Қазақстан • 11 Сәуір, 2020

Қазпошта әлеуметтік жәрдемақы алуды жеделдететін виртуалды карта шығара бастады

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазпошта төлем карталарын шығарып, шот ашуды онлайн жүзеге асыратын қызметті іске қосты. Бұл ақжолтай хабарды «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Facebook-те жеткізді.

Қазпошта әлеуметтік жәрдемақы алуды жеделдететін виртуалды карта шығара бастады

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында әлеуметтік жәрдемақы алу үшін банктерде есеп ашу мәселесі қиындық тудырып жатқанын айтып, Үкіметке төлем карталарын қашықтан алу мәселесін 3 күн ішінде  шешуді талап еткен еді.

Бүгін «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Kazpost Virtual қызметін іске қосқандарын, 1000-нан астам виртуалды карта шығарып үлгергендерін хабарлады.

Бұл қызмет қазір post.kz сайтында және AppStore-де қолжетімді. Ал Playmarket-те жаңартуды күтіп отыр. Енді кез келген азамат смартфоннан үйден шықпай-ақ онлайн түрде төлем карталарына және шот ашуға тапсырыс бере алады.

Жәрдемақы бөлу туралы шешім тез қабылданып, халыққа тарату жолдары да асығыс қарастырылды. Халыққа арнайы шоттар ашудың негізгі ауыртпалығы Қазпоштаға түсті. Жасыратыны жоқ, аудандар мен ауылдарда ақша аударуға, төлемдерді төлеуге, карта ашуға болатын жалғыз мекеме – Қазпошта. Біз, ең алдымен, әлеуметтік бағдарланған компания екенімізді және әрқашан біздің азаматтарымыздың мүдделеріне сай әрекет ететінімізді қайталаудан ешқашан шаршамаймын. Осы күндері біздің әріптестеріміз еліміздің барлық аймақтарында жұмысқа шығып елдің зейнетақы мен жәрдемақыларын үйлеріне жеткізіп берумен қатар, әлеуметтік төлемге құқықтары бар азаматтарға арнайы шоттарды ашып беруде. Соңғы 11 күнде біз тек БЖТ мәселелері бойынша 464 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеттік. 285 177 шот ашып, 300 193 адамнан БЖТ қабылдадық. Қазпошта арқылы 45 000 адам 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемақысын алды, – деді Сәкен Сәрсенов.

Қазпоштаның IT және Қаржылық қызметтер департаменттеріндегі қызметкерлері бөлімшелерге келмей-ақ, онлайн режимде банктік шот ашуға мүмкіндік беретін жүйені тез арада іске қосуды қолға алған. Виртуалды карта тегін ашылады және пайдаланға ақы талап етпейді.

Kazpost Virtual картасын зейнетақы, жәрдемақы және алименттерді алудан басқа, интернет арқылы тауарларды қауіпсіз сатып алуға пайдалануға болады. AliExpress-тегі әрбір тауарға 1,5%, ал басқа интернет-дүкендердегі тауарға 1% сashback қайтарылады.

Сондай-ақ, Кazpost Virtual картасының көмегімен post.kz сайтында коммуналдық төлемдерді, әртүрлі мекемелердің қызметтерін төлеуге, ақшаны картадан картаға ауыстыруға болады.