жұбатова, Нәзкен Алпа­мысқызы секілді қазақ поэзия әле­міне келген уақыты, қоғамның бір формациядан екінші формацияға ауыс­қан, екі ғасырдың тоғысындағы аласа­пыранға толы, өтпелі кезеңге тұс­па-тұс келді. «Сәмбіталдың» да тууы осы кез.

Баян осы кезеңде тарих дауылы шай­қалт­қан қыз-ғұмырды өзіне бала кезден етене таныс, көзге ыстық, көңілге жақын Сәмбітал бейнесінде шеберлікпен астас­тыра суреттейді:

Сұлулығы суыған әлемде...

Иілдім, сынбай майыстым –

Келін-ғұмырды өткердім,

Ақ сүттей екен... Ай іштім,

Көкейін тесіп көктемнің...

Бес жолдан тұратын осы бір шумақтың өзінде нәзік иығына ақындықтың ауыр жүгін ғана емес, заманның ауыр сынын артқан арудың ащы тағдыры, ішкі мұңы Сәмбіталдың жаратылысымен қабысып жатыр. Сәмбітал – сұлу, нәзік, бірақ қанша балталап, бұтарласа да, келесі көктемде өскіндерін қайта көктетіп, жап-жасыл жапырақтарын өзен суы­на малып, иіле жайқалып тұратын ғажайып өсімдік. Ол – өміршең, өмірге құштар...  Баян осынау тылсым сырдың жұмбағын тереңнен толғай отырып, ақын арулардың майысса да, сынбай, бойын қайта тіктеп, тіршілік қамыты бұ­тарласа да, қайта түлейтін өлермен ақын қыз тағдыры кейпіндегі шуағы мен қуатын егіз өріммен жеткізеді:

Топырақ, судан нәр алып,

Жапырақ – жаннан жаралып,

Сұлулығы суыған әлемде...

Айналып қайта өлеңге –

Жасыл желек боп оралып...

Қалтарысы мың қатпарлы әйел болмысын түсіну қиын, ал ақын арудың жұм­баққа толы жан әлеміне бойлау одан да күрделі. Өйткені әрбір шығар­ма­шы­лық тұлға қайталанбас болмысымен дара. Сондықтан да Баян әр жылдарда жа­зылған өлеңдерінде Қыз-құпияның сы­рын өзгеше өрнектейді:

Қыз – құпия, түсін, мейлі түсінбе,

Не болса да – бәрі-бәрі ішімде...

Іздеу мені өзгелерден – сабылыс!

Сарғаясың сағымы боп сағыныш... десе, тағы бір өлеңінде:

Таңдайыңда ерісе шырын сөздер,

Өзім сенің еримін жүрегіңде... – дейді.

Көрнекті ақын Темірхан Медетбек ке­зінде оның шығармашылығы жөнінде былай депті: «Б.Бекетова – өмірдің жары­ғы мен күнгейін, зұлымдық пен ізгілік, ақ пен қара, адалдық пен аярлықтың тар­тысын бар жан-тәнімен жырлап келе жат­қан өз заманының үлкен ақыны».

 Біздің айтпағымыз – бір мақалада талантты ақынның сұлу да сындарлы шығармашылық әлемін бар болмысымен ашу мүмкін еместігін алға тарта отырып, оның жауһар жырлары ғылыми тұрғыдан терең талданып, ақынның қайталанбас талантын әр қырынан ашатын арнайы зерттеулердің жасалуы керектігіне назар аударту. Ол, әрине, алдағы уақыттың еншісінде.

 

Жанат Дәулетбекова,

педагогика ғылымдарының докторы, ҚБТУ профессоры