Бұл туралы сейсенбі күні түске қарай өткен онлайн-брифингте Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Қысқасы, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы екі бірдей аурухананы карантинге жабуға мәжбүр болды. Демек, соңғы тәулікте шаһардағы 147 медицина қызметкері, яғни Алматыдай үлкен қалада індет жұқтырғандардың тең жартысына дерлігі дәрігерлер болды деп айтуға негіз бар.
Мәселен, сейсенбі күнгі ресми деректерге сәйкес, тек жаңадан анықталған жағдай – 174. Олардың 58-і жергілікті науқаспен байланыста болған болса, оның ішінде Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері, Орталық қалалық клиникалық аурухананың 110 медицина қызметкері, Медициналық жедел жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №11 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №1 Қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар.
Бұрынғы №12 аурухана, яғни Орталық қалалық клиникалық аурухананың 1200-ге тарта қызметкері мен мыңдаған пациенті бар екенін ескерсек, әлі де коронавирустық инфекция жұқтырып алғандардың саны арта түсуі ғажап емес. Аталған ауруханадағы індет жұқтырған 110 дәрігерге келетін болсақ, оның ішінде дәрігерлермен бірге орта және кіші буын медициналық қызметкерлері де бар.
Осы арада оқырманға түсінікті болу үшін айта кету керек, 11 сәуірден бері қалада коронавирустық инфекция құрығына денсаулық саласының 37 өкілі іліксе, 13 сәуірде, яғни бір күнде 27 медицина қызметкері індетке шалдыққаны ресми мәлім болды. Оның 20-сы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері мен орта және кіші буындағы қызметкерлері болса, 7 адам Балалар жұқпалы ауруханасына қарайды. Сонымен дүйсенбі күні Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 20 медицина қызметкерін төсекке сұлатқан індет қайдан келді деген сұраққа Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың берген жауабы төмендегідей болды.
Наурыз айының соңында осы «№12 ауруханаға» МРТ-дан өтуге індет жұқтырған пациент келген. Ол осы бөлімшенің дәрігері және медбикесімен байланыста болған. Департамент басшысының айтуынша, коронавирустық инфекция жұқтыруға сақтық шараларын сақтамаған дәрігерлердің өздері де кінәлі көрінеді. Дегенмен, Орталық қалалық клиникалық аурухана ұжымының бұл мәселеде өз уәжі бар. Олардың Мемлекет басшысына жазған арыз-шағымдарына сенсек, індет осы аурухананы тексеруге келген СЭС қызметкерлерімен ілесіп келген. Қысқасы, дәл осы күндері жаппай індет жұқтырған медицина қызметкерлеріне қатысты эпидемиялық тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Алайда осы арада бірнеше мәселені алға тарта кеткен жөн. Осыдан екі апта бұрын Алматы қаласының ресми брифинг-чатында БАҚ өкілдері Орталық қалалық клиникалық ауруханасына байланысты бірнеше мәселе көтерген болатын. Оның бірі – коронавирустық сырқат белгілері бар науқастардың жедел жәрдеммен аталған ауруханаға апарылуы еді. Бірақ қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылары бұл сұрақтарға жауап беріп, мәселені анықтаудың орнына, журналистерге кері сұрақтар қоюмен ғана шектелді. Оның үстіне Алматының бас санитарлық дәрігерінің айналасынан да әңгімелер кетпей тұр. Мәселен, Еуропада Германия ең қауіпті елдер санатына жатқызылған кезде, сол елге барып қайтқан Молдағасымова 14 күндік карантинге оқшауланудың орнына, баспасөз мәслихатын өткізгенін бүкіл БАҚ өкілдері көрді.
Соңғы деректерге сенсек, сейсенбі күні полисегментарлы пневмониясына байланысты 2 медицина қызметкерінің жағдайы ауыр болды. Сондай-ақ Алматыда карантинге жабылған Орталық қалалық клиникалық ауруханасында коронавирус жұқтырған дәрігерлермен байланыста болған 316 адам оқшауланғаны туралы да Алматының бас санитарлық дәрігері мәлімдеді.
«Біз жақын байланыста болған 316 адамды оқшауладық. Мұның Алматыдағы ең үлкен клиника екенін ескеру керек. Мұнда 1 мыңнан аса қызметкер бар, екі бөлім бойынша 316 адам оқшауланды», деді бас санитар.
Қазір Алматыда коронавирус жұқтырған дәрігерлерге байланысты эпидемиялық тергеу жүріп жатыр.
АЛМАТЫ