Қоғам • 14 Сәуір, 2020

Шортанды мен Айнакөл араша сұрайды

1049 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жер жәннаты Бурабайдың көркем полотносы – мөлдір, шуақты, ажарлы сәулесі толықсып жатқан күміс көлдер. Жылдар өте адамзаттың немкетті көзқарасының салдарынан күміс көлдер тартылып, әсіресе Шортанды мен Айнакөлдің су қоры азайып келеді. Қайталанбас хас сұлулықты сақтап қалу үшін мемлекеттік деңгейдегі қамқорлық керек-ақ.

Шортанды мен Айнакөл араша сұрайды

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ

Көкшетау – омырауына сексен көлден сексен алқа таққан сулы, нулы өлке. Сексен метафорасы дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің аузымен айтылған соң, сондай ұғым қалыптасқан. Әйтпесе Көкшенің көлі көп-ақ! Сонау 1959 жылы шыққан «Тың ай­мағындағы жерүсті су қорлары» деген жинақта Көкшетау ай­мағында үлкенді-кішілі 1515 көл болғаны жазылады. Бұл көл­дердің 1320-сының суы тұщы болған екен. Қазірде осы көл­дердің қаншасы қалғанын еш­кім білмейді. Салалап бөліп қарасаңыз, жазық далалық және таулы-қыратты жерлердің көлдері болып екіге бөлуге болар еді. Даладағы көлдердің негізінен суы тайыз. Көлге құятын ағын жоқ. Сондықтан аса бір құрғақшылық жылдары дала көлдерінің тартылып қалатыны бар.

Бұл көлдердің қара қарғаның миы қайнайтын шілденің ысты­ғын­да суының буға айналып, ұшып кету мөлшері бір жыл­дық жиналған судың 70-80 пайызына жетеді екен. Ал екін­ші топтағы таулы-қыратты жерлердің көлдері әдетте дала көлдеріне қарағанда біршама терең, суы мөлдір әрі тұщы болады. Міне, осындай көлдердің санатына Бурабай баурайындағы әлмисақтан ел игілігіне жарап келе жатқан көлдерді жатқыз­ға­нымыз жөн. Өкінішке қарай, Бурабайға барған жан жағасына соқпай кетпейтін Әулиекөл мен Айнакөл соңғы жылдары тартылып, суы азайып келеді.

Айнакөлдің де әсірелеп айт­қан­ға, толқындары қосыларға шақ қалып қанаттас жатқан Шор­тан­ды көлінің де жағдайы мәз емес. Сонау 1960 жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, Шор­танды көлінің деңгейі жеті метр­дей төмен түскен. Алғашқы жағалаудан 700-800 метрге дейін қашықтаған. Өткен ғасырдың басында Бурабайдың бұла, таза кезінде осы өңірге ат ізін салған белгілі саяхатшы В.Семеновтың еңбегінде Шортанды көлінің ұзындығы 7 верст, ені 5 верст, тереңдігі екі аршын болғанын және балыққа өте бай екенін атап көрсеткен болатын. Егер көне өлшемді қазіргі ұғымға аударсақ, 1 верст – 1,0668 шақырымды құрайды. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Сол кездегі көлемі қандай, қазіргісі ше? Демек, жылдан-жылға суы азайып, әуелгі қалыптан кішірейіп келе жатыр.

Ғалымдардың пайымдауына қарағанда, көлдердің әу бас­тағы деңгейін сақтауына ық­пал ететін табиғи шарттар бо­лады екен. Ең бастысы, көл аңғарындағы су қорының бу болып ұшып кететін, пайдалануға жұмсалатын мөлшері көлге қосылатын су көздерінің ағын мөлшерімен тепе-тең болуы шарт екен. Көл қабағы кемімес үшін ағын су жинайтын ауқым да барынша үлкен болуы керек.

Бурабай көлдерінің бір ерекшелігі, қар және жаңбыр суымен қоректенетінінде. Бірақ, жыл сайын неге кеміп барады? Біздің пайымдауымызша, көл жағалауына салынған демалыс аймақтары мен қаптаған коттедж­дердің кері әсері. Жаға­лау­ды су өтпек түгіл, дым өтпестей қылып буып таста­ған­нан кейін тау етегінен сыздақтап аққан қар суы көлге жетпей өзекшелерге, сай-салаға бұрылып кетеді. Адамдардың алды-артын ойламаған шаруасы көл суының құрдымға кетуіне әкеп соқтыруда. Рас, бұл көлдер жерасты сулары арқылы толығады дейтін де пікір бар. Әрине, Бурабай баурайында бағзы заман­дағыдай болмағанымен, бірер бұлақтың бар екені де шын­дық. Дегенмен біздің пайымдауымызша, көлдердің жер­­ас­ты арқылы байланысып жатуы, бірінің суына бірі қосылуы қисынға келе қоймайды. Олай болатындығы, бұл көлдер бір-бірінен әртүрлі қашықтықта, әртүрлі деңгейде орналасқан. Қазір тек қар мен жаңбыр сулары ғана қоректендіріп тұр. Оның өзіне қым-қиғаш салынған асфальт жолдар мен бөгеттер кері әсерін тигізуде.

«Соңғы жылдары әлемдік климаттың өзгеруіне байланысты бірқатар көлдердің тайыздануы байқалады. Ауа райының күрт жылынуына байланысты булану бұрынғы мөлшерден көп. Сол себепті Бурабай көлдері де тартылуда. Екінші бір себеп, табиғатқа деген тағылық көзқарас. Бурабай көлдерін қоректендіріп тұрған бұлақ көздері көл жағасындағы бей-берекет салынған құрылыс­тардың кесірінен жабылып қалды. Ағып жатқан бұлақ суларының жолы жабылып, көлге жетпейтін болды. Жалғыз бұлақ сулары ғана емес, көлдерді қоректендіретін қар және жаңбыр сулары да далаға кетіп жатыр. Ұзақ жылдар бойы «Щучье су арнасы» кәсіпорны курортты аймаққа қажетті суды осы көлдерден алды. Қазір де жаздың күндері су қажет болған жағдайда көл суын пай­даланады. Демек, көлдердің суы­ның тартылуына табиғатты қа­дірлей білмейтін адамдардың да қатысы бар», дейді Қазақстан Республикасы Минералды ре­сурс­­тар академиясының ака­де­­мигі, гидрогеолог Евгений Пятов.

Бұл аумақтағы айрықша әсем, таза көл – Әулиекөл. Тана­ның көзіндей толықсып жатқан су айдынын Бурабай көлі деп те атайды. Бұл көлдің де су қоры кеміп бара жатыр. Басты себебі, көл табанындағы шөгінділер. Шөгінді айдын көлдің оңтүстік жақ бөлігінде қалың қабат құраған. Бір заманда Әулиекөлдің жағалауында су өсімдіктері ересен қалың өсті. Кейін осы өсімдіктер шіріп, көл табанына шөге бастады. Табиғаттың айдай әсем ажарына кіреуке түспей тұрған ертерек уақытта Иманай мен Сарыбұлақ ағындылары арқылы көл суы жылдан-жылға молайып отырса, кейін бұл өзендер тартылып, көлге құюын тоқтатты. Көл суының тартылуының бір себебі осы. Демек, көлді сақтап қалу үшін қос өзеннің аңғарын тазартып, қар, жаңбыр суы көлге жететіндей жағдай жасауымыз керек. Ол үшін ғылыми сараптама жасалса, тіпті оң.

Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Көкшетаудың көп көлі адам айтқысыз кесапатты көп көрді. Су жиналатын аумақтар бас-көзсіз жыртылып тасталды. Табиғаттың өзі икемдеп отырған су ағындарының жолдары бұ­зыл­ды. Міне, осының барлығы күміс көлдердің табанын тайыздандырып, кейбіреуін құрғатып та жіберді. Соның залалын қазір Бурабай баурайындағы көлдер де көріп жатыр. Енді не істеу керек? Бурабай аумағындағы көлдерді табиғи қалпына келтіру үшін жан-жақты, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген ләзім. Ең алдымен барлық кедергі мен көл суының азаюына себеп болып жатқан көлеңкелі жайлар анықталған соң, ең бол­мағанда 1960 жылдардың ба­сын­дағы деңгейге жеткізудің жобасы жасалғаны дұрыс. Бұған дейін де Бурабай аумағындағы көлдерді тазалау туралы талай жоба жасалды. Тіпті, тендерді Германияның фирмасы да жеңіп алған сәт болды. Бірақ, қаншама маңызды шаралар аяқсыз қалды.

Алдағы уақытта осы іске бел буып, құлшына кіріскен құры­лым­дар ең алдымен көкейкесті мәселеге жан-жақты ғылыми тұрғыдан келгені ләзім. Қиын түйінді шешудің кешенді жобалары әзірленсе дейміз. Әрбір көлдің суды жинақтайтын мүм­кін­дігі екшелсе, тазарту және басқа да жұмыстарды қалай жү­р­гізу керектігі таразы басына тар­ты­лған соң барып қолға алынса.

Келер ұрпаққа Бурабайдың бағалы бейнесін сол қалпында қалдыру үшін дәл осындай маңызды шаруаларды қолға алу керек болып тұр. Көл тағдыры көкейде жүргені дұрыс қой.

 

Ақмола облысы