
Жақында Назарбаев Орталығында «Сақ көсемінің қорғаны» атты жаңа зал салтанатты түрде ашылды.
«Сақ көсемінің қорғаны» экспозициялық залы атақты Берел қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесі болып табылады. Арнайы жасақталған бұл залда 40 экспонаттың түпнұсқасы орын алған. Соның ішінде ер адам мен әйел адамның саркофагы, 3 аттың қаңқасы, жылқының салтанатпен әбзелденген жабдығының реконструкциясы мен оның жекелеген бұйымдары да көрсетілген.

Жақында Назарбаев Орталығында «Сақ көсемінің қорғаны» атты жаңа зал салтанатты түрде ашылды.
«Сақ көсемінің қорғаны» экспозициялық залы атақты Берел қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесі болып табылады. Арнайы жасақталған бұл залда 40 экспонаттың түпнұсқасы орын алған. Соның ішінде ер адам мен әйел адамның саркофагы, 3 аттың қаңқасы, жылқының салтанатпен әбзелденген жабдығының реконструкциясы мен оның жекелеген бұйымдары да көрсетілген.Келушілердің көзін қызықтырып тұрған жылқының салтанатты әбзелденген жабдығы болды. Себебі, бұл жабдықтан зергердің биік талғаммен әрі терең мағынамен жасалған жұмысы көрінеді. Әрбір бұйымы, ұсақ-түйек бөлшектері де алтыннан жасалған. Яғни, арғы бабаларымыз сол дәуірдің өзінде-ақ алтынның құнын білген. Жылқының жабдығы бірнеше бөліктен тұратын біртұтас жүйені білдіреді: бетперде, жүген, ертоқым, өмілдірік, құйысқан, тартпа. Әрбір құрал мен бұйымның мифологиялық мазмұны бар.
Залдың бір бөлмесін алып тұрған жылқының сүйектері мен адамның табыты да көрермендерді таңғалдырды. Сақтардың көсемді жерлеу рәсімдері мен бірқатар басқа да әрекеттері күрделі, ұзақ құбылыс болған. Қабірлеудің жоралғысына арналған бұйымдар мен жерлеудің әдет-ғұрпы сол заманның адамдарына ғана белгілі, бізге тек бұл жоралғылардың кейбірі жеткен.
Жалпы, қорым Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы өзі аттас ауылдан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол таспен қаланған 31 обадан тұрады. Қорым Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы биік таулы әсем жазықта теңіз деңгейінен 1120 метр биіктікте тұр.
Берел обаларының деректеріне 1998 жылдан ғылыми және реставрациялық жұмыс жүргізіле бастаған. Берел қорымындағы ірі обалардың біріне (№11 оба) Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізген. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылып, экспедицияға Берел обаларын тапқан қазақтың белгілі археологы Зейнолла Самашев жетекшілік етіпті. Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қалпына келтіру жұмыстарымен суретші-реставратор Қырым Алтынбеков айналысқан екен.
Қорымда жүргізілген қазба жұмыстары б.з.д. 1 мыңжылдықтың екінші жартысы мен аяғындағы Алтай өңірін мекендеген халықтың мәдениетін танып білуге мүмкіндік туғызып отыр. Қазбалардың басым бөлігі №11 обадан табылған.
Патша жатқан табыт көпжылдық самырсыннан жасалған екен. Тіктөртбұрышты табыттың қарағайдан жасалған қақпасында бейнеленген 4 құс адамның жанын о дүниеге алып барады деген түсінік қалыптасқан. Оған қоса, табыттың оң жағы мен сол жағында екі-екі жылқыдан жерленген екен.
Залда тұрған ат әбзелдерінің бөлшектері мен салпыншақтарға мән бере қарағанда барлығында дерлік бір-біріне қарама-қарсы бейнеленген аңдарды аңғаруға болады. Мысалға, «Бұланның басы мен денесі бейнеленген екі өлшемді салпыншақтың бөлігін», «Ат әбзелінің бір бөлігі – бұғының мысық тектес аңмен арпалысы бедерленген плакетканы» және тағы басқаларын атап айтуға болады. Бұл заттардағы бейнелер арқылы сақтар өмірдің жақсы мен жаманнан тұратынын, яғни үнемі күресумен, арпалысумен өтетінін түсіндіруге тырысқан. Жалпы, табылған бұйымдардың барлығы қарағай ағашынан жасалып, сырты көбіне алтынмен, кейбір бөлшектері күміспен жалатылған.
Жаңа залдың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Назарбаев орталығы директорының ғылыми-гуманитарлық жұмыс жөніндегі орынбасары Ләйла Махат: «Бұл іс-шара еліміздің тарихи, мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға болып табылады. Шынымен, Берел қорғанынан табылған заттардың барлығы өте құнды, баға жетпес дүниелер. Оларды зерттеп, қалпына келтіру үшін З.Самашев пен Қ.Алтынбековтің сіңірген ең