Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: 100 мыңнан аса тұрғын әлеуметтік төлем алды

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәл қазіргі қиын-қыстау кезеңде әлеуметтің көкейіндегіні тап басу –  атқарушы биліктің әлеуетін де, абыройын да асыра түседі. Мәселен, қазір төтенше жағдайға байланысты жұмысынан қол үзіп немесе шаруасы тоқтап қалған, болмаса күнкөрісі қиыншылыққа ұшыраған жандар үшін 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік көмектің айналасында түрлі әңгіме өрбіп тұр.

Қарағанды облысы: 100 мыңнан аса тұрғын әлеуметтік төлем алды

Міне, осы мәселенің басын ашу үшін бүгін облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова Saryarqa aqparat алаңында тікелей эфирге шығып, тұрғындар тарапынан келген көптеген сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Қарағанды облысы бойынша барлығы 229 мыңнан астам адам төлем тағайындауға өтініш беріпті. Оның ішінде 89 мыңға жуық өтініш түрлі себептермен қабылданбаған. Бүгінгі күнге дейін 102 мың адам 42 500 теңгелік төлемді алып үлгерді. Айта кететін бір жайт, әлеуметтік бұл көмек тағайындалғанда төтенше жағдайға дейінгі жұмыс пен табыстың болуы және төтенше режим енгізілгеннен кейін олардың жоғалуы басты шарт ретінде қарастырылады.

– Басты мақсат – төтенше жағдай режиміне байланысты еңбекақысыз қалған адамдарға, мысалы кәсіпкерлік қызметті тоқтатуға немесе ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болғандарға көмек көрсету, – деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Шын мәнісінде, көмектің мұқтаж адамдарға көрсетілгені маңызды. Мысалы,  егер зейнеткерлер, мүгедектер немесе басқа да мемлекеттік жәрдемақы алушылар төтенше жағдай режиміне дейін ресми түрде еңбек етсе, ал қазір жұмыссыз қалған болса, онда оларға да 42 500 теңге төленеді.

Ескерте кететін бір жайт, 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алуға ниет білдірушілерге өтінішті 30 сәуірге дейін тапсырып үлгеру қажет.

Жоғарыда айтылғанға қоса атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, барлық топтағы мүгедектерге және мүмкіндігі шектеулі балаларды күтетін ата-аналарға азық-түлік-шаруашылық жиынтықтары тиесілі. Кейбір жағдайларда алушылардың есеп шоттарына осындай жиынтықтардың құнына тең сома аударылады. Қазіргі уақытта бұл төлемдерді облыс бойынша 16 мыңнан астам адам алды. Негізі, көмектің мұндай түрі 76 мыңнан астам адамға тиесілі.

Бұл жерде аталған санаттағы азаматтарға қабылдау алуға өтініш беру тіпті де қажет емес – тізімдер автоматты түрде жасалады.

Тікелей эфир барысында Әсем Жүніспекова биылғы жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алғандарға жәрдемақы алу үшін өзінің өтінішін ұзарту мақсатында қандай да бір органдарға жеке өтініш білдіріп, әуреге түсудің еш қажеті жоқтығын түсіндірді. Мұның бәрінің автоматты режимде жасалатынын атап өтті ол.

Ал атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінішті алғаш рет беруге тілек білдіргендер оны egov.kz электрондық үкімет сайтында жүзеге асыра алады.

 

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар