Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Атырау: Төтенше жағдай режімін бұзғандар арасында шетелдіктер бар

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырауда төтенше жағдай режімі енгізілгеннен бері 269 адам әкімшілік  жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 10 адам төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер жасаған. Ал, 211 адам төтенше жағдай режимін бұзған. Сот қаулысымен  88 адамға қатысты әкімшілік айыппұл салынып, 89 азамат қамауға алынған.

Атырау: Төтенше жағдай режімін бұзғандар арасында шетелдіктер бар

«Атырау қаласында 10 сәуірге қараған түні көшеде жүргені  үшін 48 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың төртеуі –шетел азаматы. Соның бірі Атырауда уақытша тұратын Түркияның азаматы сағат 23:30-да медициналық маскасыз жүрген. Сағат 00:20-да Түркияның тағы бір азаматының көшеде мақсатсыз жүргені анықталды. Карантин режімін бұзғандардың арасында Өзбекстан Республикасының  екі азаматы да бар. Құқық бұзғандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476-бабының 6-бөлігімен толтырылған хаттама  материалдары  сотқа жолданды» деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Сондай-ақ төтенше жағдай талаптарын бұзу фактілерімен 40-тан астам субъект жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 6 кафе, 10 азық-түлік емес дүкен, 9 асхана, 3 букмекерлік кеңсе, 1 фотосалон, 2 компьютер клубы, 1  шаштараз, 1 сауна, 2 көлік жуу орны бар.

 

Жұмасат ҒАЗИЗ