Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Инфекционист-дәрігер: Антымызға ақырына дейін адал боламыз

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір Алматы облысындағы дәрігерлердің жұмысы қауырт қана емес, қауіп пен қатерге де толы болып тұр. Әсіресе, соңғы күндері Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасының қызметкерлері ұйқыдан айырылды. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт көбейді.

Инфекционист-дәрігер: Антымызға ақырына дейін адал боламыз

- Жалпы облыста 21 адам болса, біз қазір 11 науқастың өмірі үшін күресіп жатырмыз.Иә, дәрігерлерге оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ, біз өз парызымызды мүлтіксіз атқарып, антымызға ақырына дейін адал боламыз. Бұл – біздің жұқпалы аурулар бөлімінің барлық қызметкерлерінің серті.Әрине, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жұмысына қарай үстеме ақы төлеу туралы Президенттің тапсырмасы бізді жігерлендірді. Алғысымызды айтамыз, -дейді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының инфекционист-дәрігері Махамбет Абдуллаев.

Ендігі жерде «Қауіптілігі аса жоғары» санатына жататын реанимация бөлімшелері мен инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен орта және кіші медицина қызметкерлерінің еңбекақысына 20 есе үстеме ақы төленеді. Яғни, медицина қызметкерінің айлық табысы 850 000 теңгеге дейін жетеді. Ал «Қауіптілігі жоғары» санатқа кіретін провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері мен орта және кіші медицина қызметкерлеріне төленетін үстеме ақы 10 орташа айлық табыс көлемінде белгіленіп, оларға берілетін еңбек ақы 425 000 теңге шамасында болмақ. Сондай-ақ, «Қауіптілігі орташа» санаттағы карантиндік стационар дәрігерлері мен орта, кіші медицина қызметкерлері, санитар –дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер мен жедел жәрдем көлігінң жүргізушілеріне де 5 есе үстеме төленіп, айлық табыстары 212,5 000 теңгені құрамақ.

-  Алматы облысының дәрігерлері бұл төлемді алып жатыр. 1448 медицина қызметкеріне, оның ішінде 205 дәрігерге, 882 орта медициналық қызметкерлерге, 361 кіші медициналық қызметкерлерге қосымша еңбекақы төленгені жайында естідік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Денсаулық сақтау минстріне, облыс әкіміне Еңбекшіқазақ ауданының медицина қызметкерлері атынан ризашылығымды білдіргім келеді,- дейді Махамбет Абдуллаев.

 

Алматы облысы