Біз адамзат үшін үлкен қауіп төніп тұрғанын бар жауапкершілігімізбен мәлімдейміз. Қазіргі уақытта барлық ел, бүкіл әлем осы қорқынышты эпидемиямен күресіп келеді. Бірде-бір елде ол толық жойылмаған. Өкінішке қарай ешкім оған қарсы тиімді дәрі-дәрмек әзірлей алған жоқ. Алайда бұл жайт қорқынышқа себеп бола алмайды. Өйткені белгілі дәрілерден тұратын тиімді комбинациялар анықталды. Сонымен қатар дәрігер-ғалымдар пациенттің нақты денсаулық жағдайын ескере отырып, емдеудің әртүрлі терапевтік әдістемелерін әзірледі. Біздің дәрігерлер жалпы клиникалық және иммунитетті көтеретін әдістерді кәсіби түрде меңгерген, сондықтан олардың емделушілері сауығып жатыр. Біз барлығымыз жақын уақытта пандемия жойылады деп сенуіміз керек. Ол үшін барлық күш-жігерімізді біріктіріп, осы кезеңнің қиындығын еңсеруіміз қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) АҚШ және Жапония ғалымдары әзірлеген вирусқа қарсы дезинфекциялау құралдарын, антивирустық санитайзерлер ұсынды. Олар барлық вирустармен қатар, дәл COVID-19 вирусын жою арқылы өте тиімді жұмыс атқарады. Алайда олардың құрамына кіретін кейбір компоненттер – химиялық заттар Қазақстанда жоқ немесе жеткізілуі қиын. Сондықтан олардың биологиялық антивирустық белсенділігін сақтай отырып, қолжетімді басқа химикаттарға ауыстыру керек болды. Бұл тапсырманы Д.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрхимия институтының ғалымдары қолға алды. Олар ондаған түрлі химреактиві сынап, антивирустық санитайзерлердің әртүрлі дезинфекциялық құрамдарын жасады. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің қолдауымен Ұлттық биотехнологиялық орталықта (Нұр-Сұлтан қ.), сонымен қатар Вирусология және микробиология институтында (Алматы қ.) сынақтан өткізді. Біз карантин күндері бір топ ғалымға жұмыс істеуге рұқсат еткен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктеріне алғыс айтамыз.
Соның нәтижесінде химиялық-биологиялық зерттеулер көрсеткендей, ДДҰ санитайзерлерінен ешқандай кемшілігі жоқ, аса тиімді, сондай-ақ қолжетімді дезинфекциялық құралдар жасалып шықты.
Санитайзерлерге қойылатын басты талап – вирустарды жедел түрде және толық жою. Бұл бірер минут өткенде емес, сол сәтте болатын жайт. Олай болмаса, бірер минуттар арасында ауырған адам қасындағы өзге адамдарға да жұқтыруы мүмкін. Бізде тіпті медицина қызметкерлерінің өздері вирус жұқтырып алған жағдайлар да болды.
Санитайзерлердің рецептілері жақын күндері ҰҒА – hhtp: //nauka–nanrk.kz сайтында және басқа да БАҚ-тарда жарияланатын болады. Оны орта мектеп көлемінде химия пәнін меңгерген азаматтар өз үйлерінде де жасап ала алады.
Алайда этил және изо-пропил спирттерін үздіксіз жеткізу мәселесін республика көлемінде шешу қажет. Бұрын олар Қазақстанда өндірілген, бірақ оларды өндіретін кәсіпорындар өз қызметін әлдеқашан тоқтатқан болатын. Спирттер көп мөлшерде негізінен екі зауытта – Шымкент химия-фармацевтика зауытында (этил спирті) және Петропавл қаласының Химия зауытында (изо-пропил спирті) пайдаланылады. Оларды Орск қаласынан (Ресей) әкелінеді. Біз спирттің әр қалаға, әр ауданға жеткізілуін ұйымдастырып, дәріханалар мен жергілікті емханалар арқылы әкімдіктердің бақылауымен жұртқа тегін таратуды ұсынамыз.
Бұл антивирустық санитайзерлердің өзіндік құны өте төмен, сондықтан оларды барлық жерде тегін тарату керек. Маскалар да мүмкіндігінше тегін таратылғаны жөн. Бұған байланысты кейбір жауапсыз кәсіпкерлердің табыс табуына мүмкіндік беруге болмайды. Әкімдіктер ешкімнің алдауына жол бермей, оларды қатаң бақылауы тиіс. Президент жариялаған төтенше жағдай жұмыс істеп тұр, әкімдіктер мен министрліктерге тағы қандай құқықтар қажет? Карантин кезінде кейбір азық-түлік өнімдеріне баға 3 есе өсті. Қазіргі кезде ешбір жарамсыз, еш жерде тексерілмеген вирусқа қарсы санитайзерлерді әрбір дүкенде сатады, пандемия кезінде осылайша абырой бермейтін бизнес жасайды. Маскалар да жоғары бағамен сатылады, сонымен қатар олардың басым көпшілігі вирустан қорғай алмайды. Маскалардың санаулы түрі ғана вирустарды сүзеді, бірақ олар қымбат және қолжетімсіз. Бірақ масканы бәрібір қолдану керек, өйткені бұл жөтел, түшкіру және жақын тұрған адамнан механикалық экран қызметін атқара отырып, вирустардың тікелей жұғуынан қорғайды. Тағы да атап өтеміз, ең бастысы – әркім өз қолдарын тазалықта ұстауы және қолды сабынмен жиі жууы және санитайзер-спреймен өңдеуі қажет. Ең жақсысы – спиртті (этил немесе изо-пропил) негізде Академия ұсынған рецепт бойынша үйде дайындау. Бұл ретте спирттің құрамын 80%-дан төмен түсірмеу керек. Әйтпесе нәтиже күткендей болмайды. Бұл мақсатқа арақты қолдану жарамсыз. БАҚ-та кейбіреулер кеңес бергендей, оны ішу де пайдасыз және тіпті зиян, өйткені бұл ретте адам сақтық және өзін-өзі бақылау мүмкіндіктерін жоғалтады. Егер маска жоқ болса, бетті механикалық экрандау үшін бірнеше қабатталған дәке жарамды. Сонымен қатар оны күн сайын сабынмен жууға, ыстық үтікпен үтіктеуге және қайтадан қолдануға болады. Ал ұсынылған маскалар қайта пайдалануға жарамсыз.
Адамның иммунитеті мен физикалық күйін көтеретін белгілі тәсілдердің маңызы зор. Сондай-ақ қорқыныш пен пессимизмнен де арылу керек. Қазақстан жоғары білімді, ғылымы мен мәдениеті дамыған мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Ал жалпы алғанда, біз интеллектуалдық деңгейдің дамуы бойынша Азия құрлығындағы Жапон, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінен ғана қалыспыз. Басқа мемлекеттер бізбен тең немесе артта. Бұл – үлкен жетістік!
Сондықтан біздің халқымыз жоғары сана-сезімін көрсете отырып, елде кең таралған пандемияға жол бермеді және індет ошақтарын іс жүзінде бұғаттап тастады. Аз ғана уақыт ішінде біздің отандастарымыз пандемиямен күресуге көмектесу үшін Арыс қаласындағы қайғылы оқиғадан кейінгі екінші үлкен ерікті қайырымдылық қорын құруға мәжбүр болды. Алайда қоғам әрбір сынақтан тәжірибе жинай отырып өсуі керек және бұл жолы, бірінші кезекте, халықтың ақшасы жүйелі, нақты және айқын түрде жарияланған мақсаттарға жұмсалуы керек. Сол жобалардың ішінде вирусқа қарсы отандық препараттарды жасаудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет. Республикамызда вирусология бойынша үш ірі ғылыми орталық бар, жоғарыда аталған екі орталықтан басқа, Алматы қаласына жақын Отар стансасында тағы бір ірі орталық бар. Негізгі зерттеулер соларда жүргізілуге тиіс. Алайда бағдарламаны ғылымнан алшақ тұрған кәсіпкерлер мен шенеуніктер емес, маман ғалымдар басқаруы керек.
Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін минералды шикізат пен мұнай, газды қайта өңдеу арқылы, металлургиялық зауыт өнімін ғылыми негізде өзіміздің жеке өнімімізге, тауарымызға, құралымызға айналдыру арқылы қамтамасыз ете аламыз. Агроөнеркәсіп кешенінің барлық мүмкіндігін қолдануымыз керек, әсіресе мал шаруашылығын, себебі мал саны геометриялық прогрессиямен өседі. Ең бастысы, жемқорлықты тиып, ашық, демократиялық даму жолына көшуіміз керек. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы басқару ісіне меритократиялық сипат беріп, талантты, білімдар азаматтарды тарту қажет.
Қымбатты достар! Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін сіздерді тағы да ұйымшылдыққа, бірлік пен достыққа шақырамыз. Дәл осы қасиеттерді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында айтып өтті және де түңілуді, енжарлықты шетке ысырып, дағдарыстан шығу жолында бәріміз бүкіл әлеммен бірге өзін өзі нығайтуды (қолға алу) ұсынды. Шынында да, соңғы онжылдықта біз көп жайттарды бастан өткердік, осы қиындықты да бірге аман-сау өткереміз. Сөз жоқ, пандемиядан кейін әлем өзгереді, ол қазірдің өзінде өзгерді, бірақ адамның ең жақсы қасиеттері өзінде қалады – мейірімділік, достық, жанашырлық – бұл бүкіл әлемді құтқарады.
Барлықтарыңызға денсаулық, бақыт және береке тілейміз.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА президенті, академик