«Карантин енгізілгеннен кейін аурудың өсу қарқыны республика бойынша 24%-дан 7%-ға дейін төмендеді. Яғни, соңғы төрт күнде коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының бәсеңдегенін байқаймыз. Алайда, Қазақстанда эпидемия шарықтау шегіне жетпегенін айта кету керек. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин шараларының күшеюіне байланысты эпидемияның өсімі айтарлықтай баяулады. Дегенмен басқа өңірлерде эпидемия өршіп барады. Қазақстанда эпидемияның шырқау шегі шамамен бір-екі аптаның ішінде болады деген болжам жасалып отыр», деген министрлік өкілі 4 сәуірден бері Нұр-Сұлтан қаласында аурудың өсу қарқыны 8,4%-дан 0,9%-ға, Алматыда 15%-дан 2,5%-ға дейін төмендегенін жеткізді.
Алматыда емделіп жатқан бір науқастың жағдайы өте ауыр екенін хабарлаған Б. Жақселекова: «Қазір стационарлық емді 712 науқас қабылдап жатыр. Алматыда жатқан пациенттердің бірінің жағдайы аса ауыр. 17 науқастың жағдайы ауыр, 107 науқастың жағдайы орташа деңгейде. Ал ауру жұқтырғандардың 80%-ы, яғни 587 адамның ауруы жеңіл немесе симптомсыз», деді.
Бұдан бөлек Ботагөз Жақселекова медицина қызметкерлеріне беріліп жатқан сыйақының жайына тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың жанынан медицина қызметкерлеріне қосымша сыйақы төлеуді қадағалайтын комиссия құрылған. Медициналық ұйымдардың басшылары сыйақы алатын қызметкерлердің аты-жөні көрсетілген тізімді комиссияға береді. Төлем Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен беріледі. «Бұйрық бойынша жедел басқару штабының бастығы немесе оның орынбасарының басшылығымен жергілікті атқарушы органның жанынан комиссия құрылады. Оның құрамына облыстың бас санитарлық дәрігері, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, үкіметтік емес құрылымдардың өкілдері кіреді. Наурыз айында шамамен 5,2 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа денсаулық сақтау ұйымдарымен келісімшарт жасалды. Медицина қызметкерлеріне 8 сәуірден бастап осы қаражаттан аударылып жатыр. Кеше бес аймақ өз қызметкерлеріне сыйақыны аударды. Қалған аймақтар жұмысты жалғастыруда», деді министрліктің жауапты хатшысы.
Сондай-ақ спикер елімізге көмекке келген Қытай делегациясы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларындағы көпбейінді ауруханалар мен клиникаларды аралап, ЖОО-ларда кездесу өткізетінін, олармен еліміздің медицина мамандары арасында онлайн тәжірибе алмасу да болатынын атап өтті. «9 сәуірде елімізге Қытайдың 10 медицина қызметкері келді. Олардың ішінде интенсивті терапия, инфекциялық бақылау, пульмонология, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандар бар. Сонымен қатар делегация құрамында жаңа коронавирус инфекциясымен күресте тәжірибесі бар медбике де келді. Қытайлық делегацияның бағдарламасы өте мазмұнды. 15 күнге созылады. Олар көпбейінді ауруханалар мен клиникаларды аралап, әртүрлі мамандықтағы дәрігерлермен онлайн-тренинг өткізеді. Делегациямен тәжірибе алмасу үшін аудандық деңгейге дейінгі медициналық қызметкерлерімізді тартып отырмыз. Медициналық ЖОО-ларда кездесу мен баспасөз мәслихаттарын да өткізеді. Мамандар вирусты анықтау алгоритмі, байланыста болған адамдарды оқшаулау, Қытайдағы эпидемиялық зерттеу әдістерін пайдалану, емдеу хаттамалары мен диагностика, медициналық қызметкердің вирус жұқтыруын болдырмау амалдары жайлы айтады», деді Б.Жақселекова.