Аймақтар • 12 Сәуір, 2020

Коронавируспен күрес: Бәрі де өзімізге байланысты

428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде дерттің алғашқы дерегі білінгеннен-ақ оның жалпақ жұртқа жайылып кетпеуі үшін қам жасалды. Дегенмен де, қазір біраз өңірде вирусқа шалдыққандар қатары көбейіп келеді. Мысалы, екі апта ішінде Сыр бойында олардың саны 116 адамға жетуі кімді де ойлантуы тиіс жағдай.

Коронавируспен күрес: Бәрі де өзімізге байланысты

Жергілікті билік дер кезінде шектеу шараларын қолға алып, облыс орталығы мен аудандар, кейбір елдімекендер карантинге жабылды. Облыс аумағында көлік қозғалысы шектелді, такси қызметі тоқтатылды, тұрғындарға өздері тұратын үй маңайынан ұзап шықпау қажеттігі ескертілді. Тіпті, облыстың бас санитарлық дәрігерінің №8 қаулысымен барлық құрылыс жұмыстары тоқтатылып, облыс орталығындағы қоғамдық көлік қызметінің жүру уақыты шектелді. Осылайша билік вирустың таралуын тежеудің  барлық амалын жасады, енді тек тұрғындар азаматтық жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана індеттің құрығына ілінгендер  қатары күн сайын кеми бермек.

Осыған байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақ халқына үндеу жариялады. Облыс басшысы проблеманың шын мәнінде алапат екенін әлі де болса түсіне алмай отырғанымызды атап өткен.

Аймақ бойынша вируспен күреске медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылған. Тосқауыл бекеттерінде 200 полицей мен 170 әскери қызметкер үздіксіз кезекшілік етіп тұр.

Бірақ, өмірін қатерге тігіп, елді қауіпті індеттен арашалап қалудың қамымен жүрген осы азаматтардың еңбегін ескеріп жатқандар аз сияқты. Мысалы, қазір көшеде жүрген адам да, көлік те көп. Бұл талаптың толық орындалып жатпағандығын көрсетеді. Қала мен елдімекендердегі тосқауыл бекеттерін де айналып өтуге тырысушылар да аз емес екендігі байқалып қалады.  Оған мысал, 11 сәуір күні болған жағдай. Осы күні рейдке шыққан «Охотзоопром» ӨБ»  РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторлары қалаға таяу Досан ауылының маңында күдікті көрінген екі көліктің соңына түседі. Инспекторлардан қашып, аударылған көлік ішінен мүйізі кесілген 54 киік, 224 дана мүйіз, 25 оғы бар МР-153 маркалы аңшы мылтығы, дүрбі мен пышақ табылды. Екінші көлікке ауысып мінген браконьерлер құтылып кетті. Қазір карантин кезінде жан-жағы қымталған қаладан сытылып шығып, талай жануарды оққа байлаған браконьерлер іздестірілуде. Күні-түні адам өмірінің сақшысы болып жүрген дәрігердің, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтайтын полицейдің, облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошағын залалсыздандырып жүрген әскерилердің еңбегін бағаласақ, мұндай қадамға бармас едік-ау.

Гүлшара Наушақызы үндеуде жұрттың өз бетінше оқшауланып, үйден шықпай, жақындарымен жүздесуден уақытша бас тартуы коронавируспен күреске қосқан үлкен үлес екенін атап өтеді. Аймақ басшысының әлеуметтік желідегі парақшасына көптеген маңызды әрі мазмұнды ұсыныстар түсіп, олар бойынша тиісті орындарға тапсырмалар беріліпті. 

Тұрғындарға арнаған үндеуінде облыс әкімі халықпен кері байланыстың маңыздылығына назар аударып, әрбір пікір ескерусіз қалмайтындығын жеткізеді.

Бұл індет біздің елдігіміз мен бірлігімізді сынайтын сәт болып тұр. Ал ол үшін ең алдымен әрбір тұрғын азаматтық жауапкершілікті сезіне білуі керек.