Қазақстан • 14 Сәуір, 2020

Сәуір жаңбырының пайдасы

4094 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласында сәуірдің ақ жаңбыры себелеп тұр. Яғни, алғашқы жаңбыр. Әлі есімде қозы қайырып, бұзау бағатындай жасқа жеткен біздерге үлкендер алғаш жаңбыр жауған күні қалпақ-тақияларыңды алыңдар құйқаларыңа жаңбыр суы тисін дейтін. «Неге олай?» дейміз ғой. Жауап біреу: «Дерт-дебірден құтыласыңдар!».

Сәуір жаңбырының пайдасы

Сөйтсек, бұл үлкендердің өздері ойлап тапқан дүниесі емес екен. Арғы жағы құран-хадисте жатыпты. Мысалы,  қадірлі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис-шәрибінде: «Жәбірәйіл (а.с.) маған сондай керемет дәрі үйреткені соншалық ол дәрінің арқасында емшілердің дәрісіне мұқтаждық қалмайды» дейді. Сахабалары: «Ол дәріні бізге де үйрет уа, Алланың пайғамбар!» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сәуірдің жаңбырын жинаңдар. Оған 70-рет Фатиха сүресін, 70 рет Ыхлас сүресін, 70 рет Фалақ сүресін, 70 рет Нас сүресін, 70 рет тәсбих дұғасын (Субханаллаһи уалхамдулилләһи) оқып, 7 күн үзбей таңертең және кешке бір дүркін пайдаланыңдар».

Жоғарыдағы шариғат үкіміне жүгінсек: сәуір жаңбыры табиғатты тазалайды. Ала қыстай қара жердің қыртысында ұялап жатқан микроп-вирустерді жойып жібереді. Тіпті жан-жануарлардың жарасы жазылып, жүні түлейді.

Сондықтан да, біз Алланың қалауымен қазіргі жағдайда жер жаһанды жайлап жатқан коронавирустың індетін сәуірдің жаңбыры шайып кетсе екен деп тілеп отырмыз.

Жоғарыдағы хадис үкімін эколог ғалымдар да жоққа шығармайды. Өйткені, қара жердің бауырын бусандырып, жерді көктететін осы сәуір жаңбыры. Бірақ, оның суын пайдалану үшін ол экологиялық тұрғыдан таза болуы тиіс екен. Бұны да ескерген жөн болар.