Таным • 13 Сәуір, 2020

Аю атқан мылтықтың дүмі

812 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Зайсан көлінің дәл өкпе тұсына шөңгедей қадалған шағын ауыл бар. Халқы балық аулап күнелтеді. Совет заманында Екібастұз көмірін Кереку-Семей-Өскемен арқылы таситын пароход жүріп тұрыпты. Қысқасы, жұрты бай һәм еңбекқор.

Аю атқан мылтықтың дүмі

Бұны айтып отырған себебім, бір топ жан осы балықты ауылды бетке алып жортып келеміз. Мінгеніміз тақырлай мүжіліп, екі жыл күнге күйген сүйек сияқты әдбен тозған жаман – «Москвич». Оны кәрі төбеттей ырылдатып жүріп келеміз. Алдында отырған жігіт ағасы мазасыз. Өскеменде тұратын рэкетсүрей інісі қапаста отыр. Соны босату үшін пәлен қап балық керек. Оның өзінде анау-мынау емес, көк айдынның «қасқыры» – көксерке.

Сиыр сәскеде сыпаты құнтайжының қамалындай көк қақпаға тұмсық тіредік. Бұл үйде шаруасы мығым, тірлігі тоқ, тәртібі бекем ақсақал тұрады. Бір баласы зауыттың үлкен қайығын жалға алып, балық аулайды. Бұл – олардың жеті атаға жалғасқан кәсібі. Қариямен біз бейбақ таныс болғандықтан, еміксіген топқа ілесе келген жайымыз бар. Жеңістің 50 жылдығында бұл адам туралы желпінтіп мақала жазғанбыз. Ол ардагердің көңілінен шыққан...

Хан тақсырға жүгіне келген керуеншілер сияқты табалдырық аттаған бойы «ассалауды» төгіп жатырмыз. Текті қария сақалын бір сипап, Сауыр тауының құзарына байланған ақсұр мұздақтай кере қасын қайшылап қойып үнсіз отыр. Қапаста жатқан рэкетсүрейдің ағасы сөйледі. Шешен адам еді, аузынан шыққан лепісі дәл ондыққа тік-тік тиіп жатыр. Байқаймын, қарияның қабағына көктемде шығыстан орай соғатын Қарасайдың жылы желі жүгірді. Бәрімізді бір-бірлеп шолып шықты. Маған келгенде «осыларды бастап келген сенсің-ау» дегендей, жылы жымиып өтіп кетті.

Шай ішілді. Балық асылды. Іштік-жедік. Бата жасалды. Ардагер-қария баласын шақырды. «Мына жігіттерге ұрадағы мұзға бастырған көксеркелерді бер. Қалағанынша алсын!». Баласы бақырайып кетті. Басын шайқады. Біз сасқалақтай бастадық. Ақсақал көрік кеудесін көтерді, манағы қыран қабағына ызғар ұялай қапты. Оны ұлына бағыштап:

- Балам, - деді. - Мыналар мені аю атқан мылтықтың дүмі деп келіп отыр емес пе, бес қап балықтан сенің ризығың үзілмейді, әрі-беріден соң көлдегі балықты сен жемдеп, бағып отырған жоқсың, бер!. Соңғы сөзі генералдың айбынды бұйырғы сияқты саңқ естіп естілді.

Біз бес қап көксеркені (судак) тиеп алып, жаман «Москвич»-ті мыжырайтып тартып отырдық. «Аю атқан мылтықтың дүмі». Осы бірауыз сөз ұзақ жыл санамда жаңғырды да жүрді.