Осы бағытта жұмыстар қолға алынып, бекітілетін индикатор түрлері ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлерімен іріктеліп, ұсынылып, флора мен фаунаның индикатор түрлері ұсынысы бірауыздан мақұлданып, бекітілген болатын. Ал осы индикатор түрі не үшін қажет және индикатор дегеніміз не?
Индикатор дегеніміз – қоршаған ортамен белгілі, үнемі тұрақты байланысы бар, сол ортаның жағдайын танып-білу үшін қолданылатын белгілі өсімдік, жануар бірлестігі немесе жекеленген түрді айтамыз. Ал индикатор көмегімен анықталатын жағдай индикация нысаны немесе индикат деп аталады, ал анықтау процесін индикация дейміз. Осылайша, «Тарбағатай» МҰТП РММ ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің қызметкерлері мен табиғи кешендер мен обьектілерді қорғау бөлімінің мемлекеттік инспекторлары бірлесіп, ұлттық парк аймағында ботаникалық мониторингтік бақылаулар жүргізу үшін 4 мониторингтік фенологиялық алаңшалар орнатты. Бұл алаңшалардағы өсімдіктер, осы мекенге тән өсімдік түрлерімен айқындалды.
Мемлекеттік инспекторлар мониторинг бақылау алаңшаларынан және бағыттардан мәліметтер жинап, оны ғылыми бөлімге жібереді, ал ғылыми қызметкерлер мәліметтерді орталық базаға енгізеді. Базалық негізге атқарылған дала жұмыстарының жиынтығы жатады, қортындысында бірнеше топқа бөлінген мониторингтік түрлер және аумақтардың жағдайын ұзақ уақыттық бақылау арқылы айқындалады. Жиналған көрсеткіштер өсімдіктер қауымдастығын және олардың индикаторлық түрлерін, жер жағдайын, беткей экспозициясының топырақ түрі және экологиялық жүйесінің қандай екенін көрсетеді.
Бекітілген индикатор түрлерінен, флора қатарының фенологиялық мониторингтік бақылау үшін 4 өсімдік индикатор түрлері мекеме паспортына енгізіліп, бекітілді. Фауна қауымдастығын бақылау барысында 2 бақылау бағыты белгіленіп, МҰТП бойынша 6 индикатор сүтқоректілер қатары: қабан шошқа, елік, қоңыр аю, борсық, Алтай суыры, құм қоян және МҰТП-ның негізгі экожүйесін қамтитын 6 индикаторлық құстар түрі: құр, сұр шіл, ақ құтан, дуадақ, бөдене, барылдауық үйрек бекітілген. Ескере кететін бір жағдай, осы индикатордың кей белгілері әртүрлі экологиялық жағдайға байланысты келешекте өзгеруі де мүмкін.
Жаңылқан ӘЛЕМСЕЙІТОВА,
«Тарбағатай» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы
Шығыс Қазақстан облысы