Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Оралда рұқсат беру тәртібі күшейді

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыздың 31-і күні Батыс Қазақстан облысы аумағында күшіне енген күшейтілген карантин режімінде Орал қаласына кіріп-шығуды шектеу шараларына өзгеріс енгізілді. Бұл туралы қала әкімі Абат Шыныбеков хабарлады.

Оралда рұқсат беру тәртібі күшейді

«Батыс Қазақстан облысы жедел штабының шешімімен тұрғындарымызға толық ақпарат беретін, карантин кезінде орындалуы тиіс тәртіп пен нұқсаулықтар, тұрғындарымыз ең қажетті функцияларды жүзеге асыратын www.stopcovid.kz веб-сайты іске қосылды. Бұл бірыңғай жүйелі электронды база арқылы қызмет аясы шектелген кәсіпорындардың өтініштері тіркеліп, жұмыс істеуге рұқсат ала алады және қажетті мәліметтер базасы блок-бекеттерге беріледі. Бұл сайтты іске қосу арқылы біз көптеген кәсіпорындардың өз таныстары мен туыстарына анықтама алып беру сияқты заңсыздықтардың жолына тосқауыл қоя алдық. Күшейтілген карантин кезінде қалаға кіріп-шығуды шектеу шаралары тұрғындарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр» деді қала әкімі.

Stopcovid.kz сайтына 8 сәуірден бүгінгі күнге дейін 7 338 ұйым мен кәсіпорыннан сұраныс келіп түскен. Солардың ішінде 1732 өтініш мақұлданып, 1959 өтініштен бас тартылған. Бұл өтініштер салалық басқармалар арқылы жіті зерделеніп, қорытындылар берілуде.

Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Орал қаласы аумағындағы кіреберістерінде 9 блок-бекет орнатылған болатын. Қазір облыстың барлық аудандарынан блок-бекеттен өтуге рұқсат берілген 2114 тізім бар. Олар негізінен ауыл дүкендеріне азық-түлік таситын, басқа да күнделікті тіршілікті қамтамасыз ететін тұлғалар. Қала маңында тұратын тұрғындар да блок-бекеттен жұмыс орнынан берілген анықтамаға сәйкес өтеді.

Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясымен шекарада тұрғандықтан, транзиттік жүк көліктері де ағылып жатқаны белгілі. Олардың Орал қаласы аумағынан тоқтаусыз өтуін жол полициясы патрулін қадағалайды. Яғни қала аумағындағы 9 блок-бекеттің маңына 10-20 транзиттік жүк көлігін топтап жинап алып, колона тәртібімен жол полициясы патрулі алды-артынан жүріп отырып, келесі блок-бекеттен тоқтаусыз өткізіп жібереді. Олардың жергілікті тұрғындармен, басқа адамдармен қарым-қатынасы шектелген.

Сондай-ақ 8 сәуірден бастап Орал қаласындағы күшейтілген карантин режімінің тәртібін сақтау мақсатында тұрғындардың қала ішінде жеке көліктерімен сағат 21:00-ден 6:00-ге дейін қозғалысы шектелді.

Ал карантин кезінде қала тұрғындарына қала ішіндегі және сыртындағы саяжайларға сенбі және жексенбі күндері баруға рұқсат етілді. Орал қаласы аумағында 176 бау-бақша серіктестігі орналасқан, оның ішінде 20 мыңдай телім тұрақты пайдалануда. Бау-бақша серіктестігінде 5,8 мың отбасы, яғни 18 мың адам тұрақты тұрып жатыр. Олар өз отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажеттілігіне қарай рұқсат етілген сағаттарда күн сайын қозғалуға құқылы.

 

Батыс Қазақстан