06 Қыркүйек, 2013

Көпірлер көркі көз қуантатын болады

522 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәні мен салтанаты жарасқан Астананың сәулетті сымбатына ерке Есілдің екі жағалауын жалғастыратын көпірлер де ерекше әр қосады. Қала көпірлері қос жағалауға қатынайтын көлік нөпірін жеңілдетумен бірге, Астананың ажарын аша түседі.

Қаламыздағы «Сарыарқа» және «М-2» көпірлері бір қатар жылдардан бері көлік қозғалысының ұтымды аймақтары болып, бұл кө­пірлерге үлкен салмақ түсті.

Сәні мен салтанаты жарасқан Астананың сәулетті сымбатына ерке Есілдің екі жағалауын жалғастыратын көпірлер де ерекше әр қосады. Қала көпірлері қос жағалауға қатынайтын көлік нөпірін жеңілдетумен бірге, Астананың ажарын аша түседі.

Қаламыздағы «Сарыарқа» және «М-2» көпірлері бір қатар жылдардан бері көлік қозғалысының ұтымды аймақтары болып, бұл кө­пірлерге үлкен салмақ түсті.

Осының салдарынан көпірлердің құрылымы және негізгі тұғырлары, жолға төселген асфальт қабаттары ескірді. Қалалық көлік құралдары және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдеуінше, қазір осы көпірлерде қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары құ­рылыс нысандарының төзім­ді­лігі мен беріктігін арттырып қана қоймайды, сонымен бір­ге, архитектуралық сәулетін өз­гертетін болады.

«Сарыарқа» көпірінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 440 текше метр ұзына бойы салмақ қайырғыш бөренелер ауыстырылады. Көпірдің қоршау беттеріндегі әрлендіру плиталары гранитпен алмастырылады. 544 метр ұзына бойы тұтылған болат қоршаулар және 20 сыртқы жарық бағаналары шойынға алмастырылады. Көпірдің жол қабатындағы 6 мың шаршы метр асфальт-бетон жабылғылары ауыстырылады. Сондай-ақ, көпір үстінде әшекейлі қоршаулармен оқшауланған көру алаңдары жасалатын болады.

Жалпы ұзындығы 700 метр­ге созылған «М-2» көпіріндегі күрделі жөндеу барысында 2160 метр ұзына бойы салмақ қайырғыш бөренелер алмастырылады. Көпір қоршаулары гранитпен әрлендіріледі. Мұнда да 1500 метр сыртқы болат қоршаулар және 30 жарық бағаналары шойынмен алмастырылады.

Осы күрделі жөндеу жұмыстары барысында бұл көпірлердің архитектуралық-мүсіндік композициясы мүлде өзгертіліп, онда қазақ халқының бай мәдени тарихынан мұра болып қалған көшпенділер өркениетінің өрнектері көрініс табатын болады. Көпірлерді архитектуралық әрлендіру жұмыстарының нәтижесінде сақтар дәуірінің қолданбалы өнер дәстүрі кеңінен пайдаланылмақ.

Мәселен, «Сарыарқа» көпірі­не шығу баспалдақтарына архи­тектуралық-мүсіндік компози­циялар орнатылады. Әрбір ком­по­зицияның негізі шар тектес биік бағаналардан тұрады. Әрбір шардың қасбеті қазақ даласының қайталанбас табиғатының көрі­ністерімен көркемделетін болады. Шарды айнала қоршайтын торкөздер және жарық бағаналары­ның төменгі тұғырлары алтын жалатылған бояулармен боялады. Бұл сәулет өнерінің озық үлгілері сақтардың қайталанбас өнерін көрсетумен бірге, тәуелсіз Қазақстанның астанасы қоныс тепкен Сарыарқаның салтанатын, яғни «Алтын даланың» қайталанбас көркемдігін паш етеді. Ал «М-2» көпірінің екі жақтағы кіреберісіне төрт биік бағаналар тұрғызылады. Бұл бағаналар да сақ мәдениетінің қолданбалы өнерімен әрлендіріледі. Көпірдің екі жағындағы кіреберістегі төрт биік бағана Астана қаласына кіретін салтанатты қақпа іспеттес.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар