Қоғам • 10 Сәуір, 2020

Алматының бас санитары: Зімбір, сарымсақ, лимон коронавирусты емдемейді

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова бүгінгі баспасөз брифингінде сәуір айы басталғалы бері COVID-19 індетін анықтауда тегін экспресс-тестілер өткізіле бастағаны туралы баяндады. Егер тестілеу оң нәтиже көрсетсе, ПТР-тест (полимеразды тізбекті реакция) жасалады.

Алматының бас санитары: Зімбір, сарымсақ, лимон коронавирусты емдемейді

«Жедел тестілеуден өткісі келген адамдар арнайы сайтта анкета толтырып, өтінім береді. Содан кейін олар іріктеледі. Бұл тест адамның індет жұқтырғанынғ немесе жұқтырмағанын анықтап береді. Егер ол оң нәтиже көрсетсе, біз ПТР диагностикаға жібереміз», – дейді департамент басшысы.

Алматының бас санитары бүгінгі күндері  алматылықтар арасында тест жасату жалғасып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі күнге 15 мыңнан астам тест жасалды. Жұма күнгі түске дейінгі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, мегаполисте коронавирус инфекциясы 122 адамда анықталды. Қазіргі күндері  бұйрыққа сәйкес ПТР-тестілеуді қажет ететін контингенттер бар. Оның ішінде індетке шалдыққан адамдар, науқастармен байланыста болғандар, шетелден келген азаматтар бар. Біз медициналық қызметкерлерді де тексеріп шықтық»,– деді Айзат Молдағасымова.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері зімбір, лимон, сарымсақтың бағасы шарықтап тұрғанын алға тартып, осының мәнісін сұрады.

– Зімбір мен лимон дәрілік затқа жатпайды. Бұл ағзаның иммунитетін көтеретін, функциясын қалпына келтіретін азық-түлікке жатады. Бірақ  осы індетті лимон, зімбір, сарымсақпен жазып шыққаны тәжірибеде жүзінде дәлелденбеген», – деді ол.

«Зімбір, сарымсақ, лимон, микроэлементтер, дәрумендерді аурудың алдын алу, денсаулықты нығайту мақсатында ішкен дұрыс. Адамдардың иммунитеті жақсы болса, дерт жұға бермейді. Сондықтан, адамдар оқшауланып, иммунитетін көтеріп жүрсе, өте жақсы қорғаныс құралы болады. Халық медицинасында қолданылатын дәрілік шөптер тек профилактикалық мақсатта ішілуі керек. Бірақ COVID-19 инфекциясы арнайы вирусқа қарсы препараттар арқылы емделеді», – деді Алматы қаласының Бас санитары.