Ал індет шыққан ошақтарды ҚР ДСМ «Ұлттық сараптама» орталығының Қызылорда облыстық филиалы мамандары залалсыздандыруда.
Бүгіннен бастап облыс орталығындағы көп қабатты үйлер аулалары мен подъездерді дезинфекциялау басталды.
- Кеше ғана облысқа тағы 10 мың қосымша тест сынамасы жеткізілді. Сонымен қатар, 2 лаборатория орталығы іске қосылады. Осының барлығы індеттің таралуын тежеп, халыққа тигізер зардабын мүмкіндігінше азайтудың амалы, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, осы қауіпсіздік шараларына шекеден қарап, бағынғысы келмейтіндер де кездеседі. Мысалы, төтенше жағдай жарияланғалы бері оның режимін бұзған 40 дәмхана мен мейрамхана, 22 жеке үй, 54 дүкен иесіне шара қолданылды. Одан бөлек облыс аумағындағы бақылау бекеттерінің де жұмысына кедергі келтіретіндер жоқ емес. Індетпен күрес көпке ортақ міндет екендігін түсінбей, тәртіп бұзғандардың бәріне шара қолданылды.