Қоғам • 14 Сәуір, 2020

1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды

1044 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындау туралы жұртшылықты хабардар етті.

1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды

Жиын барысында ол 1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалғанын атап өтті.

«Бүгінде елімізде 3 млн 703 мың адам 42 500 теңге мөл­шерінде әлеуметтік төлем алуға өтініш берді. Өтініштердің саны 4 млн 900 мыңды құрайды. Оның ішінде 1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды және есепшоттарына 75 млрд 600 млн теңге аударылды. Егер сіздер төтенше жағдайға дейін табыс тауып жүрсеңіз, онда әлеуметтік төлем алуға құқығыңыз бар. Порталда өтініш берген кезде табысыңыздың болғанын және төтенше жағдайға байланысты жоғалтқаныңызды растайсыз. Ал нақты әлеуметтік төлемді кім ала алады? Біріншіден – компанияда, мекемеде жұмыс істеп жүрген және жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберген жалдамалы жұмыскер. Олар: орта және шағын бизнес өкілдері, карантин жарияланған қалалардағы кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік қызметтен басқалары. Бұл ретте, сіздерге өтінішті жұмыс беруші береді», деді ол.

Б.Нұрымбетов 42 500 теңге әлеу­­меттік төлемді төлеу не­лік­­тен кешіктіріліп жатқанын түсін­дір­ді.

«Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туын­дауда. «Мен бір апта бұрын бергенмін», «4-5 күн өтіп кетті» дегендер көп. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік. Оның бірнеше себебін түсін­діріп кетейін. Біріншіден, біз өзімізге 3 күн белгіледік. Бірақ, одан да көбірек уақыт қажет еді. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қоры­нан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме. Елімізде бүкіл төлемдер «Азаматтарға арнал­ған үкімет» корпорациясы арқылы банктерге жіберіледі. Ал банк­тер азаматтардың есепшот­тарына аударады. Ал өтініш­ті қабылдап жатқан біздің минис­тр­лік болғандықтан барлық құры­лымдарымен оларды тексереді. Содан кейін сіздерге жібереміз. Осы үш мекеме айналысып жатыр. Басқаша болмайды. Сіздерге айтарым, осы үш мекеменің азаматтары күні-түні жұмыс істеп жатыр», деді министр.

Зейнеткерлер мен әлеуметтік жәрдемақы алатындар 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Бұл сауалға министр былай деді.

«Сіздерге мемлекет тарапынан, бюджеттің есебінен ай сайын зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленіп тұрады. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта олардың мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Оны мамыр айында сәуірде қосылғанымен бірге аласыздар. Сондықтан сіздерден кешірім сұраймыз, 42500 теңге сіздерге берілмейді. Зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген көп балалы аналар, мүгедек жандар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, онда бұл ескеріледі. Иә, сіздер зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері көп болмағандықтан қосымша табыс табамыз деп жұмыс істегенсіздер. Сіздерге болады. Сіздер өтініштеріңізді бересіздер. Қосымша ештеңе төлемеңіздер. Төтенше жағдайға дейін төлеген болсаңыздар, біз оны көреміз. Жасыңызға қарамай, жәрдемақы алғаныңызға және басқаларына қарамай әлеуметтік төлем береміз. Және де студенттер әлеуметтік төлем ала ма деген де сұрақ келіп жатыр. Бұл ретте студенттер деген бөлек санат жоқ. Себебі ол – еліміздің кәмелеттік жасқа толған азаматы. Еңбек заңына сәйкес, 16 жас­тан бастап жұмыс істеуге болады. Шәкіртақы алатындығына, алмайтындығына қарамастан жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ. Ондай шектеу де қойылмайды», деді Б.Нұрымбетов.

Шара барысында министр Төтенше жағдай мерзімі созылса келесі айға төлем автоматты түрде берілетінін атап өтті.

«Жұрт «Төтенше жағдай созылды, екінші айға әлеуметтік төлем төлене ме және оған тағы өтініш береміз бе?» деп сұрап жатыр. Жоқ. Сізге бір рет тағайындалып, төленсе болды. Екінші рет өтініш беру қажет емес. Сіз тіркелдіңіз, төлем бердік. Сізді білеміз, танимыз. Төтенше жағдай мерзімі созылса, келесі айына сізге айтпастан төлей береміз», деді министр.

Оның айтуынша, 16 наурыздан 15 сәуірге дейінгі мерзімге 42 500 теңге әлеуметтік төлем жа­сал­ды. Енді карантин мерзімі тағы 15 күнге созылып отыр. Сон­дық­тан жұртшылық тарапынан 42 500 теңгенің жартысы тө­лене ме деген сұрақ түсіп жатыр.

«Жоқ, бұл төлем ерекше. Мұны сол 29 сәуір күні өткіз­сеңіз де бір күнге, жарты айға деп бөлмейміз. Өтініш берсеңіз толы­ғымен 42 500 теңге төленеді. Мысалы, төтенше жағдай бір ай болып одан кейін 5 күнге созыл­ған күннің өзінде 42 500 теңге төлейтін едік», деді Б.Нұрым­бетов.