Індетті жұқтырған науқастармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істедік. Қорғаныш құралдарын толық пайдаланғанның нәтижесінде әріптестерімнің ешқайсысына ауру жұққан жоқ. 22 наурыздан 5 сәуірге дейін демалмастан, тәулік бойы ауруханада қызмет еттік. Биыл 55 жастамын. Үш балам бар. 13 жастағы кенжеміз қазір әкесімен бірге үйде. Бізге үйге қайтуға болмайды. Қазір демалыс орталығындамыз. Бұл жерде демалуымызға барлық жағдай жасалған. Жұмысқа барып жүрген медицина қызметкерлері осында орналастырылған.
Мен медицина қызметкерлерінің қауіптілігі аса жоғары 1-тобына кіремін. Президент бекіткен қаражатты толық алдым. Бірақ біз бастапқыда ақша беріледі деп ойлаған да, дәметкен де жоқпыз. Тек науқастарды емдеп, аурудың өршімеуі үшін барымызды салып еңбек етуді ғана ойладық. Өйткені бұл – біздің міндетіміз. Еңбегімізді бағалап жатқан Мемлекет басшысына шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл бізге деген үлкен құрмет, қамқорлық. Мұндай қолдаулар өз ісімізге деген жауапкершілікті де арттыратыны сөзсіз.
Майра НҰРҒАЛИЕВА,
Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының инфекционист дәрігері