Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақ халқына үндеу жариялады. Облыс басшысы проблеманың шын мәнінде алапат екенін әлі де болса түсіне алмай отырғанымызды атап өткен.
Аймақ бойынша вируспен күреске медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылған. Тосқауыл бекеттерінде 200 полицей мен 170 әскери қызметкер үздіксіз кезекшілік етіп тұр.
Бірақ, өмірін қатерге тігіп, елді қауіпті індеттен арашалап қалудың қамымен жүрген осы азаматтардың еңбегін ескеріп жатқандар аз сияқты. Мысалы, қазір көшеде жүрген адам да, көлік те көп. Бұл талаптың толық орындалып жатпағанын көрсетеді. Қала мен елді мекендердегі тосқауыл бекеттерін де айналып өтуге тырысушылар аз емес екені байқалады. Оған мысал, 11 сәуір күні болған жағдай. Осы күні рейдке шыққан «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторлары қалаға таяу Досан ауылының маңында күдікті көрінген екі көліктің соңына түседі. Инспекторлардан қашып, аударылған көлік ішінен мүйізі кесілген 54 киік, 224 дана мүйіз, 25 оғы бар МР-153 маркалы аңшы мылтығы, дүрбі мен пышақ табылды. Екінші көлікке ауысып мінген браконьерлер құтылып кетті. Күні-түні адам өмірінің сақшысы болып жүрген дәрігердің, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтайтын полицейдің, облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошағын залалсыздандырып жүрген әскерилердің еңбегін бағаласақ, мұндай қадамға бармас едік-ау.
Гүлшара Наушақызы үндеуде жұрттың өз бетінше оқшауланып, үйден шықпай, жақындарымен жүздесуден уақытша бас тартуы коронавируспен күреске қосқан үлкен үлес екенін атап өтті. Аймақ басшысының әлеуметтік желідегі парақшасына көптеген маңызды әрі мазмұнды ұсыныстар түсіп, бұлар бойынша тиісті орындарға тапсырмалар беріліпті.
Тұрғындарға арнаған үндеуінде облыс әкімі халықпен кері байланыстың маңыздылығына назар аударып, әрбір пікір ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
ҚЫЗЫЛОРДА