06 Қыркүйек, 2013

Армандардың арманы асқақ, істері ширақ

434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бесқарағай ауданында болғанымызда аудан басшылары Елбасының талабына орай Алматыдан ауылға, Канонерка деген жерге келіп өндіріспен шұғылданып жатқан Арман есімді қос азаматтың тіршіліктерімен танысуымызды өтінген еді.

Бесқарағай ауданында болғанымызда аудан басшылары Елбасының талабына орай Алматыдан ауылға, Канонерка деген жерге келіп өндіріспен шұғылданып жатқан Арман есімді қос азаматтың тіршіліктерімен танысуымызды өтінген еді.

Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған дейді халқымыз. Бұлардың тірлігін ел басшылары құп көріп жатса, олармен неге таныспасқа деп қайтар жолда атбасын Канонерка ауылына тірегенбіз. Екі Арманның бірі Жақиянов «IsunPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болса, екінші Арман Иманғазин оның өндіріс жөніндегі орынбасары екен. Қырқында қамал алуға ұмтылып отырған бұлардың екеуі де осы өңірдің азаматы. Бұлар осыған дейін Алматыда түрлі кәсіппен айналысыпты. Мектепте орысша оқығанмен қазақшаға да жүйрік.

Қазірде бұлар полиэтилен құбырларын шығаратын жаңа кәсіпорынды қатарға қосумен айналысуда. Диаметрі 160 миллиметрден 400 миллиметрге дейін жететін мұндай құбырлардың тоғыз түрі шығарылмақ. Бұл құбырлар су, газ, кабель тартуға пайдаланылатын болады. Және оларды ауыстыру оңай. Яғни бір жерден ақау шығып жатса, құбырдың бәрін ауыстырып жатпайсың.

Жаңа кәсіпорын толық күшіне енгенде, яғни екі ауысымда іске қосылғанда жалпы салмағы айына екі жүз тоннадан астам, ал жылына үш мың тоннаға жуық құбыр шығаратын болады. Бас директор мұндай кәсіпорынның ауданда жоқ екендігін, Семейде де біреу ғана екендігін, жалпы еліміз бойынша полиэтилен құбырларына деген қажеттілік 70 пайызға ғана орындалып отырғанын, сондықтан амандық болса өздерінің өнімдеріне деген сұраныс көп болатындығын айтқан. Соған орай бұлар өз өнімдерін Шығыс Қазақстанмен бірге, көршілес Павлодар және Қарағанды облыс­тарына, сонымен бірге, Ресейдің Алтай өлкесі мен Новосібір аймағына жөнелтетіндерін мәлімдеген. Елбасы айтқандай, өз өнімдерін шетке шығару уақыт талабы, Кеден одағы талабы.

Біз де қарап тұрмай бас директорға сонда сіздерді осындай құбыр шығару туралы ойға не жетеледі дейміз ғой баяғы. Біріншіден, Елбасы бізге, жастарға ауылға барып, елге пайдаларыңды тигізіңдер, деді емес пе дейді Арман. Сонан соң, екіншіден, елімізде қолға алынып отырған «Ақ бұлақ» бағдарламасымен жете танысқан соң, осындай ойға келдік. Тегінде ескі сүрлеумен жүре бергенше, тың жол іздеген жақсы. Ал оны біз, жастар іздестірмесек, кім іздестіреді?

Арман солай дегенмен, әуелде бұл шіркінді бастау қиын демекші, тың жұмысты қолға алу оңайға түспепті. Бұлар соңғы жиырма жыл бойы қаңырап бос тұрған совхоз кеңсесін сатып алады. Оның ғимарат деген аты ғана екен. Есік, терезеден ештеңе жоқ. Су мен жарық және жоқ. Кеңсе ауласын белуардан келетін арам шөп басып кеткен. Қоқыс дегеніңізді тонналап тасып шығарады.

Міне, енді, сол ғимаратыңыз бір жөнге келіп қалыпты. Бұл жұмыспен оннан астам ауыл азаматтары айналысып жатса, ертең кәсіпорын пайдалануға берілгенде де онда осы ауылдың жиырмашақты азаматы жұмыс істейтін болады. Ал олардың орта табысы кем дегенде 50 мың теңгені құрамақ. Қазірде болашақ жұмысшыларды даярлау ісі қоса жүргізілуде.

Осы орайда жаңа кәсіпорынға Шанхайдың жаңа құрал-жабдық­тары орнатылып жатқанын айта кетсек дейміз. Арманның өзі Шан­хайға да барып келіпті. Біздің сұрағымызға орай бас директор осындай құбырларды жасауға қажетті шикізатты, РЕ-100 маркалы пластмасса ұнтақтарын әзірге Ресейден алып жатқандарын, енді ондай шикізат Атырауда жасалып жатқанын айтқан. Мұндай шикізат газдан жасалатын көрінеді. Соның бәрі өндірісті дамытудағы біздің еліміздегі оңды үрдісті байқатса керек. Ал оның бір парасы ауылда қолға алынып отырғаны, әрине, қуанышты жағдай. Аманшылық болса, бұлардың жаңа кәсіпорны бір-екі айда қатарға қосылмақ. Ал олар мұндай игілікті істі былтырғы жылдың шілде айында ғана қолға алған болатын.

Сұрастыра келгенде бас дирек­тордың төрт баласы бар екендігін білдік. Олардың үлкені Елдос студент болса, қалғандары мектепте оқитын көрінеді. Ал Салтанат келініміз Астанада «Қазақтелеком» саласында қызмет етуде. Ұрпаққа да бас-көз болып, ауылды да гүлдендіруге атсалысып жатқан мұндай азаматтардан қайтіп айналмайсың!

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы.

Суретте: өндіріс алаң ынан көрініс.

Соңғы жаңалықтар