Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында – 238, Алматы қаласында – 145, Шымкент қаласында 38 жағдай тіркелсе, облыстардың ішінде індетті ең көп жұқтырған Қызылорда облысы (116 адам) болып тұр. Ал Ақмола облысында – 71, Қарағанды облысында – 65, Атырау облысында – 59, Жамбыл облысында 46 адам вирус жұқтырса, Түркістан облысында – 36, Солтүстік Қазақстан облысында – 25, Ақтөбе мен Алматы облыстарында 11 науқастан тіркелді. Ауруға шалдыққандардың саны Маңғыстау облысында – 10, Павлодар облысында – 9, Батыс Қазақстан облысы – 8, Шығыс Қазақстан облысында – 6, Қостанай облысында 3 адамға жетіп отыр. Республика бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың 86-сы жазылып шықса, 10 адам көз жұмды.
Кеше Атырау облысының әкімдігі жұқпалы аурулар стационарынан коронавирус жұқтырған алғашқы пациенттердің жазылып шыққанын хабарлады. Олар – 27 наурызда ауруханаға жатқызылған 14 жастағы қыз бен 19 жастағы жігіт. Екеуі де 14 күн бойы медициналық қызметкерлердің бақылауымен үй карантинінде болады.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық штаб Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес карантин сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын хабарлады. Бүгін Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында жұмысын қайта бастай алатын кәсіпорындардың нақты тізімі қаралмақ. Алайда, жұмысын қайта бастайтын нысандар қатаң санитарлық-эпидемиялық режімді қамтамасыз етуге міндетті.