Қазақстан • 14 Сәуір, 2020

Жаңа есімдер жарқырады

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасы жазылып жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы кезең аралығында елге ерен еңбегімен һәм ерлігімен танылған тұлғалардың бірі бағаланса, енді бірі еленбей жатты. Дархан даланың дарынды ұрпақтарын халық алдында әспеттеу – егемендігіміздің елеулі бір көрінісі екенін ұғынсақ та, нақты жүйе болмаған соң, таланттарды таныту жалпыхалықтық сипат ала алмады.

Жаңа есімдер жарқырады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерлердің есімін ел жадында сақтауға ықпалын тигізіп һәм серпін беретін мәселені ортаға салған-ды. Сонда Тұңғыш Президент: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табыс­қа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұра­тын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы» деген болатын. Елбасы пәрменімен қолға алынған тың жобаға да міне, биыл 3 жыл толып отыр.

Қоғамның түрлі салаларында жетістікке жеткен беймәлім тұлға­лардың көп екенін байқап жүрміз. «100 жаңа есім» жобасының да ең басты мақсаты осыған саяды. Яғни, белгісіз есімдерді көпшілікке таныс­тыру. Өткен 3 жыл ішінде аталған жобаға 6000-нан аса өтінім келіп түскен. Атап айтсақ, 2017 жылы – 2112, 2018 жылы – 2388, 2019 жылы – 1673. Жіберілген өтінімдер әртүрлі бағытта болды: мәселен, жобаның алғашқы жылында спорт саласына қатысты 235, ғылыммен байланысты 210, мәдениет пен руханият жағынан 307, бизнес саласының үздіктерінен 257, медицина тұрғысынан 200, қо­ғам­ның жүйрік белсенділерінен 889 өтініш келіп түскен.

Іріктеу нәтижесінде жалпы­халықтық онлайн дауыс беру арқылы 2017 жылы – 102, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 32 – барлығы 163 жеңімпаз анықталған. Бұл қазақ халқының арасында ерекше дарын иелері көп екенінің айнымас дәлелі. «100 жаңа есім» жобасымен танылғандардың бәрі бүгінде ел руханиятының қайта жаң­ғыруына сүбелі үлестерін қосып жүр.

Аталған жобаның 2018 жылғы екінші кезеңінде көптің арасынан оза шауып, жеңімпаз атанған жас ақын Мақпал Мыса – жобадағы әдебиет саласынан таңдалған алғашқы үздік еді. Елдегі талантты жастарды іріктеп, өзгеге үлгі етуді мақсат еткен бірегей жобаның таңдауы Мақпал Мысаға түсуінің басты себебі – жас ақынның оқырман жүрегіне жол тапқан сырлы лирикасында болса керек. Қасиетті өлең өлкесінде өзгеге үлгі боларлық сара жол сала білген жас ақын «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жетіп, Елбасымен дидарласу ерекше әсер еткенін айтады.

«100 жаңа есім» қатарында атанған соң қатты қуандым. Қуанышыма қанат бітірген негізгі себеп, осындай ірі жобада алғаш рет әдебиет саласынан жеңімпаз шығып отыр. Әдебиетке осылай көңіл бөлінгеніне қуандым. Елбасымен кездесуде өз қалауымдағы өлеңді оқыдым. «Сен менен алыстама» өлеңі Елбасына да, замандастарыма да ұнады», деді «100 жаңа есімнің» бірі Мақпал Мыса.