Қазақстан • 14 Сәуір, 2020

Инвестиция көлемі 5,1% өсті

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде қаңтар-наурыз айларында жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,7% құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,1%-ға өсті. Жылдық инфляция 6,4% құрады. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Инвестиция көлемі 5,1% өсті

Сонымен қатар, экономиканың базалық салаларында оң өсу байқалады. Құрылыс 11,7%-ға, байланыс қызметтері – 10,5%-ға, өнеркәсіп – 5,8%-ға, ауыл шаруашылығы – 2,5%-ға өскен. Өнеркәсіптің өсу қарқыны 5,8% деңгейінде сақталып отыр. Бұған қоса, өңдеу секторында 8,8% деңгейінде өсім көрсеткіші бар. Құрылыс секторында да 11,7% деңгейінде серпінді өсу байқалады. Соның ішінде 16 өңір өсім көрсетті. Қарағанды облысы ең жоғарғы 50,8% өсімді көрсеткен.

Жыл басынан бері 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылға жоспар 15 млн шаршы метрді құрайды. 12 өңірде оң өсу байқалды. Алматы (20,9%-ке) және Жамбыл (20,6%-ке) облыстарында ең жоғары өсуді көрсетті.

Ауыл шаруашылығында өнім 2,5%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы бойынша 15 өңірде оң серпін байқалып отыр. Өңірлер бөлінісінде негізгі көрсеткіштер бойынша  6 өңір Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары жақсы нәтижелерге қол жеткізді.