Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Алматы: Дәріханаларға қомақты айыппұлдар салынса да, заңбұзушылықтар бар

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі күндері адам баласына керекті дүниенің қатары сирегенімен, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке сұраныстың ешқашан толастамайтыны табиғат заңдылығы. Сондықтан да алдымен осы екеуінің бағасына бақылау қажет болып тұр. Мәселен, қаладағы барлық дәріхана бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.

Алматы: Дәріханаларға қомақты айыппұлдар салынса да, заңбұзушылықтар бар

– Алматы қаласы аумағында Төтенше жағдай мен карантин кезінде дәрі-дәрмектерге қолжеткізу қалай жүріп жатқанына тоқталмақпын. Бұған дейін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының арасында меморандумға қол қойылған болатын. Яғни, бұл меморандумға төтенше жағдай мен карантин кезінде ең қажет препараттар саналатын 103 дәрі-дәрмек және медициналық өнімдер тізімі кірген болатын. Біз медициналық препараттардың саны мен бағасына күнделікті мониторинг жасап отырмыз, – деді А.Молдағасымова.

Спикердің айтуынша, дәл осы медициналық өнімдер тізімінің бағасын әкімшілік өкілдері, жоғарыда аталған департамент пен өзге де мемлекеттік мекемелер күнделікті бақылап отыр.

Жүргізілген мониторинг аясында қаладағы барлық 8 аудан қамтылған. Бүгінгі күні олар 135 дәріхана ұйымына бақылау жасап, 5 дәріханада баға көтеру дерегін анықтаған.

– 2019 жылдың 1 маусымында ҚР Денсаулық сақтау министрі қол қойған осы бұйрыққа тоқтала кетсек, жоғарыда аталған, сатуға тыйым салынған дәрі-дәрмектердің барлық дерлік түрлеріне шекті баға қарастырылған. Жауапкершілікке тарту үшін 5 дәріхана сотқа жіберілді, – деді спикер.

Айта кетейік, заң бұзғаны үшін 97 мыңнан бастап 225 мың теңгеге дейін айыппұлдар қарастырылған.

Бас санитардың мәлімдеуінше, қалалық штаб пен «Дольче Фарм» өндірушісінің арасындағы келісімшарт негізінде қаладағы 70 дәріханада тұрғындарға арналған бетперде жеткілікті түрде сатылатын болды. Мәселен, 9 сәуірде 164 мың бетперде болса, бүгін бетперде саны 250 мыңға жетіп отыр. Үш қабатты бетперде үшін баға саясаты 87 теңге болса, ал көмір сүзгісінен жасалған бетперде 111 теңге және бір адамның қолына 10 бетпердеден артық берілмейді.

Сауда және интеграция министрлігі мен Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктері 7 сәуірде «Медициналық бетперделердің шекті бағасын бекіту туралы» бұйрыққа қол қойған болатын. Ол бойынша бір медициналық бетперде үшін бекітілген баға 118 теңгеден аспау керек.