06 Қыркүйек, 2013

Қаржыны бақылаудың қырлары көп

273 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің ХІІІ сессиясы болып өтті.

Сессияны ашқан Қазақстан Респуб­ли­касы Есеп комитетінің төрағасы Аслан Мусин Достастық елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуды қамтамасыз ету ісінде мемлекеттік қаржы бақылау органдарының ерекше рөл атқаратындығын атап өтті.

Кеше Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің ХІІІ сессиясы болып өтті.

Сессияны ашқан Қазақстан Респуб­ли­касы Есеп комитетінің төрағасы Аслан Мусин Достастық елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуды қамтамасыз ету ісінде мемлекеттік қаржы бақылау органдарының ерекше рөл атқаратындығын атап өтті.

Сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов оқып берді. Елбасы өзі­нің құттықтау хатында ТМД елдері Жо­ғары қаржылық бақылау органдары басшыларының тұрақты өтіп келе жат­қан бұл отырыстары қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың бірыңғай әдіс-тәсілдерін әзірлеу мен мемлекеттік қаржы бақылау жүйесін жетілдіру мәселесі жөнінде тәжірибе алмасудың беделді алаңына айналып келе жатқандығын атап көрсеткен. Сонымен қатар, осы сессияның күн тәртібіне қойылған мәселеге қатысты қазіргі уақытта әлем халықтары санының жедел өсуі мен табиғи ресурстардың азаюы және басқа да қауіп-қатерлер жаһан­дық деңгейде азық-түлік қауіпсіздігі проб­лемасының күшейе түсуіне ықпал етіп отыр­ғандығын, мұндай жағдайда ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға бөлінетін мем­лекеттік ресурс­тарды тиімді пайдалану ісінің өзекті бола түскендігін жеткізген. Осыған байланыс­ты осы басқосудың барысында оның күн тәртібіне қатысты мәселенің шешімін әзірлеу ісінде прогрессивті әдіс-тәсілдерге иек артылатындығына сенім білдірген.

Елбасының құттықтау хатын оқып бергеннен кейін отырысты жүргізіп отырған Аслан Мусин Қазақстан Президентінің ауыл шаруашылығын дамыту ісіне тұрақты түрде назар аударатындығын айта келе, сессия жұмысына көрсеткен ықыласы үшін басқосуға қатысушылар атынан үлкен алғысын білдірді. Сондай-ақ, осындай құттықтаулар Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовтен, Пар­ламент Сенаты мен Мәжілісінің төра­ға­лары Қайрат Мәми мен Нұрлан Нығма­тулиннен келіп түскендігін жеткізді.

Отырыс барысында Тәжікстан Респуб­ли­касы Есеп палатасының төрағасы Дил­мурод Давлатовтың өзін ТМД елдері Жоға­ры қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің құрамына қабылдау жөніндегі өтініші қаралып, ол осы кеңес құрамына өткізілді.

Мұнан кейін ТМД елдері Жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің ХІІ және ХІІІ сессиялары аралығындағы қызметі туралы есепті баяндаманы Қырғыз Республикасы Есеп палатасының төрайымы Эльмира Ибраимова жасады. Ол өз сөзінде әлемнің қай өңірінде болмасын қазіргі уақыттарда өмірдің алға тосқан қауіп-қатерлеріне бірігіп жауап беру үшін интеграциялық үдерістердің үдей түскендігін атап өтіп, соның жарқын бір мысалы ретінде ТМД аясында ЕурАзЭҚ-тың және Кеден Одағының құрылып, тиімді жұмыс істеп келе жатқандығын алға тартты. Ендеше, ТМД аясындағы елдердің жоғары қаржылық бақылау органдары басшыларының бір кеңес аясында бірігіп, өзара тәжірибе алмасуы, бірыңғай іс-әрекет шараларын үйлестіруге ұмтылуы заман ағымынан туып отырған жайт. Осы жағдайды сөз ете отырып, Эльмира Ибраимова екі сессия аралығында жүргізілген жұмыстарды баян­дап берді. Ол өз сөзінің соңында ТМД елдері Жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесіне төрағалық өкілеттігін және оның символдық белгісін Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің төрағасы Аслан Мусинге тапсырды.

Кеңес отырысында күн тәртібінде қаралған мәселе – ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қолдау бойынша бөлінген қаржының орындалуына аудит жүргізудегі ТМД елдері жоғары қаржылық бақылау органдарының рөлі мен орны туралы бірнеше баяндамалар тыңдалды. Бұл ретте ең әуелгі сөзді Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков алып, еліміздің агросекторындағы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен осы салаға бөлінген қаржылардың пайдаланы­луы жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығын мем­лекеттік қаржылай қолдау кө лемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл мақсатқа мемлекет үш триллион теңгені немесе 20 миллиард долларды жұмсап отыр. Бұл қаржының басым бөлігі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге субсидия түрінде бөлінеді.

Қазақстан агросекторына мемлекет тарапынан болып жатқан жүйелі қолдау мен қамқорлықтың нәтижесінде саланың ауқымы мен өнім көлемі жылдан-жылға арта түсуде. Қазіргі күні Қазақстан астық пен ұн өндіріп сатудан әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына қосылып отыр. Енді мал шаруашылығын дамыту ісі екпінді түрде қолға алынуда. Мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын арттырудан бас­тап, тауарлы өнімдер өндіруде ірі жобалар жүзеге асуда. Осы істердің барлығында мемлекет қамқорлығы айқын сезілуде.

Мұнан кейін Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығына бөлінген қаржылардың тиімді игерілуіне қатысты әңгіме қозғап, қаржының жұмсалуы мемлекеттік органдар, соның ішінде Есеп комитетінің тарапынан қатаң бақылауға алынатындығын атап көрсетті. Есеп комитеті әр тексерістен кейін аталған мәселеге қатысты тиісті нұсқауларын жасайды. Ол нұсқаулардың орындалуы тұрақты бақылауда ұсталынады. Осыған сәйкес қазіргі күні министрліктің ішкі аудит жұмыстары да нығая түсуде. Осы мақсатта он сегіз маманнан құралған тұрақты топ жұмыс істейді.

Мұнан кейін сессия жұмысына қатысқан Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Украина елдерінің қаржы бақылау органдарының басшылары Ишхан Закарян, Александр Якобсон, Эльмира Ибраимова, Серафим Урекян, Сергей Степашин, Роман Магута сөз алып, өз елдерінде аталған мәселеде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді. Басқа да мәселелер қаралып, кеңестің сарапшылар тобының, жұмыс топтарының есептері тыңдалды.

Отырыс қорытындысында ауыл­шаруа­шылық тауарларын өндірушілерді қолдауға бөлінген қаржыларды пайдалануға аудит жүргізу ісіндегі ТМД елдері жоғары қаржы бақылау органдарының жұмысы жөнінде арнайы қарар қабылданды.

Сессия барысында екіжақты келісімдер жасалды. Онда Қазақстанның Есеп комитетінің төрағасы А.Мусин Армения, Молдова және Тәжікстан республикалары есеп палаталары төрағаларымен келісім-шартқа қол қойды. Айтқандай, сессияның келесі жиынын өткеруге Молдова өтініш түсіріп, ол бірауыздан қолдау тапты.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің сессиясы соңында баспасөз-мәслихаты болып өтті. Онда А.Мусин бастаған есеп палаталарының басшылары сессияның мән-маңызы туралы айтып, талқыланған мәселелерге тағы бір рет тоқталды. Сөйтіп, көпшілікті толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Алғашқы сұрақ Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы Сергей Степа­шинге қойылды. «Хабар» агенттігінің тіл­шісі осы кеңесті құрудағы басты мақсат тура­лы сұрады.

– Кеңестің құрылғанын қатысушы елдердің бәрі мақұлдады. Өз кезегінде бір-бірімізбен әр сессияда ашық пікірлесіп, көптеген жұмыстарда тәжірибе алмасып отыруымыз, игі шара ретінде бәрімізге де тиімді болып тұр. Мұнымен қатар, бұрын бір шаңырақтың астында өмір сүрген, кейін тәуелсіздік алған елдердің бәрінде де бюджеттік және қаржылық мәселелер өте көп. Соларды әріптестермен бірлесе отырып талқыласақ, тиімді шешімдерін тапсақ, бұл ортақ іс болып шығады. Осы тұрғыдан қарасақ, кеңесті құрудағы басты мақсат – мемлекеттік қаржының игерілуін бақылап, оның дұрыс орындалу тетігін бірге отырып қарастыру, – деді Сергей Степашин.

Украина Есеп палатасының төрағасы Роман Магута, осындай үлкен көлемде сессия ұйымдастырып, оны жоғары дәрежеде өткізген қазақстандық әріптестеріне алғысын айтты. Сөйтіп, кеңестің аудит жүргізудегі тиімділігі мен тәжірибе алмасулары сала мамандарына көп пайдасын тигізетінін жеткізді. Ол қаржы бақылау органдары қызметкерлерінің білім-білігін көтеріп, жұмысын кәсіби атқаруына көмектеседі, деді.

Келесі сауалды «Қазақстан» ұлттық теле­арна­сының тілшісі Қазақстан Есеп комите­тінің төрағасы А.Мусинге қойды. Телетілшіні толғандырған сауал, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің тізгінін жаңа ғана алған Қазақстанның жауапкершілігі туралы болды.

Мұндай үлкен кеңесті басқару ісіндегі жауапкершілік өте зор екенін жақсы білеміз. Әр елдің ең жоғары қаржы бақылау органдары кеңесін басқару әрине, оңай емес. Десек те, Қазақстан бұл тұрғыдағы қызметін тиянақты атқарып шығуға барлық білім-білігін жұмсайды. Ең бастысы, бүгін осында жасалған жоспарларды жүзеге асыруға қатты мән береміз. Әр істі әр іптестерімізбен ақылдаса отырып атқарсақ, түйінді мәселелер өз жүйесін табады, деп қорытты сөзін А.Мусин.

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі бұған дейін аталған кеңеске бір жыл бойы төрағалық еткен Қырғыз Республикасы Есеп палатасының төрайымы Эльми­ра Ибраимовадан бүгінгі жиын қоры­тын­дысында қабылданған маңызды шешімдер туралы сұрады.

– Бүгінгі жиындағы ең маңызды ше­шім, кеңес төрағалығының Қазақстанға өткізілгендігі деп ойлаймын. Мұнымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерді қолдау, демеу бойынша маңызды қарар қабылданды. Сондай-ақ, бұдан былайғы байланысты әлі де дамыта түсуге келістік. Осы сынды өте салмақты бірқатар шаралар атқарылды. Оның жемісін алдағы уақытта көреміз деген үміттемін, – деп жауап берді ол.

Осымен ТМД-ға мүше елдер жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесінің ХІІІ сессиясы өз жұмысын аяқтады.

СұңғатӘЛІПБАЙ,

НұрбайЕЛМҰРАТОВ,

«ЕгеменҚазақстан».

Соңғы жаңалықтар