Руханият • 13 Сәуір, 2020

Көкшетауда жазба ақындардың республикалық онлайн-айтысы өтеді

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жылы  ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы республика көлемінде аталып өтілуде. Осыған орай, облыстық халық шығармашылығы орталығы да өз үлесін қосып, «Дара - Абай, дана - Абай» жазба ақындар арасында республикалық онлайн ақындар айтысын өткізбекші.

Көкшетауда жазба ақындардың республикалық онлайн-айтысы өтеді

Ал, жырсүйер қауым жарыс барысын бастан-аяқ облыстық халық шығармашылығы және демалыс орталығының әлеуметтік желілердегі Facebook, Instagram парақшаларынан тамашалай алады. Онлайн-айтыстың өзіне тән ерекшеліктері  мен қиындықтары бар. Әсіресе жазба ақындар үшін бұл тың дүние. Бірақ, осындай уақытша қиын тұста елдің еңсесін тіктеп, халықтың рухын көтеруге арналған дүниеге ақындар белсене атсалысуда. Оларға қойылатын басты талап – ұлы ойшылдың әдеби  мұралары мен қазақ руханиятына арнаған шығармаларын тілге тиек ету. Сонымен қатар, ел ішіндегі өткір мәселелерді де отты жырларына қоса отырып, қарсыласымен сөз қағыстыру. Ал, айтысқа  қатысамын деген ақындардың жасына шектеу қойылмайды.  Жыр бәйгесі 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ақындар  қарым-қабілетіне қарай іріктеледі. Одан соң жартылай айналымда жұптасып айтысады. Осы екі кезеңнен сүрінбей өткен ақындар маусым айында өтетін ақтық сында бақ сынайды. Қазіргі кезде ақындарды іріктеу кезеңі өтуде.  

– Қазіргі уақытта ақындардың өтінімдерін қабылдап жатырмыз. Іріктеу кезеңінен өткен ақындарды жұптаймыз. Оларға алдын-ала хабарланады. Екі ақынға бір тәулік уақыт беріледі. Сол уақыт ішінде олар бір-бірімен жауаптасып айтысу керек. Егер де қандай да бір жағдайға байланысты ақынға жауап берілмей кешігіп жатса жеңілді деп есептеледі. Оларға жергілікті ақындар мен әдеби сыншылар қазылық етеді. Бұл айтыстың өтуіне біріншіден облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы қолдау танытты,–дейді облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Тоқтарбек Қалдырбаев.

Айтыстың қызығын онлайн арқылы да қыздыруға болады екен.