Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: COVID-19 неге құтырынды?

928 рет көрсетілді

Қарағанды облысында коронавируспен күрес күшейген сайын, «жаман тұмау» да ерегісе түскендей, бой берер емес. COVID-19 жұқтырғандардың саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Өкініштісі сол, індетке шалдыққандардың арасынан медицина қызметкерлері де шыға бастады...

 Ақ желеңділерге де жұғыпты

Қарағанды облысында бүгін COVID-19 жұқтырған 11 науқастың ішіндегі төртеудің медицина қызметкерлері екендігі белгілі болды.

 Дертке ұрынғандардың барлығы Теміртау қаласындағы №2 емхананың қызметкерлері екен. Аталған медициналық мекеме бүгіннен, яғни 13 сәуірден бастап жұмысын тоқтатты. Тек қана, шұғыл қабылдау кабинеті ғана жұмысын жалғастыратын болады.

Теміртау тұрғындары қажет болған барлық көмекті қаладағы №1 және №4 емханалардан алады. Бұдан бөлек, қалада Елбасының тапсырмасы бойынша салынған жаңа емхана жақын күндері іске қосылады.

Ал коронавирустың ошағына айналған №2 емхананың ғимаратында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Емхананың барлық қызметкерлері тексеруден өтеді.

р

 95 сарбаз сапты толықтырды

Мемлекет басшысының әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлығына сай, Қарағандыда өз еркімен өтініш білдірген 150-ден астам азаматтың ішінен 95 резервші сарбаз әскери қызметке іріктеліп алынды.

Қарағанды облысы бойынша «Жас сарбаз» ҚБ төрағасы Рустам Жаналиев мұндай қиын-қыстау уақытта ортақ мақсатқа жұмылудан ешкім тыс қалмауы керек деп санайды.

– «Жас сарбаз» қозғалысындағы менің әріптестерім арнаулы жиындарда қызмет өткеру үшін алғашқылардың бірі болып келгенін мақтан тұтамын. Мен де әскери міндеттілер ретінде өз үлесімді қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл біздің борышымыз, – дейді ол.

Қайтадан сапқа тұрғандардың түгелге дерлігі кезінде Қарулы Күштер қатарында борышын өтеген тәжірибелі сарбаздар.

Айта кететін жайт, резервшілер шақырылған уақыттан бастап әскери қызметшілер мәртебесіне ие болады. Олардың барлығы еңбекақымен, сондай-ақ заң бойынша тиісті жеңілдіктермен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі.

о

 ҰҚК біржақты кеткенді ұстады

Ұлтық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қарағандының тұрғыны, «А.Қ.Х.» деген азаматты ұстады. «Ол 12 сәуір күні интернет желісінде біржақты мазмұндағы бейнеролик жүктеді», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Еске салар болсақ, аталған тұрғын бейәдеп сөздерді қолдана отырып, еліміздегі билікке біржақты сын айтқан болатын. Бейнероликтің кей тұсында ол елге есімдері белгілі тұлғаларға тіл тигізіп, оларды балағаттайды.

р


Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар