Қоғам • 13 Сәуір, 2020

Тау алыстаған сайын биіктей береді

586 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласын оқып, ол туралы өзімнің пікірімді «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы білдіруді жөн көрдім.

Тау алыстаған сайын биіктей береді

Тұтқиылдан келген жаман індеттен туындаған қиыншылықтар жанға батып, қолға қалам алып, бір ай толмай жатып екі дүркін мақала жазып, аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне, жастар мен кәсіпкерлерге бар ақылын айтып, сабырлық пен бірлікке шақырып,оларға ақ тілеуін жеткізіп отыр.

Мақалаларда айтылған мәселелер, елімізде орын алып отырған төтенше жағдай кезінде, халқыңыздың қам көңіліне жол тауып, демеу болып, оның ертеңгі күнге деген сенімін оятты.

Осындай қиын-қыстау кезеңдерде халықтың ойынан шығатын ақыл-кеңес айту, олардың көкейіне нық сенім ұялату қазіргі кезде тек Елбасының ғана қолынан келеді және сол кісіге ғана лайық. Өйткені Тұңғыш Президент билікке келген күннен бастап бірлік туралы айтып келеді, осыдан 30 жыл бұрын еліміздің тізгінін қолына алып, қысқа мерзім ішінде қазақ деген халықты әлем жұртына танытып, өркениетті 50 елдің қатарына қосып, оның рухын жаңғыртып, әлемдік бәсекелестік пен жаһандану заманының талаптарына сай жаңа мемлекетті қалыптастырды. Оның жемісін халық көріп отыр. Сондықтан олар Елбасына сенеді, айтқандарын құлақ қойып тыңдайды.

Осыдан бір жыл бұрын, Елбасы өз ер­кімен және қалауымен еліміздің тізгінін талай сынақтан сүрінбей өткен өзінің сенімді серігі Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырды. 2001 жылы тағдыршешті кезеңде Қасым-Жомарт Кемелұлының жанынан табылып, қайсарлық танытқаны халқымыздың жадында. Сондықтан Елбасының елі­міздің ең жоғарғы лауазымына оны ұсы­нып, сайлау кезінде оған қолдау көр­сеткенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Өткен бір жылдың ішінде, қарап отырмай, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін сақтау үшін аянбай қызмет етіп, Қасым-Жомарт Кемелұлына дер кезінде қолдау көрсетіп отырғанын халқыңыз көріп, біліп отыр.

Сіздің таңдауыңыздың дұрыс екен­дігін бүгінгі өмір көрсетіп жатыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің ең жоғарғы лауазымына барған күннен бастап сабақтастықты ту етіп ұстап, Ел­басы айқындап берген сара жолдардан айнымай, елімізді басқаруға бел шеше кірісті.

Бүкіл дүние жүзі елдерін дүрліктіріп отырған коронавирус індетінің алдын алып, халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын қорғауға қажетті ауқымды іс-шараларды атқарып, індет­тің салдарынан туындайтын қиын­шылықтарды алдын ала болжап, мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау мекемелерінде арнаулы жатты­ғулар өткізіп, дер кезінде төтенше жағ­дай жариялап, соның салдарынан туын­даған ауыртпалықты жеңілдету үшін қыруар қаржы бөліп, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізіп, осын­дай қиын-қыстау кездерде халыққа керекті барлық жағдай жасалып жатыр.

Сондықтан халқыңыз карантиннің салдарынан туындаған барлық қиын­шылықтарға төзімділік көрсетіп, сабыр­лық танытып отыр.

Елбасы айтқандай, еліміз бұл қиын­шылықтан да аман-есен шығады. Құдай қаласа індеттің емі де табылады, салдары да жойылады.

Бірақ бізді алда бұдан да басқа қиын­шылықтар мен ауыртпалықтар күтіп тұрғаны белгілі. Оларды жеңіп шығу үшін Тұңғыш Президенттің ақыл-кеңесі мен қолдауы алдағы уақыттарда да аса қажет болады деп ойлаймын.

Сондықтан арандатушылар мен «сы­бырлағыштардың» іштерін күйдіріп, Елбасының дара саясатын жалғастырып келе жатқан Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­мен алдағы уақыттарда да бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып, хал­қы­мызды қандай да болмасын тығы­рықтардан шыға­рып, тұрақты және ба­қытты өмірге жеткізетіндеріңізге сене­мін. Алладан сіз­дер­ге сабырлық пен зор денсаулық тілеймін!

 

Ержан ИСАҚҰЛОВ,

Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, генерал-майор, саясат ғылымдарының докторы