Үкімет • 13 Сәуір, 2020

20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда экономиканың бірқатар секторының жұмысы қалпына келтіріледі

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда экономиканың бірқатар секторының жұмысы қалпына келтіріледі

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал мен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын қалпына келтіру бойынша ұсынылатын шаралар туралы әкімдер А. Көлгінов пен Б. Сағынтаев баяндады.

Мемлекеттік комиссия Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын ескере отырып, әкімдердің ұсыныстарының негізінде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаумен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. 

Бірінші кезең аясында биылғы 20 сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың жұмыс істеуі үшін қойылатын міндетті шарт — санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау. 

І кезең аясында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жұмысын қалпына келтіретін кәсіпкерлік қызмет түрлерінің нақты тізімін Мемлекеттік комиссия биыл 15 сәуірде бекітеді. 

Үкімет басшысы жұмысын қалпына келтіретін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ қызметкерлерінің жұмыс орындарында әлеуметтік ара қашықтықты сақтауына қатаң бақылау жасауды тапсырды. 

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар байланыс желілері мен интернет жұмысын қамтамасыз ету, мұнай өнімдерінің экспортын реттеу және басқа да мәселелерді қарастырды.