Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Көкшетауда 80 мың литр антисептик шығарды

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетауда Asia Waters компаниясы антисептик тапшылығы байқалған қазіргі қысылтаяң шақта осы олқылықтың аз да болса орнын толтыруды қолға алды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлады.

Көкшетауда 80 мың литр антисептик шығарды

«АСЕПТДЕЗИН» деп аталатын антисептиктердің алғашқы партиясы «Көкшетау минералды су» ірі өндіріс алаңында шығарылды. Бұл қорғаныс құралын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес «Кентавр» ақтөбелік спирт зауытының мамандары әзірледі. Мемлекеттік стандарттар бойынша антисептик Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеу мен сертификаттаудан өтті. Аталған процедура оның сапасы мен қауіпсіздігін растайды.

– Нарықтағы антисептикке деген сұранысты ескере отырып, қосымша қаржылық шығындарға қарамастан жаңа өнім шығару туралы шешім бірден қабылданды. Әзірге біз қысқа мерзімде тиісті мемлекеттік органдарда тіркеу мен сертификаттаудан өтіп, қолжетімді бағадағы сапалы әрі қауіпсіз антисептик құралдарын өндірісін жолға қойған жалғыз өндірушіміз, – деді Asia Waters коммерциялық директоры Руслан Ламанов:

Антисептик жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін қолды жууға арналған және барлық санитарлық, сапалық стандарттарға сәйкес келеді. Өнімнің құрамында спирт, сутегі тотығы және теріні жұмсартатын компоненттер бар.

Бастапқыда 80 мың литр антисептик шығарылды. Оның мөлшерін 15 сәуірге дейін 600 мың литрге жеткізу жоспарланған. Нарықтағы сұранысқа сай шикізат жеткілікті болса, өндіріс қуаттылық бұдан да жоғары көтеруге қауқарлы.

Asia Waters осындай антисептик өндірісін Қостанай қаласындағы спирт зауытында да қолға алып жатыр. Қазір компания медициналық мекемелер мен мемлекеттік ұйымдардан тапсырыс қабылдауда. Жақын арада елдегі дүкендерде пайда болады. Антисептиктің 0,5 литрі – 1730 теңгеден, 1 литрі – 2640 теңгеден және 5 литрі 11 880 теңгеден сатылады.