Жазығы жоқ көктемнің
Гүлге қонды сан көбелек,
Жылы жақтан қыс тайқып.
Аспан астын әнге бөлеп,
Келе жатыр құс қайтып.
Үйде отырып тұншығамын,
Мына көктем, қай көктем?
Кең дүниеге ынтығамын,
Сыртқа қарап әйнектен.
Қарсы алады кім қуана,
Бұл көктемді жамырап?
Құлазиды мұңлы қала,
Көшелері қаңырап.
Сұмдық індет салған қайғы,
Қызыл өрттей тұр жанып.
«Жедел жәрдем» айғайлайды,
Жан ұшыра зыр қағып.
Қуат берсін елге мына,
Көктен нұрын төккен күн.
Үйде отырып қалғаныма,
Жазығы жоқ көктемнің.
Зауал
Қасіретті күн жетті,
Өртенуде өзегім.
Қолдан жасап індетті,
Қырды адамзат өз-өзін.
Жұтар ауа былғанды,
Көк орманды шаң басып.
Шөптің басы уланды,
Өрісінен мал қашып.
Кім бар бізді тыңдаған?
Түтін басты қырымды.
Ақбөкендер мыңдаған,
Қынадай боп қырылды.
Балықтар да теңкиіп,
Жатыр шіріп жағада.
Қарға-құзғын өңкиіп,
Қарық болды шағала.
Жердің беті қуарып,
Жасыл түсін аударды.
Қып-қызыл боп су ағып,
Қап-қара боп қар жауды.
Асқар тауды тұз басты,
Мың жылғы мұз еріді.
Иектеді албасты,
Періштелер жеріді.
Тұншықты бар төңірек,
Інге кірді жыланы.
Аралар да еңіреп,
Құмырсқалар жылады.
Айта алмаймын ашыла,
Кімге пайда, кімге обал?
Тіршіліктің басына,
Төнді әйтеуір бір зауал.
Артады ауыр тағдыр жүк,
Кесірленсе жамиғат.
Саған қатер төндірдік,
Кешіре гөр, табиғат?!.
Көкке жайып қолымды
Туған тілдің омырауынан сүт емген,
Ұрпақтардан үлкен үміт күтем мен.
Бір күндері ашылар деп ойлаймын,
Бір кездегі бұлақ көзі бітелген.
Көзі ашылса күміс бұлақ сарқырар,
Көні кепкен құба шөлге көл тұнар.
Кәусарына шөлі қанған қазағым,
Бұлттан шыққан күндей болып жарқырар!
Қайта туар көш бастайтын көсемдер,
От ауызды, орақ тілді шешендер.
Ей, келешек, туған тілдің жолына,
Шашу шашып, қызыл кілем төсеңдер!
Көріпкелдер келер күнді болжайды,
Кемеңгерлер айтып кеткен ол жайлы.
Өз елі бар, өз жері бар болғанмен,
Өз тілі жоқ мемлекет болмайды.
Қайран жүрек қанжылайды құсадан,
Қай құдірет тұлпар тілді тұсаған?
Жәрдем сұрап жалбарынсам жараспас,
Көктегі Иса, жер бетінде Мұсадан.
Уа, Мұхаммед, түссін бізге оң көзің,
Кінәлінің жазасын бер, Алла өзің!
Қара түнде көкке жайып қолымды,
Туған тілдің күтіп тұрмын таң бозын.
Қос қайғы
Тағдыр салса тас өткелге,
Жанарыңа жас тығылар.
Зарға толы қос өкпемде,
Қос ғасырдың өксігі бар.
Бір өкпемде ел қайғысы –
Аштан өлген, оқтан өлген.
Бір өкпемде жер қайғысы –
Түн ұйқымды төртке бөлген.
Қос өкпемді қысады кеп,
Күндіз-түні екі қайғы.
Бүйте берсе құса жүрек,
Қақ жарылып қақырайды...
Өз Отаным
Таба алмай тіршіліктің тиянағын,
Кей-кейде тура тартпай қияладым.
Шырылдап аузын ашқан, аш балапан,
Кеудеме қайдан келіп ұяладың?
Қырандай қанат қақпай қияға мың,
Мен қалай мына өмірге сыйа аламын.
Қарайып құр жүргеннің күні құрсын,
Жұрттан да, өзімнен де ұяламын.
Өмірді өліп-өшіп сүйгенменен,
Өткізген ғұмыр зая күйбеңменен.
Келмейді тіміскілеп тірлік кешкім,
Иттей боп күресінде имеңдеген.
Атылсам жолбарыстай шұбарала,
Бұздың деп елдің шырқын, кінәлама!
Ешкімнің ортағы жоқ, өз Отаным –
Менікі мына дала, мына қала!
Сан ғасыр арпалысып алысумен,
Бұл жерге ата-бабам қаны сіңген.
Бір шымшым топырағына жаным пида,
Туғанмын қазақ болып сол үшін мен!..
Айтарымды айтамын
Қайран ұлан-байтағым,
Қай зарыңды айтамын?
Залым түлкі секілді,
Көрдім заман сайтанын.
Сайтан сарып сақалға,
Басты күнде шайқадым.
Зындан түбі қараңғы,
Қара мысық байқадым.
Салыстырып өмірдің,
Ылдиы мен қайқаңын,
Көрдім талай жорғаның,
Су төгілмес тайпаңын.
Аттылардың соңында,
Табанымды тоздырып,
Шұрық-тесік байпағым.
Жаяуларға күн бермей,
Қойқаңдаған мырзаның,
Көрдім небір сайқалын.
Үрген иті жүгірді,
Арқаланып айтағын.
Айтарымды айтамын,
Одан несін қайтамын?
Қылышым жоқ қынымда,
Қызыл тілмен жайпадым...
Несіпбек АЙТҰЛЫ
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты