Руханият • 13 Сәуір, 2020

Жаһанға ұсынар жауһарлар

449 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық санаға сілкініс жасаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы соңғы 3 жылда қазақ мәдениетін жаһанға танытуға теңдессіз үлес қосып келеді. Айтулы бағдарламаның ауқымды тармағы саналатын «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бүгінде ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді әлемдік сахна кеңістігінде танытудың аса маңызды әрі қуатты құралына айналып отыр. Аталған жоба шеңберінде қазақ өнерінің сан тарапты жауһарлары жаһандық мәдениет аренасына жол тартып, дүниежүзілік масштабта мойындалып үлгерді.

Жаһанға ұсынар жауһарлар

Бағдарлама аясында жүзеге асқан тұшымды жұмыстар нәтижесі шын мәнінде өнеріміздің өрісін кеңейтіп, халқымызға өркениет биігінен көз тігуге тамаша жол ашып берді. Осыдан үш жыл бұрын жарық көрген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған әрбір ұсыныс, бастама бүгінде қазақ ұлтының игілігі үшін қызмет етіп келеді деп сеніммен айта аламыз.

Аталған жұмыстардың ішінде, әсіресе, «Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» бағдар­ламасының алар орны айрықша. Бағдарлама күшіне енген күннен бастап Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында қолға алынған бұл жобаның қазақ өнері мен мәдениетін жаһандық кеңістікке шығарудағы ықпалы мен рөлі зор болды. Атап айтар болсақ, бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қытай, Ұлыбритания және Беларусь Республикасында бірқатар халықаралық жобаларын жүзеге асырды. Соның ішінде, әсіресе 2017 жылдың 14 қыркүйегінен 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін Британ музейінде (Ұлыбритания) өткізілген «Еуразияның ежелгі көшпенділері» халықаралық көрмесі мен Тәуелсіз­дік күні қарсаңында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) ұйымдастырылған «PHOTO fest.KZ – гүлденген Қазақстан әлем фотосуретшілерінің көзімен» атты фотокөрмесіне айрықша тоқта­лып өтуге болады. Фотокөрме ая­сында қатысушылар Бурабай, Қор­ғал­жын, Баянауыл, Ұлытау, Қар­қаралы, Түркістан, Отырар, Шарын, Шымбұлақ, Медеу, Таңбалы тас, Көлсай сынды Отанымыздың тари­хы тереңдігімен тағылымды, таби­ғаты сұлулығымен көз тартар әсем жерлерімен фотосурет арқылы таны­су­ға мүмкіндік алды. Қазақтың бай­­тақ даласы фотосурет тілінде әлем халқы­ның назарын өзіне бұрғызды.

«Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» бағдарламасы­ның келесі бағыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың желтоқ­сан айындағы Беларусь Респуб­ли­касына ресми сапары аясында Беларусь Республикасының Ұлттық бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналып тұсауы кесілген «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрмеде өз жалғасын тап­қан болатын. Аталған көрменің бағыты одан әрі Мәскеу қаласына бұрыл­ды. 2018 жылдың 4 сәуірінде Мәс­кеудің Бүкілресейлік халық өнері мен декоративті-қолданбалы өнер музейінде қазақтың мәдени құнды­лықтары Ресей халқына кең ауқымда таныстырылды. Мәдени шарада Қазақстан Республикасының бас­ты нышаны ретінде «Алтын адам» көрер­мен назарына ұсынылды.

Туған елдің тарихын паш етер фото­көрмелер мен музей жұмыстары ғана емес, қазақтың театр мен кино өнерін де әлемдік мәдени кеңіс­тікте жан-жақты насихаттау – «Жа­һандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының басты бағыттарының бірі. Оның бірден-бір дәлелі – Лос-Анджелес пен Лондон қалаларында «Қыз Жібек» (режиссері – С.Қожықов), «Анаға апарар жол» (режисері – А.Сатаев), «Алмас қы­лыш» (режиссері – Р.Әбдірашев) сынды ұлттық туындыларымыздың көрермен назарына ұсынылуы һәм АҚШ пен Ұлыбританиядағы қазақ­стандық кино күндерінің жоғары деңгейде өтуі. Кино күндері аясында АҚШ-тың ірі кинокомпанияларының басшылары және продюсерлерімен ресми кездесулер, Голливуд жұлдыз­дарымен ынтымақтастық келіссөздер, сонымен қатар Лос-Анджелес кино­академиясының студенттерімен кездесулер өтті.

Отандық кино индустриясы мен голливудтық кинокомпаниялар ара­сындағы әріптестік байланыс мұны­мен шектелмей, күні бүгінге дейін сәтті жалғасын тауып келеді. «Қазақ­фильм» АҚ киностудиясының голливудтық кинорежиссер Джеф Веспамен бірлесе түсірген «Әміре» кинокартинасы сөзімізді дәйектей түседі. Кинонарыққа шыққанынан бас­тап-ақ көрерменнің қызу пікір­таласына арқау болған бұл фильмнің ұлттық киношежіреден алар орны айрықша. Ең бастысы, кино тілі арқы­лы әлем Әміредей қазақтың көмейіне бұлбұл ұя салған біртуар әншісін танып, өнеріне бас иіп жатса – аталмыш жобаның өз міндетін толықтай атқарғаны деп білеміз.

Сондай-ақ аталған мәдени бағдар­лама негізінде жүзеге асырылған және бір маңызды оқиға – ұлттық театр өнерінің әлем елдерін аралауы. 2018 жылы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Италия, Венгрия елдеріндегі гастрольдік сапарын сәтті өткізсе, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатын­да Италияның бірнеше қаласында көрсеткен өнері өзінің ерекшелігімен жергілікті халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Сонымен қатар жоба аясында «Қазақконцерт» мем­лекеттік концерттік ұйымы Италия, Франция, Германия, Аустрия, Ресей т.б. елдерге үлкен гастрольдік сапармен шығып, сәтті өнер көрсетіп қайтты. Сондай-ақ Тәуелсіз мемле­кетіміздің мәдени тарихында тұңғыш рет төр қаланың төл перзенті – Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театры Оңтүстік Корея Республикасының мәдени астанасы Дэгу қаласында өткен халықаралық беделді мюзикл фес­тиваліне жолдама алып, әлемдік өнер сарапшыларының жоғары баға­сын арқалап, елге абыроймен оралды.

– «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының арқасында «Астана Опера» театрының алдынан тамаша мүм­кіндіктер ашылды. «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» сынды ұлттық опера өнеріміздің жауһарларын әлемге танытудың тамаша мүмкіндігі туды. Қазақты әлемге бай тарихы мен өнері арқылы таныта алсақ, сол жауапкершілікті абыроймен арқалауға біздей жастардың күш-жігері, таланты жетіп жатса, бақыттымыз, – дейді «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Алан Бөрібаев.

Расымен де «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық өнеріміздің аясын кеңейтіп, жас талапкерлердің алдынан үлкен мүмкіндіктер есігін айқара ашып берді. Сондай таланттың бірі – осы Алан Бөрібаев. Әлемнің ең үздік опера театрлары сахнасында өнер көрсетіп жүрген музыка майталманы жет­кен әрбір жетістігімен қазақтың абы­ройын асқақтатып жүргені сөзсіз. Сол секілді әуезді үнімен әлемді әлдилеген Димаш Құдайберген, Мария Мудряк сынды дарындар, олардың ізін басып келе жатқан Ержан Максим, Данэлия Төлешовадай жас өрендер өнерін бүгінде жаһан біледі, мойындайды. Бұл да болса, сөзсіз, ұлтымыздың мерейі. Әлемдік сахна ареналарына айқара жол ашып берген айтулы жобаның жемісті нәтижесі деп білеміз.