Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Қызылорда: Ертең «Киік» акциясы басталады

729 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осы жылғы ақпан айындағы бірлескен бұйрығы негізінде  елімізде «Киік» акциясын өткізудің жоспары бекітілген.

Қызылорда: Ертең «Киік» акциясы басталады

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бүгін брифинг өткізіп, осы шара аясында атқарылатын жұмыстар жайын баян етті.

Біздің инспекция, аудандық, қалалық полиция бөлімдері, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер, «Охотзоопром» ӨБ» филиалы, аңшылық шаруашылығы өкілдерінен мобильдік топтар құрылып, киіктің миграциялық жолдарында қорғау шаралары күшейеді. Жедел топ қызметкерлері, автокөлік құралдарымен және тиісті жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – деді  облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов.

Қазақстан аумағында киіктің таралуы Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциясы деп бөлінеді. Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының аумағындағы киіктер Бетпақдала популяциясына жатады.   

Былтырғы жүргізілген санақ жұмыстары Бетпақдала популяциясы – 111 500, Орал популяциясы – 217 000, Үстірт популяциясы – 5900 болып, еліміздегі киік саны 334 400-ге жеткенін көрсетті. 2018 жылмен салыстырғанда 55 пайызға көбейген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес сол тұста саны күрт азайып кеткен киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған болатын. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2020 жылдың ақпан айында  2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығына өзгерістер енгізіп, ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, ел аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салды.

 Бірақ, киелі аңды қорғау күшейген сайын оған мылтық кезеуге құмарлар да азаяр емес. Осы жылдың қаңтар, наурыз айларында осындай 3 браконьерлік дерек анықталып, оларға қатысты полиция органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Жақында ғана «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жедел тобының инспекторлары осындай қаскөйлердің ізіне түсіп, қуғыннан қашып, аударылған көлік ішінен мүйізі кесілген 54 киік, 224 дана мүйіз, 25 оғы бар МР-153 маркалы аңшы мылтығы, дүрбі мен пышақ табылды. Қазір осы іске байланысты ҚР ҚК-нің 339-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

2019 жылдың қараша айында қолданыстағы заң талаптарына өзгерістер енгізіліп, заңсыз аңшылықпен немесе тасымалдаумен, сақтау, сату, сатып алумен айналысатындарға қатысты  баптар қатаңдатылды. Мемлекетке келтірілген залалды есептеу ережесі де өзгерді.

Мысалы, киік текесі үшін айыппұл 500 АЕК, яғни 6 млн 250 мың 500 теңгеге жетті. Ал, ешкісі мен лағын оққа байласаңыз  айып ретінде 350 АЕК немесе 4 млн 375 мың 350 теңге төлейсіз.

Сонымен қатар, сотты болған азаматтан қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, пайдаланылған көлік құралдары, қылмыс құралы болып табылатын мүліктер тәркіленетін болады.